«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сотқа шағымданғандар саны азая ма?

Татуласу институты

0 228

Жуырда елімізде екі миллиондай адамның соттың әуресімен жүргені айтылды. Қоғамда азаматтық істер соңғы бес жылда екі есеге көбейіп кеткені сонша, жүктемесі төрт есеге артқан судьялар қағаздың астына көмілді. Бұл мәселені шешу үшін Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов татуласу институттарының жұмысын жандандыру қажеттігіне елдің назарын аудартуда.

Бітімге келмей, дау бітпес

«Қайдан келесің? Соттан келемін»… Бірі меншігін, бірі қарызын, енді бірі ең­­­бек­ақысын даулап жүр. Сот төрағасының өзі соңғы кездері бір-бірін сотқа сүйрейтіндердің саны артқанын мәлімдеді. Бірдеңе болса, «сотқа бермейсің бе?» деп ақыл айтып, су бүркейтіндер де баршылық. Кезінде шалдардың да соттасқанына куә болдық. Бір қарияның «Алаяқ қулар ауылда бар…» деген өлеңінен өздерін таныған кейбір үлкен кісілер «ар-намысымызға нұқсан келтірді» деп сотқа жүгініп, қариядан 30 мың теңгеден моральдық шығын өндіріп алған болатын. Қазір әлеуметтік желілерде де бір-біріне ауыр сөз айтып қойып, артынша соттасып жатқандардың да қатары молайды. Тіпті үйдегі дау сыртқа шығып кетті. Ата-­анасымен, бауырымен, көршісімен соттасып жүргендер қаншама. Бұл елімізде татуласу институтының тұралап кеткенін, ақыл айтып, тоқтау салатын ақсақалдардың жоқтығын, сөзге тоқтамайтын жұрттың көптігін көрсетеді.
Жоғарғы сот төрағасының «Табиғатынан сабыр­лы, жанжалды жақтырмайтын халқымыз дауға құмар болып кеткені ме? Басымыз піспей қалса, дереу сотқа жүгіреміз. Қит етсек сол. Екі арадағы дау­ды сот аренаға шығарып, айқай-шумен шешкіміз келеді. Бітімге келу, татуласу, келісу мәдениетіміз қайда жоғалып кетті?» деп мәлімдеуі өте орынды. Сондықтан өзі бастама көтеріп, қолға алып отырған Татуласу орталықтарының мақсаты – тараптарды бітімге келтіру. Оның айтуынша, жұрттың «сотта ағам бар, көкем бар» деп қорқытуы – әділдік емес, оппоненттен өш алу, абыройын айрандай төгу.
«Рухани жаңғырудың негізгі бір шарты – осы. Дауды тек сот шешеді деген көзқарас бізде қатып қалған. Кейде басында ашуға беріліп, сотқа жүгініп, кейін басылып, «қатты кеткен жоқпын ба, алдыма келсе, шешу жолын іздер едім ғой» деп жатамыз. Соттар осындай бейбіт жолды көрсететін, ұрыс-керіссіз, бір-бірін тыңдап, бір мәмілеге келуіне жағдай жасайтын алтын көпір болуы тиіс. Сот, әкімдер, Ассамблея, партиялар болып осыны қолға алсақ» деген болатын Жақып Асанов. Айта кетейік, өңірлерде алғаш болып осы бастаманы іске асыруға Қызылорда облысы кіріскен. Алдағы уақытта Татуласу орталықтарын еліміздің облыс орталықтарында, Семей мен Жезқазғанда ашу жоспарлануда. Сарапшылардың пікірінше, мұндай орталықтар қоғамдағы дауларды шешуге барынша күш салады.

Түрмеде түгел түзелмейді

Елімізде қабылданған жаңа кодексте кісі өлімімен байланысты емес, орта дәрежеде қылмыс жасағандар жәбірленуші тараппен ортақ келісімге келіп, татуласса, жауапкершіліктен босатылады. Сотталған күннің өзінде тағайындалған жазаның белгілі бір бөлігін өтеген сотталушыны мерзімінен бұрын шартты түрдегі жазаға босатудан негізсіз бас тарту деректері кездеседі. Сонда түрмеге түссе, олардың көбінің түзеліп кететініне сеніп тұрғандай. Мәселен, судьялар осындай жеті мың сотталушының өтінішін қанағаттан­­дырмай тастаған екен. Әйтпесе, заң аясында келіп тұрған дүние­нің қисынын табуға болмай ма?!
Түрме демекші, бүгінде еліміздегі түзеу мекемелерінің де сиқы жетісіп тұрған жоқ. Дәл қазіргі уақытта шамамен 35 мыңнан астам сотталушы отырған 69 түзеу мекемесі мен 17 тергеу изоляторының көбі өткен ғасырдың сонау 30-жылдары тұрғызылған. Тіпті іргесі 18-19 ғасырларда қаланғандары да бар екен. «Халықаралық түрме реформасы» халықаралық қоғамдық ұйымының өңірлік директоры Азамат Шамбиловтың пікірінше, мұндай мекемелер халықаралық талаптарға мүлдем сай келмейді. Ал Қылмыстық атқару жү­йесі комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, белгілі нормаларға сәйкес келмеген Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыс­тау облыстарындағы және Ақтөбе мен Атырау қаласындағы түзеу мекемелері жабылған. Қызылорда мен Алматы қаласында жаңадан түрме соғылғанымен, ондағы адамдарға деген қатынас, көзқарас сол баяғы ескі жүйеден арылмаған деседі.
«Түрмелердің көбі кеңес өкіметі кезіндегі ГУЛАГ үлгісінде салынғандықтан, санитарлық талаптар бұзылады. Ақ қабырғаның төменгі жағындағы майлы көк түсті бояудың өзі кеңестік лагерьлердегі жүйені елес­тетеді. Сотталған ­50-60 адам топырлап бір барақта тұрғанмен бірдей. Біздің заңнама бо­йынша әрбір сотталушының кемі 2,5 шаршы метрде тұру құқы бар. Ал халық­аралық талаптарда бұдан көптеу қарастырылған» дейді «Халықаралық түрме реформасы» халықаралық қоғамдық ұйымының өңірлік директоры Азамат Шамбилов.
Онда неге азаматтарды түрмеге тоғытуға құмармыз? Ақтау үкімдері неге жоқтың қасы? Таяқтың екі ұшы бар демекші, сотталған азаматтар бос­­тандыққа шыққанда қалыпты өмір сүру үшін алдымен абақтыда оларға қажетті жағдайларды жасау қажет емес пе?
Бұл ретте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің саладағы жазаны ізгілендіру жолында жасап жатқан жұмыстары көңілге қонымды. «Егер азамат кінәсін мойындап тұрса, неге біз оны тергеу абақтысына қамап, елімізде түрмеде отырғандардың санын ұлғайтуымыз керек? Биылдан бастап Қазақстанда сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталғандар қамалмайды. Оларға қатыс­ты, негізінен, қамаумен байланыссыз бұлтартпау шаралары қолданылады» деген ҚР Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Хәкім Құшқалиев абақтыдағы бір адамды асырауға жылына мемлекет тарапынан бір миллион теңгедей ақша жұмсалатынын да айтқан болатын.
Осылайша, Ұлттық бюро бас болып іс-қимыл сипатын өзгертуге көшті. Қылмыстық іс бойынша ерекше мән-жайларды анықтауда шаралар қолданылады, бірақ бас бостандығынан айыру емес.
Десек те, мақсат – жалғыз. Татуласу орталықтары арқылы дауларды сотқа дейін жеткізбеу, жеткен күннің өзінде сотта шешу басты мәселе болып отыр. Бізге де керегі сол – қай кезде де сөзге тоқтаған халықтың бір-бірімен соттаспай, арыздаспай, татуласып кеткені маңызды.

Маман мінбері

Жамаладен ИБРАГИМОВ, заң ғылымдарының докторы, профессор:

ШЕТЕЛДЕ ДАУЛАР ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?

Қазақ қоғамы сөз құдіретін жоғары бағалаған. Дауласқан даугерлерді, жауласқан ішкі жауларды бір ауыз сөзбен тоқтатқаны тарихтан белгілі.
Бұл ретте Мемлекет басшысының түрмелердегі адамдардың санын азайту мақсатында бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалар мен шаралардың балама түрлерін, сондай-ақ, медиация институтын дамытып, сол арқылы аса ауыр емес экономикалық қылмыстарда шығын өз еркімен өтелген болса, бітімге келу процедураларын қолдануды заң жүзінде кеңейту қажеттігін тапсырғаны өзекті болып отыр.
Татуласу орталықтарының көздегені де осы. Шетел тәжірибесіне сүйенсек, осыған ұқсас қыз­мет АҚШ, Австралия, Англияда бастау алып, кейін дүйім Еуропада қолданысқа енгізілді. Қазір АҚШ-тың сот тәжірибесінде жанжалдасушы тараптар арасындағы дауларды ерікті түрде сотқа дейін шешу үрдісі жолға қойылған. Тіпті судьяның даулы мәселені қарау барысында, дауласушы тараптармен ақылдаса отырып, келісімге қол жеткізу мақсатында медиаторларға жүгінуіне мүмкіндік беру үрдісі қалыптас­ты. Мысалы, АҚШ-та сотқа дейін тараптар дауының 95 пайызы бітімге келу арқылы оң шешімін тауып жатса, аталған көрсеткіш Англияда – 87 пайыз, Словакияда 37 пайызды құрайды екен. Медиация тәжірибелері Қытай, Германия, Венгрия, Корея мемлекеттерінде де қолданылуда. Неміс мектептерінде медиация курсы енгізіліп, оқытылуда. Дүние­жүзілік статистикалық мәліметтер бойынша даулы мәселелердің 30-40 пайызы осы медиация арқылы өтіп, 85-90 пайызының оң шешім табатыны анықталған. Кеңестік дәуірдің өзінде қылмыстық істер бойынша Литва мен Молдова елдерінде медиация тәртібін қолдану жолға қойылып, жақсы нәтиже беріп, мемлекет миллиондаған қаржы үнемдеген екен.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды