©2020 Астана Ақшамы
СОТ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ
Алматы аудандық сотында жартыжылдық жұмыстардың қорытындылары бойынша брифинг өтті. Жиынға судьялар мен сот мамандары қатысты.
Ағымдағы жылдың алты айында атқарылған жұмыстардың есебін берген Алматы аудандық сотының төрағасы Ғалымжан Нәсірдінов биыл 205 азаматтық іс қаралып, медиация тәртібімен шешілгенін мәлімдеді.
Сот төрағасының айтуынша, алғашқы жартыжылдықта 11080 азаматтық талап-арыз түсіп, оның 8891-і қаралған. Бұл шағымдардың 4356-сы шешім шығарумен, 3252-сі сот бұйрығымен, 98-і сырттай шығарылған шешіммен аяқталған.
Осы көрсеткіш өткен жылдың алты айымен салыстырғанда біткен істердің саны 14%-ға артқан. Ал түскен арыздар 10%-ға көбейген.
Сонымен қатар, судьялардың біліктілігін арттыру, жас судьяларға тәжірибе жинақтап, үйрету жұмыстарын жүргізу және сот практикасын қалыптастыру мақсатында аудандық сотта оқу кабинеті жабдықталғанын атап өтілді. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамыту және қолдану жоспарының аясында «Қазақ тілі» кабинеті де ашылыпты. Кабинетте заң саласымен тікелей байланысты оқулықтар, сөздіктер, әдістемелік құралдар жинақталған.
Жиын соңында аудандық сот төрағасы алдағы жартыжылдыққа арналған негізгі міндеттер мен аспектілерін нақтылады.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ