Сөмкені қоя тұрып, бетперде тіккен

0 18

Карантин кәсіпкерлерге қалай әсер етуде? Осы және өзге де сұрақтар жөнінде жас кәсіпкер, DamysBrand компаниясының негізін қалаушы, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, «Жылдың үздік дизайнері-2019» медалінің иегері Дамыс БОЛАТХАНМЕН сұхбат құрдық.

– Әңгімені бірден медициналық бетпердеден бастасақ. ТЖ кезінде бетперде тіккендеріңіз туралы естідік. Тегін үлестірдіңіздер ме?
– Иә, тегін де үлестірдік. Карантин кезінде ішерге асы болмай, тұрмыстық қиындық көріп отырған бірқатар отбасыға ерікті жастармен бірге азық-түлік тараттық. Сол кезде өзіміз тіккен бетперделерді тегін де үлестірдік. Негізінде бетперде тігеміз, оны таратамыз деп ойлаған жоқпыз. Алайда төтенше жағдай жарияланып, елде бетперде жетіспеу­шілігі болған кезде өзіміз қаншама тігін машинасын ұстап отырғандықтан, 10 шақты метр мата сатып алып, туыс­тарымызға тігіп бердік. Одан кейін жұртшылыққа жаппай таратпасақ та, мұқтаж отбасыларға ұсындық. Сол кезде бетпердені тек өзіміз ғана тігіп қоймай, әлеуметтік желі арқылы көпшілікке тәжірибемізбен бөлісіп, біршама адамға үйреттік. Егер мата жоқ болса, ескі-құсқы киімнен де бетперде тігуге болатынын көрсеттік.
– Ал сатылымдағы құнын қаншаға бағаладыңыздар?
– Сатамыз деп те ойлаған жоқпыз. Дегенмен тігіп жатқанымызды көрген соң тапсырыстар да түсіп жатты. 1 бетперденің сатылымдағы бағасы 500 теңге болды.
– Жалпы, бетпердені тігудің талаптары бар ма? Мысалы, қолдан тігілген бетперделерге логотиптер жаздырып, тастармен көмкергендер де бар.
– Аса айтарлықтай талабы жоқ. Дегенмен демалуға ыңғайлы болатындай матаның жұқалтаң болғаны жақсы. Содан соң гигиеналық тазалық сақтау үшін бетперденің ішкі жағын ақ матадан болуын ескерген жөн. Себебі ақ матадан оның кірленгені тезірек байқалады. Резеңкесіне де мән берген дұрыс. Әйтпесе, байқасаңыздар, бетперделердің көбі қатты тартылып тұрғандықтан, адамдардың құлақтарын қалқитып жіберді. Оның бостау болғаны абзал. Тұтынушылардың тапсырысы бойынша біз де бетпердеге олардың қалауынша логотип, аты-жөндерін, өздеріне ұнайтын кез келген жазуды тігіп беріп отыр­дық.
– Жаңа ТЖ кезінде мұқтаж отбасыларға азық-түлік апарғандарыңыз туралы айтып өттіңіз. Жалпы, қайырымдылықпен де айналысасыздар ма?
– Әрине. Бұл тұрғыда қайырымдылықпен айналысып жүрген елге белгілі блогерлердің бірі Батыржан деген азаматтың септігі тиді. Алдағы уақытта да қайырымдылық шараларымыз өз жалғасын табады деп үміттенеміз.
– Бәрекелді! Карантин кәсіпкерлерге қалай әсер етуде?
– Қандай кәсіп болсын өте ауыр болды. Әсіресе, маған қаттырақ әсер етті. Неге десеңіз, осы уақытқа дейін 15 шаршы метр, кейіннен 30 шаршы метрлік орынды жалға алып, мен өзім ғана жұмыс істеп келгенмін. Бұрыннан дүкен ашу, кеңсе ашу арманымыз болған еді. Сол көп жылдық жоспарымызды енді ғана жүзеге асырып, 15 наурыз күні қазіргі кеңсеміздің ашылу салтанатын жасағанбыз. Алайда 17 наурыз күні карантинге жабылдық. Ашыла салып, 1-2 күннен кейін қайтадан жұмысты тоқтату мен үшін өте ауыр болды. Дегенмен өз басыма ғана емес, еліміздің, тіпті бүкіл әлемнің басына төнген дағдарыс болғандықтан, тоқырау кезінде бір тоқтап, біраз дамылдап, жоба-жоспарымыз­ды қайтадан бір қарап шықтық. Ұжымымыз тарағанмен, мен өзім арасында кеңсеге келіп, жоспар құрып, аяқталмай қалған тапсырыстарды орындап жүрдім.
– Төтенше жағдай режимінен кәсіпкер ретінде қандай сабақ алдыңыз? Енді нені өзгертуіңіз мүмкін?
– ТЖ кезінде күнкөрісі төмен отбасылардың жағдайын көргенде көп ой түйдік. Қазақстанда шағын өнеркәсіптің дамуына атсалыссақ, қазақ жастарының кәсіпкерлікке көптеп тартылуына үлес қоссақ деген ой пайда болды. Елімізде жастарды бизнеспен айналысуға баулитын мектептер, мотиваторлар саусақпен санарлық екенін көріп жүрміз.
– Өзіңіз туралы аз-кем айтып өтсеңіз. Кәсіпті бастағаныңызға қанша уақыт болды? Бұл кәсіпке қалай келдіңіз? Негізгі мамандығыңыз қандай?
– Қазір 28 жастамын. Кәсіп бастағаныма екі жыл болды. Бала кезімнен кәсіпкер болуды армандадым. Жақсы киінетін, жақсы көлігі бар орта жастағы азамат маған кәсіпкер болып елестейтін. Қазір сол образды өзімнен көремін. Тыр­мысып кәсібімді аштым, жақсы көлікті де алдым. Әрине, қымбат көлікті ұстап тұруға аздап қиналуым да мүмкін. Дегенмен соған лайық болуға тырысып бағудамын. Моңғолияда дүниеге келдім. 2004 жылы ата-анамызбен осында, Ақмола облысының Ерейментау өлкесіне көшіп келдік. 3-сыныптан бастап мектепті сол жақтан бітірдім. Содан арман қуып, астанаға келіп, осында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығында оқыдым. Қаладағы №66 мектеп-лицейінде 5 жыл дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет еттім. Ол қызметті де абыроймен атқардым деп ойлаймын. Балаларға тек доп беріп қана шектелмей, дұрыс тәрбие беруге тырыстым.
Жалпы, әр азаматта елге, жерге, Отанға, отбасына, ұлттық құндылықтарға деген махаббат болады. Ал біз Моңғолияда тұрғанда да ес білгеннен салт-дәстүрімізді санамыз­ға сіңіріп, төрт түлік малды танып, жылқы ұстап, бәйгеге шауып өскен қазақпыз ғой. Бала күнімде кейін көлік алғанда ішін қазақы ұлттық ою-өрнекпен безендіруді ойлайтынмын. Анамның іс машинасын пайдаланып, өз киімімнің өлшемін қысқартып немесе кеңейтіп алатынмын. Осы іске өзімнің қабілетімнің бар екенін білмеген екенмін. Сөйтіп, ешкімнен үйренбей, өз бетімше ізденіп, тігін машинасын сатып алдым. Басында тігістерден басым қатып кететін. Мектептегі жұмысыммен қатар алып жүрдім. Арасында таксист боламын. Мұғалімдік жұмысымды тастағым да келмеді. Алайда бала кездегі арманымды жүзеге асыру керек болған соң бір жағына шықтым.
– Қазір қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?
– Қазір ұжымда өзімді қосқанда 7 адам жұмыс істейміз. Айта кету керек, кәсіп бастауда мен тек тігуді ғана үйренген жоқпын. Іс жүргізу, оның есебі, тапсырыс қабылдау, келіссөз жүргізу, тауарды жарнамалаудың бәрін меңгеруге талпынып, соның бәріне уақыт табуға тырыстым. Сөмкелерді тігетін 3 шебер дайындап жатырмын. Бір маманымыз әлеуметтік желіні сауатты жүргізумен айналысады. Жұмысты үйлестіретін директор тағайындадық. Мен компанияның негізін қалаушы ретінде келіссөздермен, басқа да өзіме тиесілі істермен шұғылданамын.
– Қандай өнім шығарасыздар? Тапсырысты тек әлеуметтік желі арқылы қабылдайсыздар ма?
– Тапсырыс бойынша түрлі сөмке тігеміз. Оған тапсырыс берушінің қалауына қарай жазу, логотип тігіп береміз. Біздің сөмкелердің бағасы 10 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге дейін барады. Жалпы, мені көпшілікке танытқан авторлық сөмкем – DamysBrand трансформер. Олай дейтінім, бұл сөмке жан-жағынан ашылады. Оған костюм-шалбарды да, туфлиді де, керек заттарды да, қалам мен блокнотты да салуға арналған бөліктері бар. Одан бөлек, телефонның заттарын, басқа да ұсақ-түйекті салуға арналған орын қарастырылған. Керек десеңіз, галстукты мыжылмас үшін ұзыннан салып қоюға болады. Біз көбіне сапарлап шыққанда сөмкеден бөлек костюм-шалбарды қапшығымен ұстап жүреміз ғой. Содан маған «сөмкені көпшілікке ыңғайлы етіп шығарсам» деген ой келді. Осылайша костюм-шалбардың қапшығын сөмкеге айналдыр­дым деуге болады.
Тапсырысты көбіне әлеуметтік желі арқылы қабылдаймыз. Адамдар бір-бірінен де естіп келіп жатады. Инстаграмды бұрын тек әртістердің өмірін насихаттайтын құрал деп қабылдайтынмын. Кейіннен оның кәсіп жасаудың мүмкіндігін кеңейтетінін түсіндім. Соның арқасында қазір шетелдегі қазақтардан да тапсырыс алып, Еуропаның бірқатар еліне, Түркияға ұлттық тауарымызды жолдаған кезіміз болды.
– Материалды қайдан аласыз­дар? Тігін машиналарыңыз, станоктарыңыз туралы айтып өтсеңіз. Бір сөмкені тігуге қанша уақыт жұмсайсыздар? Мемлекет тарапынан, әкімдік тарапынан қандай да бір қолдау бар ма?
– Материалды бірнеше жерден аламыз. Таза былғарыны пайдаланамыз. Негізінен, отандық шикізатты тұтынамыз. Сырттан да алатын ұсақ-түйек материалдарымыз бар. Жалпы, өнімнің сапасына баса мән береміз. Тіпті сөмкенің кейбіріне бірнеше ай, тағы біріне 1 жылға дейін кепілдік беріледі. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне барып құжат тапсырып, бағымды сынап көрдім. Онда трансформер сөмкемді ұсындым. 250 адам қатысыпты. Соның ішінен 60 адамға 3 миллион теңгенің гранты берілді. Оның бірі менмін. Төбем көкке жеткендей болды. Сол 3 миллион теңгеге немістің тігін аппаратын сатып алып, қолымыз ұзарды. Соның арқасында қазір тапсырыс берсе, сөмкені кешке дейін дайындап беретін жағдайға жеттік.
– Жастарға кәсіп бастау үшін ең бірінші нені білуі керек?
– Кәсіп бастау үшін әр адам ең алдымен өз-өзімен күресуі керек. Алдағы уақытта қазақ жастарын кәсіпкерлікке тарту үшін өз тарапымнан күш салып, үлес қосқым келеді. Қажет болса бизнес-тренер, мотиватор боламын деген ойым бар.

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 3 =