«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Соны туындылар қазақша сөйледі

0 309

Кейінгі бес жылдың мұғдарында әдебиет бойынша Нобель сыйлығын иеленген Канада елінің қаламгері Элис Манро мен орыс тілінде жазатын Беларусь жазушысы Светлана Алексиевичтің туындылары қазақ тіліне аударылып, кітап болып шықты. Алғашқысының «Шат-шадыман көлеңкелердің биі» әңгімесін, екіншісінің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» повесі мен «Мырышқа айналған қыршындар» шығармасын жазушы, публицист, аудармашы Марал Хасен мен оның жары Рымбала Смайылова тәржімалады.

Ерлі-зайыпты аудармашылар «Нобель сыйлығының лауреаттары» айдарымен осымен екінші кітапты шығарып отыр. Он төрт нобелиант қаламгердің туындылары топтастырылған біріншісі «Ұршықтайын иірген сөз мәйегін» атауы­мен 2015 жылы жарық көрді.
Элис Манро қысқа әңгімелердің хас шебері саналады. «Шат-шадыман көлеңкелердің биі» атауымен осыдан тура елу жыл бұрын шыққан қаламгердің тұңғыш кітабы Канаданың генерал-губернаторы тағайындаған сол елдің ең беделді әдеби сыйлығын иеленді. Бұған қоса, жазушы Букер сыйлығы мен О.Генри сыйлығының лау­реаты. Ал Нобель сыйлығы оған 2013 жылы 82 жасында бұйырды. «Шат-шадыман көлеңкелердің биі» әңгімесі автордың «Қыздар мен әйелдер» романының бір тарауы ғана екенін айта кетейік.
Үш жылдай бұрын Светлана Алексиевичке Нобель сыйлығы берілгенде, әдеби ортада біраз пікірталас туындады. Көп адам шығармасын көркемдіктен ада, публицистикалық еңбек деп бағалады. Сол кезде жазушыға бұл сыйлық саяси көзқарасы үшін берілді деген сөздер де айтылды. Алексиевичтің журналист екені рас. «Соғыстың сұрқы әйелге жат» повесі мен «Мырышқа айналған қыршындар» шығармасы да деректі дүниелер. Бұл туындылар қоспасыз шындықты баяндауымен құнды.
«Соғыстың сұрқы әйелге жат» кіта­бының жалпы тиражы 1980 жылы 2 миллион данаға жетті. Кітапқа атау берген шығармада Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы туралы айтылады. Повесті оқып отырып, майдан шебінде еркектермен қатар көптеген әйел соғыс­қанын көреміз.
Кітапта «…Тек Ленин комсомолының шақыруы бойынша армияға 500 мыңға жуық қыз жіберілді, олардың 200 мыңы комсомол мүшелері болатын. Комсомол жөнелткен барлық қыздардың жетпіс пайызы соғыстағы армиядан орын тепті. Соғыс жылдары майдандағы әрқилы әскер құрамында 800 мыңнан астам әйел қызмет етті. Партизандық қозғалыс бүкілхалықтық сипат алды. Тек қана Белоруссия отрядтарында 60 мыңға жуық кеңестік патриот әйелдер соғысты…» деген деректі алға тартады жазушы.
«Мырышқа айналған қыршындар» шығармасында Ауғанстан соғысының шындығы баяндалады. «Соғыстың сұрқы әйелге жат» повесін аударған Марал Хасен енді осы шығарманы тәржімалаймын деп дайындалып жүрген еді, алайда ғұмыры жетпеді. «Шат-шадыман көлеңкелердің биі» әңгімесін де бас­тап, аяқтай алмады. Рымбала Смайылова оны жарының аманаты ретінде қабылдап, аяқтап шықты. «Мырышқа айналған қыршындар» шығармасын да бастан-аяқ өзі аударды. Бір айта кетерлігі, Светлана Алексиевичтің әдеби агенті Галина Дурстхоффтан «Соғыстың сұрқы әйелге жат» және «Мырышқа ай­налған қыршындар» туындыларын 2019 жылдың 31 желтоқсаны мерзіміне дейін қазақ тілінде жариялауға жазбаша рұқсат алды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды