Сөздік түзілді, сөз де түзеледі

0 37

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың идеясымен, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары, атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің белгілі тілші-ғалымдары, филология ғылымдарының докторлары Жантас Жақып, Тыныштық Ермекова, Орынай Жұбаева, Ботагөз Сүйерқұл, редактор-аудармашы Назгүл Қожабек, редактор-баспагер Арман Әлменбет пен жоба жетекшісі ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлының қатысуымен әзірленген бұқаралық ақпарат құралдарындағы қате қолданыстарды сөз еткен отыз баспа табақтан тұратын «Сөзтүзер – қате қолданыстар сөздігі» жарық көрді.

Бұқаралық ақпарат құралдарында сөздер мен сөз тіркес­терінің көп жағдайда дұрыс жазылмайтыны ащы да болса шындық. Оның басты себептерін тілдік нормалар сақталмай, өзге тілдерден аударудан туындаған калька атаулар мен стильдік қателерге жол берілуінен іздегеніміз жөн сияқты. Орфографиялық ережелерді ескермей, әрбір басылым өзінің өресі деңгейімен өзінше жазуы, түптеп келгенде, сөзбұзарға соқтырары сөзсіз.
Сөздік жасауды дер кезінде қолға алған білікті ғалымдар мен тіл жанашырларының бұқаралық ақпарат құралдарындағы қате қолданыстардың тізімін берумен шектелмегені ұтымды шешім болған. Сөздер мен сөз тіркестерінен нақты мысалдар келтіріп, олардың неліктен қате екенін негіздеп, дұрыс қолданысын көрсетуінің практикалық мәні зор екенін айтқымыз келеді. Бұл жағынан қарастырғанда, сөздік журналистердің ғана емес, көпшілік қауымның кәдесіне де жарайтынын айтуға болады.
Жазу мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыратын орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктер бар емес пе дейтіндер, ұсынылып отырған сөздіктің қажеттілігін білгісі келетіндердің болатыны рас. Осыған байланысты жоба авторы, ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлының уәжін келтіре кетсек, көптің көңіліндегі көп сұраққа жауап берілетін сияқты:
– Қазақ қоғамында ұзақ жылдар бойы екі тілдің, кейінгі жылдары үш тілдің қатар қолданылуына, көптілді білім берудің өріс алуына байланысты қазақ тілінің дыбыстық, лексикалық, синтаксистік жүйесіне кең тараған өзге тілдердің ықпалы өте күшті болып отыр. Сол себепті қазақтың төл дыбыстарын дұрыс айтпау, ұлт тіліндегі сөздердің мағынасын айқын ажырата алмау, басқа тілдердің сөздерін орынсыз қолдану, аудармаға негізделген ұтымды жасалмаған калька тіркестер туғызу, сөздердің орын тәртібін сақтамау, сөйлем құрылымын бұзып, өзге тілдің қалыбына салу деректері көбейіп кетті. Аталған қате түрлері әсіресе БАҚ, әлеуметтік желі арқылы кең таралып, оларды қолдану қалыпты құбылысқа айналып барады. Сол себепті сөз мәде­ниетінің төмендеуіне жол бермей, тіл тазалығын сақтау үшін тілдегі қате қолданыстарды жиып-теріп, олардың тілдік нормаға сәйкес дұрыс нұсқасын көрсету қажеттілігі туындап отыр, – деп ғалым өз сөзін түйіндейді.
Өте орынды сөз екені дау тудырмасы анық. Мақсат – дұрыс сөйлеп, сауатты жазу. Межелі мақсатқа жету жолы сөздік түзумен шектелмесі белгілі. Ол үшін қазақ тілін тұғырына қондырайық, мемлекеттік тіліміздің дәрежесін арттырайық деген ниеттегі баршамыздың атсалысуымыз қажет. Тіл үйреніп жүрген қандастарымыздың қате қолданыстарын бетіне баспай, дұрысын айтсақ, туған тілді меңгеру ниеті, ықыласы арта түсері анық. Жанымыз­дағы жора-жолдастарымыздың дұрыс сөйлеуіне жәрдемдесу де, ұсақ-түйек болып көрінгенмен, тіл мәдениетіне қосылған үлес болатынын аңғара бермейміз.
Шынында, теле-радио хабарларындағы сөйлеу тілінде кездесетін кемшіліктер туралы айтып та, жазып та жүрміз. Содан шығып жатқан нәтиже қай дәрежеде, мәселенің мәні осында. Өміріміздің жаршысы телеарналар мен радиолардан әрбір он минут сайын қайталанатын жарнамаларды көріп, тыңдағанда жағаңды ұстайсың. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң, әлеуметтік желідегі желікпе жарнамалар, табан астында ба­йып кету жолдарын көрсетемін дегендердің, қазақ-орыс сөздерін араластырып көсемсінген ток-шоу жүргізушілерінің сөз саптауынан жүрегің айниды.
Жастарымыздың жазу мәселесі өз алдына, сөйлеу мәдениеті төмендеп бара жатқаны қынжылтады. Сондықтан тілші-ғалымдарды, журналистерді қатыстыра отырып, туындап отырған мәселе бойынша теле-радио дебаттарын ұйымдастыру керек. Тіпті шартты түрде «Сөзтүзер» айдарымен топтамалық көрсетілімдер әзірленсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін үйлестіріп отырған құзырлы органның жанынан «Сөзтүзер» сөздігін жасаған мамандар бастаған, білікті тілші-ғалымдар мен БАҚ-тың көрнекті өкілдері кіретін қоғамдық сарапшылар тобын құруды ұсынар едік. Оның құзырына газет-журналдардағы, телеарналардағы қате қолданыстарды талқылап, оларды қайталамау керектігіне назар аударып, керек болса жиі қателік жіберетіндердің аккредитация куәліктерінің күшін уақытша тоқтата тұру тетіктерін қарастыру құқықтары берілсе, жауапкершіліктері артар ма еді деген ойымыз бар. Сарапшы топқа бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін дұрыс сөйлеп, сауатты жазу нұсқаулығын әзірлеп және оның іске асуын қадағалап отыру тапсырылса, нақты нәтижелерге қол жеткізуге болатынын айтқымыз келеді. Қате қолданыстарды дер кезінде түзетіп, олардың дұрыс жазылуын көрсетіп отыратын бір қоғамдық ұйымның қажеттілігі сезіліп отыр.
Қазақстан Президенті ­Қасым- Жомарт Тоқаев сөздіктің алғы сөзінде: «Медиа саласы қызметкерлерінің сөз өнерін жетік меңгеруі аса маңызды. Тіл тазалығын сақтау ісінде бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқарады» деп атап көрсетуі үлкен жауапкершілік жүктейді.
Тіл мәдениетінің басты өлшемдерінің бірі – тіл тазалығына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бұл мақсатта тіл тазалығын сақтап, дұрыс сөйлеп, сауатты жазуда ұсынылып отырған сөздіктің көмегі зор екендігіне сенімдіміз. Ендеше ақпарат құралдарында кездесетін сөздер мен сөз тіркестерінің қате қолданылуына жол бермеу жағын жақсылап ойланғанымыз жөн.

Кәрімбек ­ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Ұлттық ғылым ­академиясының академигі,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × three =