Соңғы 5 жылдағы ең қалың қар

0 31

Елорда әкімі Алтай Көлгінов соңғы күндері коммуналдық қызметтің түнгі ауысымдағы жұмысын тексеру мақсатында қаланың түкпір-түкпірін аралап, қар тазалау жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын өз көзімен көріп қайтты. Жауапты мамандарға тиісті тапсырма жүктеген шаһар басшысы қала көшелерін қардан тазарту үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей күні-түні жұмыс істеп жақтан жұмысшыларға айрықша алғысын білдірді.

 Биыл арқада аяз тым қатты болмағанымен, ұйт­қып соққан боран мен жапа­лақтап жауған қардың екпіні бөлек. Әсіресе, қарашадан бастап қылаулап жауған қар толастамай, үсті-үстіне төпелеп, қаланың коммуналдық қызметіне үлкен салмақ түсірді. Қала бойынша қар тазалайтын техникалар үстемеленіп, күшейтілген режимде жұмыс істеген коммуналдық қызмет жұмысшылары 24 сағат бойы дамыл таппай қар тазалау­да. Қала әкімдігі де қар та­залау жұмыстарын қалт жібермей қадағалап, қардың уағында тазалануына кепілдік етуге күш салуда.
«Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, қала әкімдігі қысқа дайындық жұмысына ерте кіріскен. Алайда бұрынғы техникалардың 35-40 пайызы жұмысқа жарамсыз болғандықтан, елорда коммуналдық қызмет паркі қыс басында 130 жаңа техника сатып алған еді. Бірақ биылғы қар соңғы 5 жылда жауған ең қалың қар болғандықтан, қар тазалау жұмысына үлкен салмақ салып тұр. Қазірге дейін 1146 техника бірлігі мен 2000-ға жуық жұмысшы жұмылдырылды. Соның нәтижесінде қыс басталғалы шығарылған қардың көлемі 2102275 текше метрден (175190 рейс) асқан. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 55 пайызға көп және бұл санақ алдағы уақытта әлі де арта түсетіні анық. Себебі синоптиктер алдағы күндері де күн жауын-шашынды болады деп болжам жасап отыр. Қаладан тасыған қарды төгуге биыл 4 арнаулы полигон белгіленген болатын. Бірақ қыс ортасына жетпей оның екеуі үйінді қармен лық толып, жаңадан тағы 2 полигон ашылған. Міне, осының өзі-ақ биылғы қар­дың қаншалық қалың екенін анық аңғартса керек. Бірақ қала тұрғындарының арасында биылғы қар тазалаудың машақаты мен салмағын түсінбей, «қалада қар тазаланбай жатыр, қар тазалайтындар қайда жүр» деп кейістік білдіріп жатқандар да көп. Алайда биыл қар тазалауға жұмылдырылған техника мен жұмысшылардың саны өткен жылдардағыдан көп әрі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын, шығарылған қардың да өткен жылдағыдан әлдеқайда мол екенін ескерсек, бұл кейістік орынсыз секілді. Оның үстіне қаланың жас әкімі қанша қарбалас болса да, қар тазалау жұмыстарын өзі қатаң қадағалап отыр. Сондықтан сын айтқанда табиғаттың тосын мінезін де, тазалық жұмысшыларының еңбектерін де ескерген орынды.
Қыс бойы төпелеген қардың жазғытұрымғы әлегі де аз емес. Атап айтқанда, қыстың қары жазға «дәрі» болғанымен, көктемде тасқынның қатері тағы бар. Бұл ретте қала әкімі Алтай Көлгінов көктемдегі жағдайды қазірден бастап ескеру керектігін ертерек еске салды. Бұл туралы қала әкімі осы аптада жауапты мамандармен бірге тиісті шара қолдану жоспарларын жасайтынын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды