СOVID-19: Ендігі үміт – екпеде

0 32

Әлемнің 216 елін әлекке салған COVID-19 індетінің ойраны оңай болмай тұр. Атап айтқанда, жаһанды жалмаған вирусты 18 миллионнан астам адам жұқтырып, 690 мың адам бақилық болды. 11 миллионнан астамы сауығып шықты. Дендеген дерттің әзірге беті қайтар түрі жоқ. Кейбір елдер екінші толқынына дайындалып жатыр. Ал ДДҰ мамандары болса адамзат аты жаман аурумен кемінде әлі екі жыл күреседі деп отыр. Осы жағдайға байланысты жаһан жұртшылығы дертке қарсы екпенің ертерек дайындалуын төрт көзбен күтіп отыр.ДДҰ хаттамасын негізге ала отырып, әр ел өз жағдайына қарай аты жаман індетті емдегенмен, бүгінге дейін кеселді пышақпен кескендей сауықтыратын емі әлі табылған жоқ. Сосын да дамыған елдер эпидемияға қарсы вакцина іздеп жанталасып жатыр. Кейбір елдер COVID-19 вирусына қарсы екпенің ондаған түрін дайындап, алдын адамға салып, клиникалық зерттеу сынағын бастап та кетті. Алайда мамандар тиімді және қауіпсіз екпе жасап шығару ұзаққа созылатын процесс, COVID екпесінің дайын болуына да бір жыл уақыт кетуі мүмкін деп отыр.
COVID-19 вирусына қарсы вакцина 2021 жылдың бірінші тоқсанынан кейін дайын болатыны жайлы ДДҰ бағдарламасының директоры Майкл Райан мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда вакцина жасауға 70-тен астам ел атсалысуда. Олардың арасында АҚШ, Ресей, Жапония, Италия, Израиль, Ұлыбритания, Канада, Германия және Қытай сынды бірқатар елдердің ғалымдары белсенді жұмыс атқарып келеді. Қазақстанда да екпе жасау жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

АҚШ-та вирусқа қарсы үшінші сынақ өтті

Індет жұқтырғандардың саны жағынан көш бастап тұрған АҚШ екпені зерттеп, жасау жағынан да алда келеді. Атап айтқанда, Құрама Штаттарда өндірілген COVID-19 дертіне қарсы вакцина клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өте бастады. Бұл туралы АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс хабарлады. Майами университеті ұйымдастырған зерттеу жұмыстарына шамамен 30 мың ерікті қатысқан. Бұл – әлем бойынша ең ауқымды зерттеу. Шараның ерекшелігі – еріктілерге екпе ғана емес, сонымен қатар плацебо да егілетін болады. Ғалымдардың айтуынша, зерттеудің алғашқы нәтижелері бірнеше айдан соң белгілі болмақ. Ал жобаның жалпы құны шамамен 900 миллион долларға бағаланып отыр.
Өткен аптада Ақ үй басшысы Дональд Трамп та коронавирусқа қарсы екі вакцинаны соңғы клиникалық сынақтан өткізуді бастағанын айтып, АҚШ ғалымдарының екпе жасау жолында күнді түнге жалғап жұмыс істеп жатқанын мақтаныш­пен атап өтті.
Жалпы, АҚШ-та 20-ға жуық вакцина дайындалған еді. Алайда зерттеу барысында тағы да сұрыпталып, 6 екпе клиникалық сынақ басқышына өтті. Жоғарыда аталған екі екпеден бөлек, тағы 4 вакцина да соңғы сынақ кезеңіне жақындады.

Ресей де АҚШ-пен қатар келеді

Ресей – коронавирусқа қарсы вакцинаны алғашқы болып сынақтан өткізген елдердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы «болашағы бар препараттар» тізіміне 9 ресейлік вакцинаны енгізген. Маусым айында Мәскеуде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның екі формасы сынақтан өткізіле бастады. Оны Гамалея атындағы эпидемиология және микробиологияны зерттеуге арналған ұлттық орталық жасап шығарған. «РБК» мәліметінше, елдің Денсаулық сақтау министрлігі Бурденко атындағы әскери госпитальда тышқандарға сынауға арналған сұйық вакцина, ал Сеченов атындағы университетте ұнтақ түріндегі вакцинаны сынақтан өткізген. Ал 18 маусымда коронавирусқа қарсы вакцинаны тестілеуден өткізуге алғашқы 18 адам қатысқан. Олар екі топқа бөлініп, тәжірибеге қатысушыларға екі түрлі компоненттегі вакцина салынған.
Екінші рет сынақтан өтіп жатқан препараттың нәтижесіне қарағанда, тәжірибеге қатысқан еріктілердің ағзасында вирусқа қарсы антидене көрсеткіші жоғары екені анықталған. Егер де COVID-19 вирусына қарсы бұл препарат келесі кезеңдерде де оң нәтиже көрсететін болса, вакцина қаңтар айында мол мөлшерде өндіріске шығарылуы мүмкін.
Өткен айдың соңында Ресей Денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко Ресейде індетке қарсы маусым айында клиникалық сынақтар басталғанын, шілденің аяғына дейін алғашқы препараттар пайда болуы мүмкін деп хабарласа, Гамалея атындағы эпидемиологиялық және микробиологиялық ұлттық зерттеу орталығының өкілдері шілденің басында «Ресейде коронавирусқа қарсы вакцина тамыз айында шығуы мүмкін» деп мәлімдеп отыр.

Қытай да қатардан қалар емес

Дауасы жоқ дерттің дер кезінде алдын алмай, бүкіл әлемді әлекке салған Қытай да екпе жасау ісінде ешкімнің артында қалғысы келмейтін сыңайлы. АҚШ алғашқы вакцинаны сынақтан өткізуді бастағанда, бұл ел де 2 вакцинаның сынақтан өтіп жатқанын мәлімдеген еді. Соның бірі – Қытайдың әскери-медициналық академиясы жасаған жаңа дәрі. The Lancet журналына жарияланған зерттеу қорытындысы бойынша бұл дәрі екінші клиникалық сынақ кезінде өзінің қауіпсіз екенін және COVID-19-ға тойтарыс бере алатынын көрсеткен. Бұған қоса, адам ағзасында антиденелердің пайда болуына септігін тигізеді екен. Енді сынақ жұмыстарының үшінші кезеңін шетелде өткізу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Еліміз де екпе жасап жатыр

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты вакцинаны дайындауға наурыз айының ортасынан бастап кіріскен еді. Қауіпті инфекциялармен жұмыс істеу үшін 13 биологиялық қауіпсіздік зертханасында жұмыс істейтін еліміздің жетекші вирусолог-ғалымдарын біріктірген ұйым өте қысқа уақыт ішінде жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесінде 9 мамырда алғашқы вакцинаны шығарды. 15 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны өз сайтында клиникаға дейінгі сынақтарға арналған кандидаттық вакцина ретінде тіркеді.
ДДҰ-ға тіркелген күні зертханалық жануарларға (тышқан, егеуқұйрық, қоян) вакцинаның клиникаға дейінгі сынақтары басталды. Бүгінгі таңда сынақ нәтижелері ДДҰ регламенттеген барлық параметрлер бойынша, атап айтқанда, уыттылық, пирогендік, аллергендік, иммуногендік, вакцина ДДҰ мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік фармакопея талаптарына сәйкес келетінін көрсетеді. Сонымен қатар БҚПҒЗИ вакцинаны антиденелер титрі жоғары иммуногендікті көрсеткен приматтарда да сынақтан өткізіп жатыр.
Клиникаға дейінгі зерттеулер аяқталғаннан кейін көп ұзамай вакцинаның клиникалық сынақтары басталады. Сондай-ақ БҚПҒЗИ әртүрлі платформаларда тағы үш вакцинаны: СOVID-19-ға қарсы қосалқы, векторлық және тірі кандидаттық вакциналарды дайындап жатыр.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =