Сот қашықтан шешім шығарады

0 90

ТЖ тәртібін бұзу фактісі бойынша 274 іс қаралды. Карантин жарияланғалы бергі 13 күнде Нұр-Cұлтан қаласының әкімшілік соты төтенше жағдай тәртібін бұзу фактісі бойынша сот 274 іс қарады. 93 құқық бұзушы әкімшілік қамаққа алынды. 181 адамға айыппұл салынды, оның 55-нің қосымша мүлкі тәркіленді.Құқық бұзушылар карантин аймағының шекарасын заңсыз кесіп өтуге әрекеттенгені, заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқандары (маскалар мен антисептиктер сату), карантин кезеңінде адам көп шоғырланатын нысандардың жұмыс жасағаны (компьютер және бильярд клубтары, дәмханалар, моншалар, дүкендер, сұлулық салондары, көлік жуу орындары, ТҚКС (СТО), сондай-ақ флешмоб пен сауық кешін ұйымдастырғаны үшін жазаға тартылды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданған шараларды қатаң ұстануға құлақ аспаған құқық бұзушылықтардың саны әлі де артуда. Әкімшілік сот төтенше жағдай режимін бұзу фактісі бойынша күніне 20 шақты іс қарайды. Барлық қоғам мүшелерінің өмірі мен денсаулығы біздің әрқайсымыздың әрекетімізге байланысты екендігін естен шығармағанымыз абзал.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының республикада төтенше жағдай енгізуіне байланысты және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елорда соттары да барлық істерді цифрлық технологияларды қолдана отырып, қашықтықтан қарап жатыр. Барлық шаралар тұрғындардың өмірі мен денсаулығына келтірілетін қауіпті барынша төмендетуге бағытталған.
16 наурыздан бастап 31 наурыз­ға дейін Нұр-Сұлтан қаласының соттары «TrueConf», «WhatsApp», «Skype», «Сот кабинеті» ақпараттық сервисінің мобильді қосымшаларын қолданып, яғни мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы 698 азаматтық және 344 әкімшілік істер қарады. Ал бейнеконференцбайланыс арқылы – 70 азаматтық, 51 қылмыстық істер қаралды. Аталған статистикалық көрсеткіштер тараптардың IT-технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен қолдана отырып, сот ғимаратына келусіз қашықтан сотқа қатысып жатқандығының көрінісі болып табылады.

Ботагөз БАЯНОВА,
Нұр-Сұлтан қаласы
сотының баспасөз хатшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × four =