Соқырлық эпидемиясы

0 8

Көзінің көруі нашарлап, көзілдірік тағатындардың қатары артып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 200 млн адамның көру қабілеті бұзылған. Әр бес минут сайын бір баланың жанары нашарлайды. Бұл – «мектеп жасындағы әрбір үшінші бала көзілдірік киеді» деген сөз. Дәрігерлер мұның бәрі телефон мен компьютер экранына үңілуден екенін айтып, дабыл қағады.Америкалық ғалымдар заманауи телефондардың экрандарынан шығатын көк жарықтың көру қабілетінен айырылуға себеп болатынын анықтады. Ғалымдардың тұжырымдамасына сүйенсек, ұялы телефондардың экранынынан шығатын дәл көк жарық адамдарды көру қабілетінен айырады екен. Бұған тор жасушаларының құрамындағы химиялық заттың, яғни торлы қабық­тың уытты заттар шыға­ра­тын түрі себеп болады.
Яғни жас келген сайын көздің ішкі торлы қабығының жасушаларын қоректендіретін тамырлар өле бастайды. Сондай-ақ 55 жас­­тан асқан адамдардың жар­­тысына жуығының соқыр болып қалуының себебі болатын сары дақтың тозып, бүлінуі басталады. Ал көк, көгілдір және күлгін диа­пазон­дағы жарық аталған бұзушы­лықтарды айтарлық­тай күшейтеді.
Себебі ол торлы қабықтың шалыс түрінің пайда болуына әкеледі. Балалар электромагнитті тол­қындардың әсерінен көбірек зиян алады. Сондық­тан кішкентайларға телефонды бергеннің алдында, оны «автономиялық» режимге қойғаныңыз дұрыс.

Жастар алыстан көре алмайтын болды

Елордалық офтальмолог, микрохирург дәрігері Сұңғат Көпенов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйене отырып, соңғы 30 жылда миопиямен (алыстан көре алмау) ауыра­тындардың саны 4,5 есеге артқа­нын атап өтті. «Көз аурулары жасарып барады. Мысалы, жастар арасында құрғақ көз синдромы, миопиямен жиі ауыратындар көп. Бұл гаджеттерді пайдаланумен байланысты. Соның салдарынан жастар арасында «құрғақ көз» синдромы көп кездесетін болды. Бұрын бұл дертпен егде жастағы адамдар ауыратын» дейді Сұңғат Көпенов. Оның айтуынша, бүгінде қазақстандықтар арасында конъюктивит, блефарит, қабақтың және көздің шырышты қабатының қабынуы сияқты аурулар да жиі тіркеледі. Ал 60 жастан асқан егде жастағы адамдар арасында катаракта дертіне шалдығатындар көбейген. Катаракта – көз жанарының бұлдырап, қарауытуымен байланысты ауру.

Құрғақ көз синдромы деген не?

Дәрігердің айтуынша, ұялы телефонға көп қарағаннан құрғақ көз синдромы пайда болып, көз­дің алыстан көру қабілеті әлсіреп, жақыннан көруге мүмкіндік беретін бұлшықеттер құрысады. «Құрғақ көз синдромы кезінде көздің мүйізгек қабығы, яғни көздің сыртқы қабаты құрғақ болады. Себебі жас бөлінбейді немесе ол буланып кетеді. Яғни жас адамның көзін сыртқы факторлардан: құрғақ ауадан, желден, шаңнан қорғамайды. Біз компьютердің алдында отырғанда, телевизор көргенде, гаджет және ұялы телефонды ақтарғанда көзіміз құрғайды. Егер жоғарыда аталған ауруды емдемесе, адам соқыр болып қалуы мүмкін. Сондықтан бұл дертті асқындырып алмаған жөн» дейді Сұңғат Көпенов. Бұл ауруға шалдыққан адамның көзі жыпылықтап, жиі жас ағатынын атап өтті. Ол осындай жағдайда бірден дәрігерге баруға кеңес берді.

Балаларға телефон немесе планшет берген дұрыс па?

Кейбір ата-ана кішкентай балаларына жыламасын деп планшет, ұялы телефон беріп қояды. Дәрігердің айтуынша, бұл балалардың көру қабілетін төмендетеді. «Ата-ананың әрекетіне баға бере алмаймын. Мұны өздері шешеді. Бірақ бұл мәселеге қатысты дәрігер ретінде өз ойымды айтайын. Балалар компьютер және планшетпен ұзақ ойнауы мүмкін. Бұл көзге артық салмақ түсіріп, түрлі көз ауруларын қоздыруы ықтимал. Салдарынан баланың көзі нашарлайды. Ондай қауіп бар» дейді Сұңғат Көпенов.

P. S: Балалар телефон не компьютер ойын­дарын ойнауды ата-анасынан, маңындағы адамдардан үйренеді, сондықтан ата-ана өздерінен бастап телефоннан ойын ойнауды (карта, түрлі көлік жарысы) тоқтату керек, оның үстіне балалардың қандай адаммен араласқанына, нені үйренгеніне назар аудару қажет. Қазіргі балалар зердесі ерте ашылған, телефон ойындарын ойнауды тез әрі жақсы игереді дейтін негізсіз көзқарастан аулақ болып, залалсыз ойыншықпен ойнатып, спортпен айналысуға шабыттандырып, сау денелі болып өсіп-жетілуін қадағалаған жөн.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды