«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Соңғы топтың жүгі ауыр

0 364

H тобы:  Польша. Сенегал. Колумбия. Жапония

Құрамында бірде-бір әлем чемпионы жоқ жалғыз топ осы екен. Қалған топтардың бәрінде бар. Бірақ соған қарамастан, мамандар бұл квартетке «Шиеліністі шоғыр» деген ат беріпті. Мұндағылардың шама-шарықтары, шынында, бір-бірімен шендес сияқты. Бұдан төрт жыл алдын жарқырап шыққан Колумбия бұл жолы да қызықты көрінеді. Қатарында Роберт Левандовски сынды жұлдызды алға ұстаған Польша мен «Ливерпульде» лидер болып жүрген Манесі бар Сенегал да турнирде барын салады. Сол сияқты самурайларға тән қайтпас қайсарлығы басым жапондар үшін де топтан шығу бірінші кезектегі міндет болғалы тұр.

Польша құрамасы

Поляк құрамасы 2006 жылдан кейін бірінші рет әлем чемпионатының финалдық бөлігіне жолдама алып отыр. Бұған команда көшбасшысы Левандовски соққан голдардың көмегі аз болған жоқ. Осының арқасында команда өзінен кейінгі Дания жамағатынан Копенгагенде 0:4 есебімен ұтылғанына қарамастан, 5 ұпай алға кетіп қалды.
Польша өткен ғасырдың 1974 және 1982 жылдары ерекше көзге түсіп, мундиальдің қола жүлдесін жеңіп алған болатын. Бірақ Еуропа чемпионатына алғаш рет 2008 жылы ғана «жолы түсті».
Поляктар жоғарыдағы табыстарынан бөлек, 1972 жылы Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды, 1976 және 1992 жылдары оның финалында жеңілді. Олар бұл жолы әлем чемпионатына 8-інші мәрте қатысады.
Команданың бас мергені Роберт Левандовски Еуропа аймағындағы іріктеу турнирінде 2018 жылы 16 доп салып, Криштиану Роналдудан бір гол асып кетті.

Сенегал құрамасы

Сенегал бұл чемпионатқа әупіріммен келді. Себебі екінші топтық турнирде Оңтүстік Африка республикасы жасағынан ұтылып, позициясын біраз әлсіретіп алды. Бірақ ФИФА сол матчқа қазылық еткен төрешіге «ойын нәтижесін өзгертетін пенальтиді ойлап тапты» деген айып тағып, кездесуді қайта өткіздірді. Сон­да сенегалдықтар мықты екендерін дәлелдеп берді.
Бұл елдің құрамасы 2002 жылы топтағы бірінші ойынында сол кезде әлемде дүрілдеп тұрған француздарды 1:0 етіп тізе бүктіріп, уругвайлықтар мен даттардың арасынан алға шықты. Бұдан ке­йін 1/8 финалда шведтерді қағып тас­тады. Ширек финалда түріктерге қосымша уақытта жол берді. Сөйтіп, Камеруннан кейін (1990) чемпионаттың осы кезеңіне дейін жеткен екінші африкалық құрама атанды.
Сенегал құрлықтағы барынша жоғары табысына 2002 жылы қол жеткізіп, Африка ұлттар кубогының финалында Камерунға пенальти сериясынан есе жіберді. Ол биыл әлем чемпионатына екінші мәрте келе жатыр.

Колумбия құрамасы

Колумбиялықтар 2014 жылы әлем чемпионатында ширек финалға дейін барғанымен, бұл жолы қатарға әзер ілікті. Ол іріктеу турнирінің соңғы турында Перумен қонақта 1:1 есебімен тең ойнауы арқасында 4-орынға табан тіреп, чемпионатқа жолдама алғандар сапынан табылды. Команда бұған дейін қатарынан 4 рет ұтылды. Бұл құрама лидері Хамес Родригестің сол кездері бабында болмауынан орын алды. Бірақ Лимадағы соңғы кездесуде маңызды голды соққан да соның өзі болды.
Колумбия алтыншы кезек мундиальға қатысқалы тұр. Ол 2001 жылы Америка кубогын жеңіп алған.

Жапония құрамасы

Асығыс шешім қабылдаудан сақ жүретін жапондар чемпионат басталуға тура екі ай қалғанда құраманың бас жаттықтырушысы Вахид Халилходжичті алмастырды. Ресми хабарлама бойынша, федерация басшылығы бұған Украина (1:2) және Мали (1:1) командаларымен өткізілген жолдас­тық кездесу кезінде байқалған бапкер мен ойыншылар арасындағы келіспеушілік себеп болған.
Жапон футболшылары босния­лық маманның басшылығымен Азия іріктеу тобында бірінші орынға шықты. Оның өз алаңында Сауд Арабиясы мен Австралияны ұтуы мұнда шешуші рөл атқарды. Құрама 1998 жылдан бері осымен қатарынан алтыншы әлем чемпионатына бара жатыр. Соның ішінде 2002 жылы Корея мен Жапонияда өткен додада топтан шыға алды.
Күншығыс елінің командасы 1992, 2000, 2004, 2011 жылдары Азия кубогын жеңіп алған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды