Сол жағалау: Тұрғын үйлерді неге су басады?

0 35

Кейінгі жылдары елорданың жаңа орталығы – Есіл ауданында көптеген тұрғын үй кешендері бой көтерді. Соның бірі – Мәңгілік ел даңғылы, 35 мекенжайындағы «Триумфальная арка» тұрғын үй кешені. Бұл аумақта бір ғана коллектор орналасқандықтан, қазіргі уақытта осы үйдің жертөлесі мен іргелес аумақтарды су басып жатыр. Аталмыш проблема қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында талқыланды. Zoom сервисінің бейнеконференция байланысы платформасында өткен жиында тиісті жауапты мекемелердің басшылары есеп берді.ЖАЛҒЫЗ КОЛЛЕКТОРДЫҢ ҚУАТЫ ЖЕТПЕЙДІ

– Есіл ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тұрғын үй кешендерін су басу проблемасы жылдарға созылып кетті. Себебі мұнда бір ғана коллектор орналасқан. Оның қуаты барлық үйге жетпейді. Бұл проблема бойынша тұрғындармен күнделікті екі-үш рет кездесу өткіземіз. Қар ерігенде, су Алматы ауданынан да келеді. Қазір Мәңгілік ел даңғылы, Керей-Жәнібек хандар, Әлихан Бөкейхан, Сауран көшелерінің бойындағы үйлердің жертөлелерін су басып жатыр. Бұл мәселені шешу үшін тиісті жоба әзірленді. Жобалық-сметалық құжаттама мен оның мемлекеттік сараптамасы дайын. Тапсырыс беруші – қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы. Жалпы ұзындығы 7,6 шақырымды құрайтын тазарту құрылғыларының жаңа желісі салынады. Бұл желі пайдалануға берілгенде, проблема шешіліп, сол жағалауды су баспайды деп ойлаймын, – дейді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Қанат Аббас.

КӘРІЗДІҢ 235 ШАҚЫРЫМЫН АУЫСТЫРУ КЕРЕК

«Астана су арнасы» кәсіпорны директоры Табиғат Зейнулқабденнің баяндауынша, аталмыш кәсіпорын 2017 жылы кәріз желілерінің 5,4 шақырымын, 2018 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасымен 18 шақырымын, 2019 жылы 9 шақырымын, 2020 жылы 3,5 шақырымын ауыстырған.
– Негізінен, Целиноград кезінен келе жатқан Алматы және Сарыарқа аудандарындағы ескі, бетоннан құйылған үлкен коллекторларды жаңарттық. Жалпы «Астана су арнасының» балансына кәріз желілерінің 991 шақырымы алынған. Оның 24 пайызының немесе 235 шақырымының салынғанына 30 жылдан асты. Яғни пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Оларды ауыстыру керек. Әрине, жаңа желілер бар. Бірақ қала салына бастағанда әр елде шығарылған әртүрлі материалдар пайдаланылды. Мәселен, Польшаның гафрландырылған шыныпластикті құбырлары бар. Олардың проблемасы көп. Осындай материалдардың мерзімі өтпесе де, сапасы бұрынғы шойын немесе темірбетонды құбырлардан нашар. Сондықтан жобалаушыларға үнемі диаметрі үлкен шойын немесе темірбетонды құбырларды салыңдар деп кеңес береміз. Оның үстіне Қазақстанда темірбетон өндіретін зауыттар көп, – дейді Т.Зейнулқабден.
Оның айтуынша, қала тұрғындарының кәріз жүйесін пайдалану мәдениеті төмен. Тұрғындар оған көрінген нәрсені тастайды. Арасында құрылыс материалдарынан бастап неше түрлі шығып жатады. Сол себептен коллекторлар бітеліп, сорғы стансалары тоқтайды. Қала бойынша сорғы стансаларының 200-і бар екен. Соның жетеуі негізгісі болса, қалғандары кәріз қалдықтарын сорады.
– Қар суы, кәріз қалдықтарының ағыны коллекторлар арқылы қаланың бір шетінен құйылып, екінші шетінен шығып жатады. Біздегі желілер сондай. Мәселен, «Железнодорожный» тұрғын алабынан басталса, Алматы ауданындағы Шәмші Қалдаяқов көшесіне келіп, әрі қарай сол жағалауға кетеді. Біз Мәңгілік ел даңғылы, Бөкейхан көшесіндегі ПИК пен МИБ-терге гидроизоляция жасаңыздар деп жатамыз. Негізінен, ағын су тұрғын үйлерге емес, құдықтарға құйылуы керек. Ал қазір үйлерге келіп жатыр. Олай болмау керек. Жертөлелер өте төмен орналасқандықтан, олардан су сора алмаймыз, – дейді «Астана су арнасы» директоры.

ЖАҢА ЖЕЛІ МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ МЕ?

Ол да Есіл ауданы әкімінің орынбасары сияқты Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы тапсырыс берген тазарту құрылғыларының жаңа желісі проблеманы шешеді деп ойлайды.
– Жаңа желі Керей-Жәнібек хандар көшесінен тікелей №22, 29 көшелерге дейін су сорады. Әрі қарай Тұран даңғылы, Мұхамедханов көшесі, Қорғалжын тасжолына кетеді. Бұл – бір. Екіншіден, ел бойынша 50 тазарту құрылғысы салынайын деп жатыр. Мұнымен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық орталығы» АҚ айналысуда. Бірінші кезеңде кәріздерді тазартудың 11 құрылғысы салынбақ. Арасында Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылғы да бар. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме жасалды. Енді жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Бұл тазарту құрылғысының қуаты – 180 мың текше метр. Жобаға жалпы ұзындығы 20 шақырымдық коллектор да кіреді. Бұл жоба арқылы «Железнодорожный», «Интернациональный» тұрғын алаптары, жаңа вокзал, «Мыңжылдық» аллеясы аумағындағы қалдықтар тікелей кәріздерді тазартудың №2 құрылғысына құйылады. Бірақ мұның пайдалануға берілуіне 3-4 жыл керек, – дейді Т.Зейнулқабден.
Оның айтуынша, қалада бұл бағыттағы тиісті жұмыстарды «Елорда экосистем» компаниясы да жүргізіп жатыр. Былтыр құрылған осы компания нөсер сулары кәріздері мәселесімен айналысуда.
Бірақ тиісті құжаттар бекітілген соң, сол жағалау проблемасын шешетін тазарту құрылғысының құрылысы 15 айды алады. Сондықтан келесі жылдың қазан, қараша айларына дейін мәселе шешілмейді. Құрылысқа қаржы да бөлінуі керек. Егер бөлінбесе, проблема тағы созылайын деп тұр.

АЛДЫМЕН ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ САЛЫНҒАНЫ ЖӨН

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов қазір елордада жыл сайын 3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін, соның жартысы немесе 7-8 жаңа шағын аудан сол жағалауда салынатынын айта келе, болашақта бой көтеретін үйлердің мәселесі қалай шешілетінін сұрады.
– Қазір сол жағалаудағы Керей-Жәнібек хандар және Тұран даңғылы арқылы өтетін жалғыз коллектор апатты жағдайға жетті. Басқа коллектор болмағандықтан, оның жұмысын тоқтата алмай отырмыз. Жаңа коллектор салынған соң, ескі коллекторды жаңғыртуға мүмкіндігіміз туады. Сол кезде сол жағалауда екі коллектор болады. Сонда, сарапшылардың болжауынша, мәселе шамамен алғанда он жыл мерзіміне шешіледі. Бірақ бір ғана жаңа коллектор жалпы қала бойынша мәселені шешпейді. Өйткені шаһар құрылысы қарқынды. Біз қазір барлық инфрақұрылыммен қамтуға үлгермей жатырмыз. Себебі тиісті қаржы уақытында бөлінбейді, – дейді Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Ирина Першина.
Қалалық мәслихат депутаты Батыр Котырев тұрғын үйді бастамастан бұрын инженерлік желілерді салу керектігін айтып өтті. «Алдағы 10 жылды емес, 20-30 жылды болжау керек. Кеңес заманында салынған тұрғын үйлерді қараңыздаршы. Олардың желілері сапалы салынған. Тек қана ағымдағы жөндеу жасалады. Ал қазір қалай? Мәңгілік ел даңғылындағы коллектордың салынғанына қанша жыл болды? Неге мұндағы коллектордан ақау шықты?» деген сұрақтарды қойды депутат.
Ирина Першинаның мәлімдеуінше, сол жағалаудағы коллектор 2008 жылы шыныпластиктен салынған. «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтында апта сайын қала құрылысына қатысты кеңес отырыс өтеді. Онда болашақ жоспарлар талқыланады. Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов қаладағы қордаланған мәселелерді шешу үшін оған екі депутатты қосуды ұсынды.
– Жақын бес-жеті жылда сол жағалауға не керек болады? Соны зерттеуіміз қажет, – деді мәслихат хатшысы.

«ТРИУМФАЛЬНАЯ АРКА» ТҮЙТКІЛІ

«Триумфальная арка» тұрғын үй кешенін BI Group компаниясы салған. Қазір бұл үйге BI-Servis ЖШС қызмет көрсетеді. Үйді су баспау үшін қайтарым клапанын салу туралы кеңес берілген. Бірақ бұл клапан мәселені шешпейді екен. Қазір серіктестік тұрғындармен проблеманы шешу жолдарын іздестіріп жатыр.
«Триумфальная арка» тұрғын үй кешенінің басқарушысы Александр Погорелов бұл үй «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы жанында орналасқанын айта келе, кейінгі жылдары маңайды қолқаны қабатын иіс алатынын жеткізді.
– Жаңбыр толастамай жауғанда, маңайдың бәрін су алып кетеді. Әрине, тиісті мекемелер бізге көмектесіп жатыр. Трактор сорғымен келіп, бір апта бойы суды соруда. Бірақ бұл проблема 2018 жылдан бері жалғасуда. Үйде неше түрлі жәндіктер қаптады. Фотосуреттер мен бейнежазбаларымыз бар. Біздің өтінішіміз, мәселені шегере бермей, жылдам шешіп берсеңіздер екен. Үйден бес метр қашықтықта құдық бар. Бірақ оның биіктігі – 1,5 метр. Сонда қалай оған су құйылады? «Астана су арнасы» осыған назар аударса екен, – дейді үйді басқарушы.
Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов оған депутаттар мәселені бақылауға алғанын айтты.
– Қазір қаламызда 3 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй бар. Менің білетінім, «Триумфальная арканың» ғана емес, осындай үйлердің 10 пайызының су басу проблемасы бар. Бұл «Астана су арнасының» ғана мәселесі емес. Мәселені тиісті басқармамен, жауапты компаниялармен бірігіп зерттеуіміз керек, – дейді Е.Каналимов.
Ә.Бөкейхан көшесінде орталық кәріз жүйесінің орнына нөсер сулары кәрізі салынып кеткен екен. Бұған мәслихат депутаты Серік Түсіпов назар аударды.
– Сол маңайда «Нұрқанат», «Каспиан Палас», «Есіл» сияқты көптеген тұрғын үй кешендері тұрғындары көшені сасық иіс алып кеткеніне шағымданып жатыр, – дейді депутат.
Осы кәрізді «Елорда экосистем» компаниясы салған. Мәслихат депутаттары бұл жұмысты да тексеру керектігін атап өтті.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + 5 =