Сотқа шағым түсіруге құқылысыз

Заңгер кеңесі

0 11

– Нұр-Сұлтан қаласындағы жеке сот орындаушысы менің «Халық банкіндегі» шотымды пайдалануға тыйым салу туралы шешім шығарды (яғни шотыңыз «тұтқындалды» деді). Бұл шот о баста алимент үшін ашылған болатын. Менің білгім келгені – банк неге бұған жол берді? Енді ол шотты «тұтқыннан» босату үшін не істеуім керек? Және осы алимент шотынан ақша да алынған. Оны маған кім қайтарады? Бұл әрекет заңсыз емес пе?

Айгүл МАРАТҚЫЗЫ, елорда тұрғыны

Оқырмандар сауалдарына «Elorda Aqparat» ЖШС заңгері Әсет Қайырхан жауап береді.

1. 2016 жылғы 26 шілдедегі №11-VI «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңның 27-бабы 10-тармағының 7-тармақшасына сәйкес, клиент­тердің алименттерді есептеуге арналған банктік шоттардағы ақшасын өндіріп алуға жол берілмейді. Ақша сомасын бұлай тәркілеу мәжбүрлеу рәсімдерінің бір бөлігі екенін ескере отырып, бұл әрекеттің заңсыз болып табылатынын ескертеміз.
2. Жеке сот орындаушысының іс-әрекеттері үшін қаржылық тұрғыдан кім жауап береді? Жеке сот орындаушысының заңсыз әрекеттері үшін «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі №261-IV заңының 163-1-бабына сәйкес, жеке сот орындаушыларының аймақтық палатасы емес, жеке сот орындаушысы жауап береді.
3. «Жеке сот орындаушысының үстінен аппеляциялық процесс қалай ұйымдастырылады?» деген сұрағыңызға келсек, сот орындаушысының іс-әрекеттеріне Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы №377-V Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі – Азаматтық іс жүргізу кодексі) 250-бабына сәйкес шағым түсірілуі мүмкін.
Сот орындаушысының іс-әрекеттеріне шағым түсіру үшін:
1) Шағым түсірудің процедуралық мерзімі өтіп кетпеген болу керек. Азаматтық іс жүргізу кодексінің 250-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сізде іс-қимыл жасалған күннен бастап он жұмыс күні бар. Шағым беруге болатын мерзім сіз шағым жасаған әрекеттен кейін келесі күні басталатынына назар аударыңыз.
2) Шағымды қай сот қарайды деген мәселе бар. Шағым, егер сот орындаушысы мемлекеттік болса, қалалық (аудандық) сотқа, атқарушылық әрекеттерді орындау орны бойынша немесе жеке сот орындаушысын тіркеу орны бойынша сотқа жіберіледі.
3) Шағым түсірілген кезде сіздің құқықтарыңыз бұзылған істің нақты мән-жайлары, сонымен бірге мерзімі мен мән-жайлары көрсетілуі қажет. Шағым соңында соттан нені қалайтындығыңызды (сот орындаушысының нақты шешімінің күшін жою немесе сот орындаушысын қандай да бір әрекет жасауға міндеттеу) нақты көрсетуіңіз керек.
4) Сіз шағымды сотқа жіберуге құқылысыз. Шағымды қағаз түрінде соттың кеңсесіне немесе электронды түрде, сот кабинеті арқылы (электронды қол қою қажет) жіберуіңізге болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =