Сол қолымен «сұғып алды»

0 104

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин чемпиондық дәрежесін қорғап қалу үшін ұлыбританиялық Мэттью Маклинмен кездесу өткізді.

«Бұған дейін Геннадий талай мық­ты­мен жұдырық түйістірді ғой, дегенмен бұл жолғы қарсыласы олардан оқ бойы озық». Сарапшылар жекпе-жек алдында осылай деген. Маклинді асау мінезді, қызу қанды, айлакер де әк­кі боксшы ретінде танып үлгерген жан­күйер­лер Генаға деген сеніміне сел­кеу түсір­мегенімен, «қалай болар екен» деген сумақай сұрақ талайдың кө­кейін тескен.

«Болғаннан боладысы қызық» бол­ған жекпе-жек өтті ақыры. Алғаш­қы раунд басталысымен қазақстандық бокссүйер қауымның көңі­ліндегі кү­мән бұлты сейіліп сала берді. Се­бебі, Генаның аңдысу сәтінен-ақ әл­деқайда сенімді, әлдеқайда шымыр екені аңғарылды. Алғашқы 3 ми­нуттық кезең аяқталуға 10 секунд қал­ғанда оң қолымен танаудың үстін ала сілтеген соққысы Маклинді тәл­тіректетіп жіберді. Шабуылды жал­ғастыра берем дегенде гонг «ара­ша түсті». Екінші раундтың ор­та шеніне дейін таразы басы толығымен Гена жаққа ауып болды. Тіпті, біздің боксшымыздың әр соқ­қысы британдықты сұлатып түсіре жаз­дап жатты. Келесі бір сәтте Головкин құлаштай ұрып, жақ тұсына дәл тигізгенде, Маклин рингтің «бесін­ші бұрышын» іздеп кетті. Үшін­ші раундтың ортасында Гена сол қолы­мен қарсыласының бүйір тұсы­на ауыр соққы жұмсады. Апперкот Мак­лин­нің қабырғасын қаусатып жібер­ген­дей әсер қалдырды. Мэттью ерік­сіз екпетінен жата қалды.

Осы тұста кім-кімді де келесі қарсы­лас қай боксшы болар екен деген сұрақ мазалауы мүмкін. Головкиннің промоутері Том Леффлер мәлім­деуіне сенсек, WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы келесі қарсылас «Шоколад бала» лақап атымен таны­мал америкалық бокс­шы Питер Куил­лин болуы мүмкін. Америкалық бокс­шы шаршы алаңда 28 кездесу өткізіп, барлығында да жеңіске жеткен, оның 20-сын нокаутпен аяқтаған. Ал Головкин өткізген 27 жекпе-же­гінде де жеңіске жетіп, 24 қар­сы­ласын нокаутқа жіберген.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + eight =