«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Соңғы сапар

немесе елордада өлік жөнелтудің жайы қалай?

0 1  663

Астана – жаңа қала, шамамен қаламыздың үштен бірі еліміздің өзге өңірлерінен келгендер дейміз. Үлкен қаладан тірлігінде нәсіп теріп жүргенмен, көбісі баспанасыз. Тірлік бар жерде өлмек бар. Ал дүниеден қайтқан адамды арулап жерлеу – артында қалған жұртының, туған-туыс­тарының қастерлі міндеті, жалпы адамзат баласын ардақтау болып табылады.

Осыған сәйкес шариғаттың шеңберінде әркім шама-шарқынша өлінің алдындағы тірінің міндетіне адал болуға тырысады. Ал оның шарты бойынша қайтыс болғанды үзілген жерінен ауыстырып жатқызып, жүзін құбылаға бұрып, «мейрам суға алу» керек. Баспанасы жоқтарға бұл да – қол жетпейтін рәсім. Сондықтан да болу керек, мәйітті туған жеріне жеткізу артында қалған ағайын­ның мойнындағы жүкке айналуда.
Бұл тек қана, ата-анасы ауылда, отбасының жартысы түстікте, жартысы оңтүстіктегілерге қатысты емес. Елорда ірге көтергелі «астаналық» атанып, баспанасын да алып, бар баласын осында жетілдіріп, қара орманға айналғандардың да тағдырына тән нәрсе болып келеді. Осы ретте, бірнеше жыл пана болған астананың топырағын тәрк еткендей, марқұмның сүйегін «сықыр­латып» алыс аудандарға алып кетіп жатқанын естіп қаламыз.
Рас, астаналықтардың тағы бір ерекшелігі – көбінде уақытшалық көңіл-күй басым келеді. «Уақытшалық» пәтер жалдап жүргендерге тән. Ол уақытша қыз­мет бабымен келгендерге тән. Меніңше, тірі пенденің осы жайы алға шығып, адам баласы жер бетіне уақытша қонақ екенін естен шығарып жатады. Содан да болар, артында жасы келген кемпірі қалса, шалының қасына жерлеуді, баласы дүниеден озса, әкесінің қасына қоюды тағы басқа да туыстық жайтты алға тартып, қалаған жеріне жеткізуді міндет санайды. Осылайша, мына жалған дүниеде дәм-тұзы таусылып, топырақ бұйырған жерге жерлеудің шариғатта айтылғаны ескерілмейді. Қазақтың «мола асырмай» жерлейтін ұстанымын да естен шығарамыз.
Осы ретте, есімізге осыдан екі жылдай бұрын болған оқиға түседі. Ресейдің ислам мұрасы жалпы ресейлік қоғамдық қозғалысының басшыларының бірі, Ресейдің Ислам комитетінің төрағасы, Ресей ислам қауымдастығының қайраткері Гейдар Джемаль Алматыда іссапармен жүргенде дүниеден озды. Дем үзілген жерден топырақ бұйырады деген шариғаттың үкімін ұстаған ғалымды Алматының түбіндегі мұсылмандар зиратына жерледі…

«Коммерцияланып келеді…»

Елордада жерлеуге қатыс­ты рәсімдер – мәйітті жуу, кебіндеу, жаназасын шығару, жерлеу рәсімдері қалай атқарылады? Өйткені үлкен қалалардың өз ерекшеліктері бар. Қаралы үйдің қайғысын бір адамдай көтеруге дайын тұратын ауылдастардай емес, қаланың тұрғындары бұйығы келеді, тіпті көп пәтерлі үйлердің тұрғындары бірін-бірі көрші санамайды. Ендеше, тек қана «қазаны» ғана емес, басқа нәрселері де себеп болып, қайғысы да бөлек келеді. Үлкен шаһардағы қым-қуыт тірлік, уақыттың тапшылығы да жаңа жердегі таныстарымызбен етене араласып, бір туғандай болып кетуге кедергісін келтіріп бағады. Қабырғаң қайысқанда жақынның аздығы қаралы өлімде білініп, жаныңа бататыны рас…
Дегенмен қапияда қаза тапқан жанның жайына келейік. Мұндай жағдайда алдымен жедел жәрдем шақырып, сосын полиция­ға хабар береді. Егер қаза болған адам бұрыннан сыр­қат болса, емханада тіркеу­де тұрса, полиция шақырып қажеті жоқ. Бұл ретте учаскелік дәрігерді шақырып, уақытын белгілеп, рәсім қағазын толтырады. Одан кейінгі тірлік әдеттегі дәстүрімізбен шама жеткенше қарекет етеді. Осы ретте атқарылатын шаралар былтыр ҚМДБ жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» деген кітапта айтылған.
Мұндайда кісісі өлген адамды сабырға шақырып, мүрдені ақтық сапарға дайындап, жөн айтатын жанашыр керек. Ондай адам табылмаса, мешіт қызметкерлерімен хабарласқан жөн. Қала мешітінде өлікті жуу, кебіндеу 25 мыңдай тұрады. Ақырет киімінің бағасы – 15 мың. Одан басқа кілемді мешіттен алуға болады. Бұдан бөлек, өлікті жөнелтумен арнайы айналысатындар бар.
Байқағанымыз, осылайша өлік жөнелтуде атам қазақтың салт-дәстүрлері қала талабына қарай өзгеріске ұшырапты. Мүмкін, Астанада қайтыс болғандардың сүйегін шығынданса да, алыс ауылдарына алып кетіп жатқандардың әрекетін түсінуге болатын шығар. Мүмкін, олар жаны ауыратын жақынын өз жолы мен дәстүрін сақтай отырып, ақтық сапарға шығарып салуды көздегендігінен де болар?

Аза үйін ашу керек

Тас түскен жеріне ауыр. Дәм-тұзы таусылған пендені мәңгілік мекеніне лайықты шығарып салу – тірілердің борышы. Қаралы хабарды естіген таныстары, әріптестері, туыс-жегжаттары азалы жерге жиналып, көңіл айтуға асығады. Егер мақаланың басында астаналықтардың көпшілігі пәтер жалдап тұрады десек, бұл рәсім көптің қолайына келе бермейді.
Марқұмды ақтық сапарға жөнелтудің қамы осымен бітпейді. Дәстүрімізде мүрдені оң босағаға қою шарт, түнемелікте жарық жағып қойып, жақын адамдары қасында болады. Бұл да жоғарыдағы жайтқа сәйкес мүмкін емес. Мүрдені моргке түнетуге көп адам келісе бермейді. Сонда не істеу керек? Марқұмның жер бетіндегі ақырғы бірер күнін неге ретімен ұйымдастырып, лайықты қам жасамасқа?!
Мүмкін, Аза үйін ашу керек болар. Өйткені Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының пәтуа­сы бойынша, «жаназа намазын мешітте оқу мәкруһ. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жаназаны мешіттен сырт жерде оқыған. Мәйіттер мешіттің сыртына қойылатын болған» дейді. Егер осы пәтуаны басшылыққа алатын болсақ, мешіттен де қол үзбей, ендігі салынатын мешіттердің ауласынан тысқарылау жерге осындай үй салып, мұнда өлікті оң босағаға қойып, ағайындарының қасында болып, ақырғы сапарға шығаруға бар дайындықты осы жерде жасауға болады ғой.
Жаназаға жиналған жұрттың да жайын ойлаған жөн. Астананың алты айдан асатын қысында, сақырлаған аязында, кейде боранында жаназа намазына қатысып, сапта тұру оңай нәрсе емес. Көп үйдің ауласы да бұған қолайлы емес. Көбінің денсаулығына әсер етіп, ауырып қалуы да мүмкін. Арнайы Аза үйінде жабық жайда жаназа оқылып, келген жұрттың әбіржімей рәсімге қатысқанын қарастырған да дұрыс емес пе? Өзге дін өкілдерінде бұл мәселе жақсы жолға қойылған. Олар мәйітпен есік алдында, жол үстінде, ыбырсыған аулада жаурап-жасынап жүріп қош­таспайды. Арнайы салтанатты орын бар…
Айтатыны жоқ, тірілердің парызы өлікті жөнелтумен бітпейді. Асы, қырқы, жылы тағы бар. Осы ретте, өзіміз барып жүрген, ортасында болып, көңілімізге түйіп жүрген жайтпен бөліскіміз келеді. Мұндайда жағдайы келгеннің де келмегеннің де көпке белгілі мейрамханаларда марқұмның садақасын өткізіп жатады. Оны артында қалғандарының намысқа тырысқанын, ақтық құрметі деп бағалауға болады. Бірақ осы аста хрус­таль шырақтары жарқырап тұрған атшаптырым залда отырып, аста-төк дастарханнан дәм татып, ойға кетесің. Әйтеуір, мына дүние­ні тастап кеткен марқұмды жоқтауға да, өзіміздің де бұл дүниенің уақытша қонағы екенімізді сезінуге ерік бермей, жан-жағыңнан жарқырап тұрған дүнияуи игіліктер алаңдататыны анық.
Соңғы жылдары Әзірет Сұлтан мешітінде ас өткізу үрдісі басталып еді. Сұрас­тырғанымызда алғашқы беттегі ықылас пәс тартып, әлде қызметті өз деңгейінде алып кете алмады ма, әзірге дәстүрімізге айналмай отыр. Сондықтан да, қаралы жиынды той-томалақ өтетін, кешке ішімдік қойы­латын салтанатты мейрамханалардан жиі көреміз. Ақыры мал шашпақ болса бізге бәрібір дерміз-ау, бірақ оның обал-сауабын сұрайтын күн туғанда білместікке саямыз ба? Қаралы үйдің басына қайғы келгенде қайсысы дұрыс деп абдырағанда ақыл қосатын жанашыр шықпаса, рәсімнің дұрыс атқарылуына жағдай жасалатын жер болмаса, адамды арулағанымыз­дың түрі осы ма?!..

 

Расул БЕЛГІБАЙ, қалалық рәсімдік қызмет көрсету орталығының қызметкері:

«Қайтыс болғандарды Қоянды, Қосшыдағы мұсылмандар зиратына жерлейміз. Соңғы кездері тек Ильинкаға апарып жатырмыз. Қала ішіндегі қорымдарға жерлеуге тыйым салынған. Мәйітті жуып, кебінге орап, моласын қазып, жерлеуге дейінгі шаруаларымызға 200 мың теңге аламыз. Жасыратыны жоқ, көп ағайындар мүрдені басқа қалаларға алып кетіп жатады. Егер алыс жолға алып кететін болса, мүрдені дайындаймыз. Ол 120 мың теңгеден басталады. Оның ішіне мүрдені бұзылып кетуден сақтайтын дәрілерді егіп, одан бөлек таңдауына қарай қандай көлікпен жеткізу мәселесін де шешіп береміз».

Ауданбай қажы АХМЕТЖАНҰЛЫ, зейнеткер:

«Қазіргі жағдайда өлік жөнелту коммерцияланды деп айыптаудың жөні жоқ шығар. Қаладағы адамның жөн айтатын, жол көрсететін жанашыры болмауы мүмкін. Тіпті, салт-дәстүрді білетіндерінің сол сәтте қасында болмауы да осыны таңдауға себеп. Осы көзқараспен алғанда мешітте, не арнайы орындарда мүрдені жуып, кебіндеп, жерлеуге даярлауы қажеттілік деп түсіну керек.
Қазақ өлік жөнелтуді шариғат шеңберінде рәсімдеген. Сонымен бірге өз жолымен жерлеуді адамға құрмет деп таныған. Сол рәсімдеудің бір бөлігі сүйек­ке түсетіндерді таңдап алып, маңыз берген. «Сүйекке түсу» дегеннің өзі үлкен жауапкершілік болған. Әкем «мені өлгеннен кейін жуындырғанда байқап ұстаңдар, о дүниенің есігінде қиналып жатқанда денемді қоса қинамаңдар» деп айтып отырушы еді. Бұл жай сөз болмас. Қолдан келгенше, қалыптасқан салт-дәстүрімізбен арулап қойып, ақтық сапарға шығару тірінің парызы болуы тиіс».

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды