Соқпалы музыка соқпақ салды

0 26

«Астана Операның» камералық залында елордалық көрермендердің алдында алғаш рет «Astana Percussion» соқпалы аспаптар ансамблі өнер көрсетті.Ансамбль атауының негізі ағылшынның «percussion» сөзінен бастау алған, ол «соқпалы аспаптар» деген мағына береді.
– Осы ансамбльді құру көптен бері ойымызда жүрген еді. Енді сол жобамыз жүзеге асып, қуанып жүрміз. Мәселен, біздегі симфониялық оркестрде талантты музыканттар, оның ішінде аса кәсіпқой дабылшылар бар. Елімізде соқпалы аспаптарға арналған концерттік бағдарламаларды жеке орындау онша жетілмеген. Сондықтан мақсатымыз – соқпалы музыканы насихаттау, дәріптеу. Дабылмен тамаша әуендер шығаруға болады, аталмыш аспаптың «әндете» алатынын біреуі білсе, біреуі біле қоймайды, – дейді ұжымның көркемдік жетекшісі Ерболат Тәшкенбаев.
Сонымен концертте ансамбль мүшелері тыңдармандарға А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» («Найзағай»), М.Монтано/Коттың Static medley, сондай-ақ Әсет Әбілдиннің аспаптық өңдеуінде Тәттімбеттің «Сарыжайлау», Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғау», Б.Мақаевтың «Самғау», К.Кудрявцевтің соқпалы аспаптарға арналған «Увертюра» мен Iron Butterfly шығармаларын шынайы жеткізе орындады.
Айта кетейік, өнерге алғаш соқпақ салып отыр­ған ансамбль құрамында Ерболат Тәшкенбаев (ансамбльдің көркемдік жетекшісі), Мақсат Сүлейменов, Нұрхан Набрешов, Болат Тұрабеков, Ахат Тәшкенбаев, Қабдол Шаншарбаев, Жасболат Тәшкенбаев, Жасұлан Қабимолла секілді халық­аралық және республикалық байқауларда топ жарған талантты музыканттар бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − six =