СОЛАҚАЙ САЯСАТТЫҢ СОЙҚАНЫ

0 614

Жиырмасыншы жылдардың соңы, кеңестік тарихнамаға сәйкес, ұлан-байтақ еуразиялық кеңістікте социалистік қоғам орнатуға кіріскен большевиктер партиясы үшін тамаша жетістіктер кезеңі болып саналғаны белгілі. Соның ішінде Сталин бастаған жаңа билеушілер тобының ауылшаруашылығы саласын жаңа бағытта қалыптастыру әрекеттері, яғни тарихқа жаппай ұжымдастыру кезеңі деген атпен енген саяси науқан басталды. Жетпіс-сексен жылдан артық уақыт бойы «қол жеткізген ұлы жеңістер» қатарында тұрған осы бір елеулі оқиғаның талай қыры мен сырларының бар екендігін енді ғана байқап, бүгінгі күннің тұрғысынан талдау жасап отырмыз десек, мүмкін бұл ой көңілден онша шыға қоймас. Дегенмен, кеңес өкіметінің шаруа­ларды ұжымдастыруға байланысты солақай саясатының соңы өте қайғылы жағдайларға алып келгенін тарихшы ғалымдар мен басқа да зерттеушілер көп айта бермесе де, зарға толы осы кезеңнің қайғылы бейнесі қазақтардың өзара пікірлесуінде «ит жеккен», «тес-кен тау», «үндемес» т.б. сөз тіркестері арқылы келесі ұрпаққа тұспалдап жетіп жатты. Кейбір шетел ғалымдары жазған еңбектер оқырмандар қолына өте құпия түрде жетіп жатса да, ондағы келтірілген деректердің жантүршігерлік болғандығы соншалықты, тіпті, кеңестік идеологияның ықпалына әбден берілген, «мызғымас халықтар достығы мен олардың қажырлы еңбегінің арқасында коммунизм орнатуға» дейін барып қалған қоғамның солай болды екен дегенді бірден қабылдамағаны да сөзсіз. Шы­ныменен, Коммунистік партияның да­рынды қолбасшылығының арқасында толық бір формацияны аттап өтіп, социалистік қоғамды басынан кешіріп отырған қазақ ұлтының тек ауыл шаруашылығын артельдік формасы – колхоздарға көшкен кезінде жаппай ашаршылыққа ұшырап, 2,5 миллион адамынан айрылған дегенге кім сенеді?!

Ұжымдастырудың ең ауыр да, мүлдем ақылға сыймас «нәтижелерінің» бірі – миллиондаған адамдардың аштықтан қырылуы. Басқа аймақтарды қоспағанда, тек Украина мен Қазақстанда сегіз-тоғыз миллионға жуық адам өмірі «социализмнің Ұлы жеңісі» жолында кеткен. Адамзат тарихындағы болған кейбір соғыстар кезіндегі құрбандармен салыстырғанда, кеңес өкіметінің әлеуметтік-саяси бағыттарда жасаған солшыл реформа­лары, халықты қол жетпес табыстарға міндетті түрде жеткіземіз деген жалаң ұрандары үміт ақтамай, елдің озық ойлы азаматтарын елеңдетті. Қарсы шыққан қарапайым, бейбіт халық отырған, тұрған жерінде атылып, тірі қалғандары айдауға кеткен. Елде қалғандары өлместің күнін кешкен.

Ел басындағы ұлық азаматтарынан айырылған халық ендігі жерде ойын ішке бүкті. Міне, бүгінгі Украина тарихшылары «Голодомор», ал қазақ тарихшыларының – «Ұлы ашаршылық жылдары» деп отырғандары осы бір кезең.

Қарап отырсақ, осы бір қасіретті нәубет бірде-бір қазақ жанұясын шарпымай қалмаған екен. 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтан біраз кейін, 30-шы жылдардың соңындағы сталиндік репрессиялар кезінде де халықты жаппай қыру байқалған. Тек тәуелсіздіктің арқасында ащы да болса, шындықтың беті ашылып, деректер арқылы белгілі болып отырғандай, сол кездегі адамдардың бойын қорқыныш пен үрей билегендері соншалықты, тіпті, бір-бірінің жанындағы адам­дарды сол кездегі атқамінер, елді басқарғансымақ «үштіктің» шешімдері өлтіріп жатқанда да ешкім үндей алмаған. Міне, халықтың жанына сіңісті болған ұлы үрей мен асқан қорқыныш – большевиктер күштеп жүргізген ұжымдастыру саясатының ең негізгі зардабы.

Қазақтарды отырықшылыққа бейімдеу мен колхоздастыру салда­рынан кеңес өкіметінің арқасында пайда болған жаңа бір әлеуметтік топ – «шолақ белсенділердің» іс-әрекеті шектен шықты. Ауыл тіршілігінен еш хабары жоқ олар, қазақ айтпақшы, «шаш ал десе, бас алуға» дайын болып шықты.

Яғни, 1920 жылдардың ортасында партия мен өкіметтің басына Сталин бастаған жаңа басқарушылар легі келген. Олардың көбі ел басқаруға, қоғамды өзгертуге байланысты еш тәжірибесі жоқ, мүлдем білімсіз адамдар болып шықты. Бірақ олардың бойында адам айтқысыз бір ерекшеліктердің болғаны да шындық. Ел басқарудың шыңына шыққандар – партия мен жоғарғы биліктің қандай да болмасын нұсқауларын мүлтіксіз, дер кезінде орындаушылар болып шықты.

Ал сол кездегі елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына келетін болсақ, зерттеушілер айтып отырғандай, қоғамда өзгерістердің бар болғандығы да сөзсіз. Жаңа экономикалық саясат халыққа біршама жеңілдіктер әкеле бастаған. Большевиктер ойлағандай, нақ осы уақытта әлеуметтік жағынан әбден реттелген қоғамға аяқ басатын кез келді. Бұл дегеніңіз, большевиктер де құр алақан емес. Оларда идея болды деген сөз. Тапсыз қоғамдағы әлеуметтік проблемалардың шешілу жолдарының барлығы жалаң ұран болды. Больше­виктер көтерген ұрандар теориялық жағынан көңілден шыққанымен, іс жүзінде, оларды өмір қажеттілігіне айналдыру тәсілдері мүлдем теріс болып шықты. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Кеңестер одағында болған Германияның елшісі Фри­дрих Вернер Шуленбергтің сөздеріне қарағанда, большевиктер тапсыз қоғам құра алмаған. Керісінше, Кеңестер одағында әлеуметтік қарама-қайшылықтар одан сайын күшейген, біреулер автомобильдерге мініп, жарқыраған сарайдай үйлерде тұрып жатса, нағыз жұмыскерлердің тұрмысы ауыр жағдайда қала берген. Бұның негізгі себебі, социалистік қоғамның экономикалық негізі бо­лып саналған социалистік өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық арасындағы айырмашылық болатын. Осы тұрғыдан алып қарағанда, шаруалардың жағдайы өте ауыр болып шықты. Ауылды жаңа жолға көшірудегі ең негізгі кедергі – шаруалардың жеке меншікке тәуелділігі, олай болатын болса, меншік иелерін құрту керек деген қағида ұстаған партия басшылары, бұл ұранның ауыл тұрғындарының қайсысына болсын қатысты екендігін ескермеді. Идеологиялық тұрғыдағы осындай «түйеқұстық» әрекет, бара-ба­ра ғылыми тұрғыдан ойластырылмаған ұжымдастыру саясатына әкеліп тіреді.

Әрине, бұл жерде Сталин мен оны жақтаушылар тез арада ғана ұйымдастыруға болатын сая­си төңкерістер мен ғасырлар бойы қалыптасқан өндіріс тәсілдерін өзгеріске ұшыратудың арасында жер мен көктей айырмашылықтар бар екендігін білмеді деу – орынсыз. Өкінішке қарай, вавилондық қиялға берілген биліктегілер өз мақсаттарына тез арада жетуге болады деген бос қиялдан арыла алмады. Міне, нақ осы уақытта оларға ең керек болғандар – «шолақ белсенділер» еді. Олардың жанында Кеңес өкіметінің саясатын бірден қолдаған Сәкен Сейфуллин, ойланып-толғанып барып осы жолға түскен Алаштың ардагерлері Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов секілді халық жанашырларының сөздері мүлдем өтпей жатты.

Мысалы, 1926 жылы «Кеңестік дала» газетіне берген мақалаларының бірінде Тұрар Рысқұлов сұрақты бы­лай қойған: «Осы бізде қазақ ауылы отырықшылыққа көшуі керек дегенді айтып жүрген кім? Олай деуге өзі негіз бар ма? – дей келе ойын жалғастырған, – Әрине, бұл бағытта даму беталы­сы болады. Бірақ оны аяғына дейін жеткізу үшін уақыт керек. Ал, ғасырлар бойы табиғи тұрғыдан қалыптасқан жағдай басқа қатынастарды талап етуде. Мал шаруашылығынан жап­пай егін шаруашылығына көшуді жалпылау дегеніңіз – қазіргі қазақ жағдайынан мүлдем хабарсыз болу дегенмен бірдей». Бұл дегеніңіз – сол кездегі қазақ қоғамында да ерекше байқалған үлкен таластың көрінісі. Таластың негізгі көзі – көшпелі мал шаруашылығы қазақ қоғамында болуы керек пе, әлде жоқ па деген әңгіменің басқа тұстары да көп болатын-ды. Осы сұрақпен өте тығыз байланыста тұрған мәселе, мысалы, жергілікті тұрғындарды отырықшылыққа көшіру, қазақ шаруасының тұрмыстық, мәдени, экономикалық, этникалық болмысын тиімді түрде өзгерту қажеттілігі еді. Осындай көп жақты, түп тамыры өте тереңде жатқан проблеманы боль­шевиктер бір ғана ұжымдастыру негізінде, оның үстіне өте тез арада іске асырмақ ниетте еді.

Ал ғалымдар, үкімет пен пар­тия басшылығында жүрген қазақ зиялыларының басым көпшілігі бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. Неміс тарихшысы, Берлин университетінің Шығыс Еуропа тарихы профессоры Гумбольдт Иорг Баберовский ай­туы бойынша: «Бұл үкімет (Кеңес Өкіметі – Қ.А.) басқаша ойлаудың қандай да болмасын белгілерін от пен қылыш арқылы түбімен жойып отырған. Большевиктердің тілінше сөйлей алмағандар, олардың сөздері жоққа шығарылып, сенімдеріне тәубе етпегендердің бәрі олардың жауларына айналып отырған. Большевиктік жүйе тек қана «тап жауларының» соңына түскен жоқ. Аластату мөрі социалистік өзгерістерге орай өз ойларын білдіріп жүрген ұлттардың, олардың алдыңғы қатарлы өкілдеріне де жабысты. Одан кейін кезек миллиондаған қарапайым қазақ ауылының тұрғындарына да келіп жеткен еді.

Міне, осыдан сексен жыл бұрын болған Ұлы ашаршылық осыны еске түсіреді. Егер халық есін жинап, тоқсаныншы жылдары қоғамды жаңартудың кеңестік-большевиктік тәсілдерінен бас тартпағанда, бір шеті отызыншы жылдардағы қорқыту-үркіту тәсілдеріне негізделген «тың эпопеясы», 70-80-ші жылдардағы «Қазақстанды миллиондаған қойдың» астында қалдыру идеялары әрі қарай жалғасын таба берер ме еді?! Олай болмай шықты.

Ашаршылық нәубеті кезінде Қазақстанда 1 750 000 адам қырылған. Және бұл ашаршылық кезінде босып кеткен халық саны 500 000 асып жығылады. Мал басы қырылған соң, халық үлкен зардап шекті. Бұл кеңес өкіметінің қолдан жасаған шалағай саясатының адам айтқысыз зобалаңы еді. Ашаршылық құрбандары жал­пы кеңес өкіметі орнап, больше­виктер билікке келгелі бірнеше рет қайталанып отырған. Олардың бірі табиғат катаклизмдері салдарынан болса, бірі 1932-1933 жылдардағыдай солақай саясаттың нәтижесінде жүзеге асқан.

Амангелді ҚАШҚЫМБАЕВ
БҒМ ҒК Мемлекет тарихы ин­ституты директорының орынбасары

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − 7 =