СӨЗ ИЕСІН ТАНЫТАДЫ

0 154

кибер

ХХІ ғасыр. Психологтар не дейді?

 «ХХІ ғасырдың дерті – пси­хологиялық дерт» дейді мамандар. Бұл – өткен ғасырда инфекциялық аурулармен арпалысқан адамзат ендігі кезекте психологиялық ауру­лардың емін іздеп әлек болады деген сөз.

Мұның себептерінің бірін психолог Лимана Қойшиева былай түсіндіреді:

«ХХІ ғасыр «психологиялық дерт ғасыры» делінеді. Өйткені, бұл ғасырда жалғыздық ұғы­мы алға шығады. Ойлап қара­ңыз, бүгінде техниканың кү­ші­мен барлық жұмысты бір жер­де отырып-ақ атқара беру­ге болады. Мысалы: видео қоңы­­рау, скайп,  түрлі әлеу­меттік желілер арқылы шалғай­дағы адаммен қарымқа­ты­нас жасап, шаруаны лез­де бітіре салуға мүмкіндік бар. Мұндайда кәдімгі адами, жанды қарымқатынастың ор­нын тех­­­но­­логиялық тәсіл ал­мас­ты­ра­­ды. Осылай біз бір-біріміз­ден оқ­шауланып бара жат­қаны­мызды байқамай қаламыз».

Психологтың айтуынша, бұл замандағы психологиялық өзгеріс­тердің екінші кілтипаны – ақпаратқа тәуелділікте.

«Телеарналардан әлемде бо­лып жатқан жаңалықтарды, ай­­нала­мыздағы уақиғаларды қа­­­­­­­­­да­ғалап отыру әдетке ай­на­­­лып, кейін он­сыз тұра ал­май­­тын жағдайға жеттік. Алай­­­да, жаңалық деп жа­рия­ланатын дүниенің бәрі бір­дей көпке ортақ мәселелер емес. Байлығымен, өнерімен не­ме­се пысықтығымен аты шық­қан­дардың мысық-тышқанына дейін қамтып хабарлап отыру   бү­гінгі күні таңсық емес. Сол секілді, фейсбук, вконтакте, инста­грам ар­қылы ішкен-жегені мен жүріп-тұрғанының бәрін жа­рия­лап отыру сәнге айналып үлгерді. Ра­сында, жеке өмірдегі уақ-түйек әңгіменің бәрі қоғам­дық ақпарат ретінде тарала бас­тады. Оған, әрине, мүдделі топтар да болады. Ал осының бәрін естіп, көріп, жаңалық, мәлімет ретінде қабылдау, яғни, ақпараттың көптігі адамды ой шашыраңқылығына, уақытын нақтылай алмайтын жағдайға әкеп соқтырады»   дейді Лимана Қойшиева.

Психологтың айтуынша, адам­ның шектен тыс ақпаратпен қа­ру­­­лануы өзіне оңай соқпауы ық­ти­мал. Өйткені, шамадан тыс м­әлі­метке көмкерілген адам сана­сы күйзеліске түседі. Кәдімгі ком­пьютердің немесе басқа да кез кел­ген электронды құралдардың сыйымдылық қабілеті секілді, адам­ның жады, яғни есте сақ­тауы да белгілі бір мөлшерді қамтитынын, оны да сақтау қажеттігін ұмыт­паған абзал.

Хош.

Ендеше қайтпек керек? ХХІ ғасыр ақпараттық технология ға­сыры екені де даусыз. Ал осын­дайда айналада болып жатқан оқиғалардан, заман өзгерісінен, қоғам дамуынан адам баласы тыс­қары қала ала ма? «Өзімді сақтайын» деп, ақпараттарға зер салмай, оқшау қалу мүмкін бе? Көрмей, оқымай, тыңдамай жүруге кім көндіге алады?..

Күн сайын 174 газет оқып жүр екенбіз!

 Әуелгі сөзді 2011 жылы Амери­када жарық көретін «Science» журналында басылған мына бір деректермен бастайық.

Расында, ақпарат тасқыны уақыт өткен сайын арта түсуде. Осы мәселеге құмары ауған Оңтүстік Калифорния университетінің док­торы Мартин Гильберт арнайы жоба жасап, команда құрып, жер бетінде, адамзат қоғамында мәлі­меттер ауқымы қаншалықты артып отырғанын зерттеуді қолға алған екен. Өз жобасымен ғалым 1986-2007 жылдар аралығын қам­тыған. Қыруар күш жұмсап, белсене жұмыс істеп, тапқандағы нәтижесі таң қалдырарлық.

«1986 жылы әр адам күн сайын 40 газетке сыятындай ақпарат алатын болған, – дейді Мартин Гильберт өзінің қорытындысын жасағанда. – Ол уақыт өткен сайын баяу ғана өсу үстінде еді. 2007 жылға қарай ақпараттар ауқымы тіптен арта түсті. Ал бүгінде әр адам күн сайын 174 газетке сыяр ақпарат алып жүр».

Бұдан аңғарылатыны, осыдан отыз жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда орта есеппен адам баласы күн сайын 4,5-5 есе көп мағлұмат алады екен.

2011 жылы жарияланған зерттеу қорытындысында калифорниялық ғалым бүгінгі күні адамзат баласы қаруланған ақпараттар мөлшері 295 эксабайтқа жеткенін мәлімдепті. Бұл цифрға қарап, жазылған қағаз беттерін елестетіп көрейікші. Алайда, ол мүмкін емес. Неге десеңіз, 1 эксабайт 1000 петабайтқа, ал 1 петабайт 1000 терабайтқа, 1 терабайттың өзі 1000 гигабайтқа тең делінеді…

Сонымен: «Орта есеппен алғанда, 100 жыл бұрын адам бүкіл өмірінде 50 кітаптан оқи алатын, – дейді Мартин Гильберт. – Бірақ қазір «елу кітап оқыдым» деген күлкілі естіледі. Өйткені, ақпараттың көптігі сонша, бүгінгі күні әр үйде кітапқа салса 600 мың баспа боларлық ақпарат бар. Адамның миының да пластикалық қабілеті арта түскен секілді, қанша көп болса да, ақпаратты еркін қабылдай алады. Қабылдап қана қоймайды, алған мәліметтерін қорытуға да шамасы жетеді».

Адам – шексіз қабілет иесі емес

 Ғалымдар адам баласының күніне сан мың ақпарат алып, оны қорытуға мүмкіндігі бар дегенімен психологтар келісе бермейді. Бұл саладағы мамандардың айтуынша, шексіз ақпарат алып, оны қорыту қабілеті асқан дарын иелеріне ғана тән.

Осы тұста Ресейдің әлеумет­та­нушы­ларының зерттеуі нәти­же­сінде болжалданған мына мә­­­лі­­меттерге назар аударалық. «ХХІ ғасырда адамдардың 99 пайызы мобильді телефон ұстап, 90 пайызы техника қолданады» дейді зерттеушілер. Демек, өткен замандардағыдай айдалада оңаша отау құрып, үйір-үйір малының басында жатқан қойшыларға дейін жата жастанып кітап оқы­маса да, көпшілік қоғамдық ақ­параттардан мақұрым қалмайды. Қалай деген­мен де, адам бала­сының күнделікті мағлұмат алып отыру шамасы ұлғая береді. Ал осындайда ой-сана күйзелісіне ұшырамай, есте сақтау қабілетін айнытпай, тың қалыпта тұру мақсаткерлікті қажет етеді.

Ол үшін…

«Психологияда «якорь» де­ген ұғым бар. Бұл адамның сырт­тағы мағлұматты қабылдауын білді­ре­ді. Әркімде өзіндік якорь қалыптасады. Мұндағы якорь – қарапайым тілмен айтқанда сүзгі, ілмек. Яғни, адам өзі алып, танысып отырған ақпараттарды сүзгіден өткізіп отыруы қажет. Керегін алып, керек емесін есінен шығарып тастауға тырысуы қа­жет. Кәдімгі компьютердің жа­дын тазалағандай, ой-сана­ны да та­зар­­тып, қажетсіз, пай­дасыз нәр­селерден өзімізді арыл­туымыз керек. Сонда ғана әлемдегі ұшықиыры жоқ мә­ліметтер санамызға салмақ бол­майды»  дейді психолог.

Адаспаудың жолы қайсы?

 Адамның жадын ақ қағазға те­ңе­сек, әлбетте оның немен толтыры­латыны, қалай шимайланып, қан­дай түстерге боялатыны қалам иесіне, яғни адамның өзіне бай­ла­нысты. Осы орайда, ғалымдар кісі жады белгілі бір жастарда өте қабылдағыш келетінін айтады. Иә, адамның есте сақтау қабілеті белгілі бір уақыт аралығында жүйрік болады. Бес жасқа дейінгі бала бүкіл болмысымен айналадағы жайттарды қабылдауы оның адам­дық болмысының іргетасы іс­петті болса, одан кейінгісі үйдің қабырғасы секілді. Бұл қабырға, яғни саналы адам жады 8 бен 10, содан кейін 11 мен 13 жас ара­лығында толысады дейді ғалымдар. 13 жастан соң есте сақтау қабілеті бірқалыпты жағдайға түсіп, 16 жастан бастап қайтадан күшейеді екен. Ал адамның есте сақтау қабілетінің артып, ең шарықтау шегіне жетер шағы 20-25 жас аралығы делінеді.

Расында да, алынған ақпарат адамның қоржынына түскен керек тас сынды. Алайда, тастың бәрі гауһар емес. Керісінше, қоржынды шірітіп, ауырлатып, адамның өзін тоздыратыны да болады екен. Психологтың «санаға салмақ салмау үшін ақпаратты сүзгіден өткізіп, қажетін ғана сіңіріп алуға тырысу керек» дейтіні де сондықтан.

Ал «адамның есті не ессіз екенін не нәрсеге қызыққанына қарап білуге болады» дейтін Абай атамыздың сөзіне сүйенсек, біздің қандай ақпараттарды қажет деп тауып, нені оқып, қандай әңгіме айтып, нені көретініміз де біздің кім екенімізді білдіретіні даусыз.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 1 =