«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сот өндірісіндегі цифрлық жаңашылдықтар

0 241

 

  Цифрлық технология дамыған нарық заманда  жоғары технологиялық  ақпараттық құралдар күн санап дамып келеді.

       Сот саласындағы электрондық – ақпараттық технологиялар  бүгінде соттық  қорғаудың   ашықтығы мен тиімділігінің жаңа деңгейін құрып, сот өндірісінің дамуына ықпал етті.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 және 2016 жылдардағы судьялар съезінде сот жүйесін жетілдіруге қатысты берген тапсырмаларын орындау мақсатында сот өндірісінде инновациялық технологияларды кеңінен қолдану алға қойылған болатын. Міне, сол уақыт аралығында  сот жүйесіне халықтың сотқа деген қолжетімділігі мен сенімін арттыруға ықпал ететін ақпараттық-электрондық  технологиялар енгізіліп, бүгінде қарқынды түрде  қызмет түрлерін көрсетіп жатыр. Әрине, бұндай жаңашылдықтар  сот өндірісін анағұрлым жеңілдетуге, сотқа қолжетімділік шеңберін кеңейтуге мол мүкіндік туғызды.
Сот өндірісіне электрондық-ақпараттық технологиялардың енгізілуіне  тараптармен заманауи технологияларды кеңінен қолдану қарастырылған жаңа азаматтық процестік кодекстің қабылдануы құқықтық негіз тудырды.
Сот отырыстарын электронды қадағалап, сот процесінің хаттамасының толықтығын қамтитын дыбыс-бейне таспалар сот залдарында орнатылды.
Дыбыс-бейне жүйесі сот отырыстарының уақтылы басталмауы тәрізді проблемалармен  күресуге мүмкіндік туғызды.  Жүйе  сот процесінің ашықтығын көрсетіп, сотқа қатысушы тараптарды тәртіпке шақырды, сондай-ақ бүгінде судьялар атына және сот отырысының хаттамасына келтірілетін шағымдар саны анағұрлым азайды.
«Сот кабинеті» ақпараттық сервисімен жүйеленген «ТӨРЕЛІК» атты сот органдарының жаңа автоматты ақпараттық жүйесі ақпараттық деректерге жедел қолжетімділікті, сенімділіктің жоғары дәрежесін қамтамасыз етеді. Автоматтандырылған есепке алуды және бақылауды жүргізуге, статистикалық  және  талдау есептерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін аталмыш сервис сот ісін жүргізуді біршама жеңілдетті.  Жүйе мемлекеттік органдардың деректер базасымен біріктірілген.
Осы орайда, «Сот кабинеті» жүйесінің жұмысын ерекше атап өткен жөн. «Сот кабинеті» сервисі 2014 жылдың маусым айында ҚР Жоғарғы Сотпен енгізілді. Сот кабинеті онлайн режимде талап арыз, жүгінулер, пікірлер, шағымдар, қарсы талаптар беруге мүмкіндік береді. Одан басқа,  Интернет арқылы істің өтуін қашықтан қадағалауға болады. Осының барлығы үйден немесе кеңседен шықпастан жүзеге асырылады.
Сот кабинетінің мүмкіндіктері соттың жұмыстарын нақты регламенттейді. Кез келген ауытқулар болған жағдайда олар Сот кабинетінде көрінеді. Азамат сотқа тек бір рет – сот отырысына қатысу үшін келеді.
Ал ағымдағы жылдың мамыр айында «Сот кабинеті» сервисінде онлайн-татуласудың жаңа функциясы енгізілді. Аталмыш қызмет көрсету түрі сотқа талап арыз беру кезінде сервис тұтынушыларының алдына автоматты түрде шығады. Бұл жаңа функционал азаматқа сотқа жүгінудің қажеттілігі туралы тағы бір рет ойлануға мүмкіндік береді және дауды медиация арқылы шешуге, әрі сот процестеріне кететін моральдық және материалдық шығынды үнемдеуге  кеңес береді.
Оң жаңашылдықтардың бірі ретінде сот ғимараттарында орналасқан тиісті төлем терминалдарын атап өтуге болады. Қазір кез-келген тұлға салық, айыппұл мен мемлекеттік баж төлемдерін сот ғимаратындағы терминал арқылы жүзеге асырады.
Сонымен қатар, бүгінде соттарда сот процестерін бейнеконференцбайланысы арқылы өткізу мүмкіндіктері пайда болды, ол істерді қарау уақыттарын қысқартуға, сот процесі қатысушыларының сотқа баруға және келуге байланысты жұмсалған уақыттары мен қаражаттарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл функционал арқылы сот орналасқан жерден алыс жерде тұрып жатқан, медициналық көрсеткішіне сәйкес дене қозғалысы шектеулі адамдардың, бас бостандықтарынан айыру орындарындағы немесе күзет қойылған адамдардың сот отырысына  қатысу проблемасы  шешілді.
Бұл бағыттағы жұмыс сотталғандарды сотқа жеткізуге және кері қайтаруға, олардың қашу, жаңа қылмыстар жасау қауіптері төмендетіп қана қоймай, сот құрамының және процесс қатысушыларының қауіпсіздіктері қамтамасыз етуге ықпал етті.
«Талдау» форумын дамыту бойынша жұмысты атап өтпеуге болмайды, ол істер мен материалдар санаттарының бірыңғай классификаторын, сот практикасының қорытуларын және сот актілерінің банкін, Жоғарғы Соттың жекелеген нормативтік актілерін  пайдалану негізінде қалыптастырылған.
«Талдау» біртектес сот практикасын қалыптастыруға мүмкіндік тудырады және ҚР Жоғарғы Соттың интернет-ресурсында көпшілікке қолжетімді.
Ал сот процесінің қатысушыларын сот отырысының өту орны мен уақыты туралы соттардың уақтылы хабардар ету мәселелерін шешу мақсатында Жоғарғы Сот «Гибридті электрондық почта», СМС-хабарламалар,  push-хабарламалар, «Сотқа шақыру қағазы» сервистерін іске қосты.
SMS-хабарлама жөнелту арқылы сот процесінің қатысушыларын хабарландыру жүйесі, тараптарды жедел хабардар етеді, әрі пошталық хабарламалар жіберуден бас тартуға мүмкіндік береді. Осылайша пошта шығыстарына бөлінетін бюджеттік шығыстар едәуір қысқартылды.
Тәжірибе көрсеткендей, инновациялық технологияларды қолдану соттар жұмысының тиімділігін арттырды.  Соттар ашық әрі қолжетімді бола түсті. Яғни, заманауи технологиялардың сот саласында қолданылуы сот ісін жүргізуді жеңілдетті, бюрократтық кедергілерді жойып, сот жүйесі қызметкерлернің азаматтармен тікелей қарым-қатынастарын азайтты, ол сыбайлас жемқорлықпен ұштасатын сұрақтардың туындамауына септігін тигізді.
Елбасының сот жүйесінің алдына қойған тапсырмаларының кезең-кезеңмен орындалуы дамыған елдермен бәсекеге қабілеттігін арттырады, сондай-ақ, ең басты міндет – халықтың мемлекет пен сотқа деген сенімін арттыруға мол мүмкіндік береді.
Ал ақпараттық технологиялар бұл арада сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін айқындайтын, халық пен соттардың арасына жол салатын көпір болып табылады десек қателеспейміз.

Уәлихан РАХМАТУЛЛАЕВ,
Астана қаласы
мамандандырылған әкімшілік
сотының төрағасы 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды