СОТ ТӨРЕЛІГІ САРАЙЫ

0 296

sot 2

Кеше Астана қаласында жаңадан салынған Сот төрелігі сарайында республика соттарының 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмысының қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті.

Кеңес жұмысы басталар алдында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен жаңа ғимараттың негізгі ақпараттық-коммуникациялық, инфрақұрылымдық таныстырылымы ұйымдастырылды.

Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми жаңа Сот төрелігі сарайын салу барысында көрсеткен белсенді қолдауы үшін Астана қаласының әкіміне алғыс айтты.

sot 11

Ғимаратта Астана қаласының соты, елордалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты, Есіл ауданының соты және Есіл ауданының №2 соты орналасыпты. Жаңа қоныста 50 сот отырыс залы бар. Бұл өз кезегінде сот процестерін жедел өткізуге мүмкіндік береді. Нысанның технологиялық жаб­дық­талуына келсек, залдарда сот барысын аудио-бейне тіркеу қон­дырғылары мен бейнебақылау жүйелері, бейне конференциялар өткізетін арнайы аппаратура орнатылған. Азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалып, мемлекеттік баждар мен әкімшілік айыппұлдар төлеу терминалдары, сондай-ақ, СМС тарату және электронды пошта арқылы сот процестеріне қатысушылардың барлығын автоматты түрде хабардар етудің жүйесі қарастырылған. Бұдан басқа, сот ғимаратында прокурорлар, адвокаттар мен медиаторлар кабинеттері, 8 күту бөлмесі, психологиялық ауыртпалықтардан арылу бөлмелері, сондай-ақ мұражай жұмыс істейді.

Кеңес аясында Мемлекет бас­шысының Судьялардың VI съезінде берген тапсырмаларын іске асыруды назарға ала отырып, сот жүйесін одан әрі дамытудың негізгі ба­ғыттары талқыланды.

Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми: «Өткен жарты жыл ішінде рес­публика соттары сот жүктеме­сі­нің артқанына қарамастан, сот төрелігін жүзеге асырудың және сот істерін дер кезінде шешудің сапасын тиісті деңгейде қамтамасыз етті. Жал­пы, барлық шығарылған сот акті­лерінің 98,6 пайызы заңды әрі негізді болып табылады» деп атап өтті.

Жалпы алғанда, азаматтардың сот­тарға деген сенімі артып келеді. Мұны соттарға келіп түскен өтініш­тер мен істердің 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,5 пайызға артқанынан байқауға болады.

Еділ БӨКЕЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 4 =