Соңғы қоңырау соғылды

0 182

Биыл еліміз бойынша 143 мың оқушы мектеп бітірді. Олардың қатарында елордалық 3 мың 686 түлек болса, оның 200-і халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып, жоғары оқу орындарына жолдама алған.

Астананың 35 білім ошағынан 70-ке тарта ұстаз бен 800-ге жуық түлектер ең алдымен «Нұр Астана» орталық мешітінде ұйым­­­дастырылған «Ақжолтай» шарасына қатысты. Кездесуде бас имам Қалижан Заңқоев игі шараның өтуіне атсалысқан Астана қа­ла­сының әкімі Иманғали Тасмағанбетовке және Білім басқармасының басшысы Әсима Бимендинаға алғысын білдіре келіп, «Мен жастарға сенемін!» тақырыбында уағыз-насихат жүргізді. Сондай-ақ, шара бары­­сында мешіт тарапынан ұстаздарға «Құ­ран Кәрім қазақша мағынасы және түсінігі», «Тәлімгер тағылымы», «Хадис – ғұрпымыз, Сүннет – салтымыз» атты кітаптар берілсе, оқу­шы­ларға қазақ және орыс тілінде жазылған «100 хадис» кітап­шасы таратылды.

Одан кейін №60 мектеп-лицейінде өткен түлектерді шығарып салу рәсіміне Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мен Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Әсима Бимендина қатысып, болашаққа қадам басқан жеткіншектерге ізгі тілектерін білдірді. Жалпы, №60 мектеп-лицейін 127 оқушы тәмамдады десек, оның 22-сі – халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Тегін оқу бөлімінің студенттері қатарына қосылған олар Еуро­па университеттерін таңдап отыр. Ал­дағы уақытта Ресей, Германия, Франция, Словения мемлекеттерінде білім алатын болды. Қатарларында 3 «Алтын белгі», 5 қы­зыл аттестатпен бітірушілер де бар.

Ал, биыл Астананың 15 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келген «Соңғы қоңырау» салтанаты «Ғашықтар саябағы», «Орбита» шағынауданы және Қаржы министрлігі алдындағы алаңдарда өтіп, арнайы сауық кешінде әр мектеп ұжымы флеш-моб ұйымдастырды. Мерекенің басы-қасында қалалық әкімдік және Білім басқармасының қызметкерлері жүріп, 2012-2013 оқу жы­лы­ның жетістігін айтты.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × one =