Сол жағалаудағы соны істер

0 76

Есіл ауданының әкімі Сәбила Мұстафинаның тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі кеше Ұлттық академиялық кітапханада жалғасты. Аудан басшысы көпшілікке өткен жылғы бюджеттің жұмсалу жайын, шешімін тапқан мәселелерді, атқарылған шаруалар легін кеңінен әңгімеледі. Биыл жалғасын табар ілкімді істерді де тілге тиек етті. 

Әкімнің ресми тілде баяндаған есебінен кейін жарыссөзге шы­ғу­шылар арасында алғысын жау­дырғандар да болды. Аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері мен бір топ жастар айтылған игілікті жұмыстар елорда дамуының айқын көрінісі екенін жеткізді. «Астананың өркендеуі – әрбіріміздің абыройымыз. Сондықтан, ілгерілеуге қолымыздан келгенше үлес қосуға тиіспіз» десті олар.

Сөз алушылардың басым көпшілігі қоғамдық жолаушылар тасымалының сапасына көңілдері толмайтынын айтты. Мәселен, Қазыбек Аманбеков №20 автобустың жүру бағыты зейнеткерлер мен кішкене балаларға қиындық тудыратынын сөз етті. Пригородный тұрғын алабы тұрғынының айтуынша, кентке тіке жол тартылған, аялдамалар да қойылған. Бірақ, ол жолмен жүретін автобус жоқ. «Сондай-ақ, біз жаққа құрылған электр шамдары да жанбайды» деді ол.

№24 орта мектептің оқушысы Айжан Полат өзі оқитын білім ошағындағы түйткілдерді жайып салды. Астана мектебіндегі оқушыларға көрсетілетін қызметтер талапқа сай емес екенін баяндады. №18 орта мектептің мұғалімі аялдаманың мектепке қашықтығы, мектеп маңындағы жолда жаяу жүргіншілерге арналған жолақтың не белгінің жоқтығы өзін алаңдатып жүргенін айтты.
Тұрғындар тарапынан айтылған басқа да салаларға қатысты сауал­дарға, ұсыныстарға Сәбила Мұста­фина мен әкімдіктің тиісті басқарма өкілдері жан-жақты жауап берді.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 12 =