©2020 Астана Ақшамы
СОЛ ОТЫЗ ЖАСЫҢДАСЫҢ…
Тарихтың тереңіне үңілсек, бастан кешкен қасіреттің бірі 1979-1989 жылдар аралығында Кеңес одағының жауынгерлері қатысқан Ауғанстан соғысы деп айтсақ, қателеспейміз. Өйткені, сол кездегі Компартияның туысқан елге интернационалдық көмек ретінде қаралған бұл шешімі қаншама ата-ананы баласынан, жарды жұбайынан, сәбиді әкесінен айырды.
Біз де сол Ауғанстан соғысының зардабын шеккен отбасының біріміз. Ашығын айтқанда, менің туған бауырым, әскери ұшқыш Сайлау Қасенов әскери бұйрықты орындау барысында қаза тапты. Ми-8 вертолетімен құлдилап келе жатып, биік таудың қиясында мәңгілікке көз жұмды. Өзіміздің ауылымыз «Қараегінге «интернационалдық борышын өтеу жолында хабар-ошарсыз кетті» деген қаралы хабар да келген. Тек арада төрт жарым ай өткеннен кейін, тау басындағы қар еріген кезде денесі табылып, туған ауылына жеткізіліп, салтымызға сай жерленді. Бұл оқиға тек туған-туысқандарымызды ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың қасіретіне айналғандай болған еді. Алланың жазғанына көнбей қайда барамыз, жастайынан әуеге құштар болып, ұшқыш боламын деп өскен бауырымыздан осылайша айырылып қала бергенбіз.
Сол 1980 жылдан бері қаншама уақыт өтсе де, бауырымыздың бейнесі есімізден кетпейді. Ауылда жыл сайын Қорғалжын ауданы мектептері арасында жауынгер-интернационалист Сайлау Қасеновты еске түсіруге арналған әскери-патриоттық шара өтіп тұрады.
Ал биылғы жазда өте маңызды оқиға болды. Ауыл басшысы, Сайлаудың інісі Марат Қасеновтың көп жылдардан бергі арман-мақсаты орындалды. «Қараегін» ауылының орталығында Сайлау Қасенов рухына арналған мемориал-ескерткіш ашылды. Қорғалжын ауданының әкімі Қайыр Рыскелдинов пен ауыл басшысы, Сайлаудың інісі Марат Қасенов салтанатты жағдайда ескерткіш лентасын қиды. Осы шараға арнайы келген Парламент депутаты, жауынгер-ақын Бақытбек Смағұл көпшілікті ескерткіштің ашылуымен құттықтап, өлең оқып берді. Сонымен қатар Сайлаудың ұстазы Михаил Савельев, курстас досы Қажыкен Жакин, осы ауылдан Ауғанстан соғысына қатысып қайтқан, бүгінде Астана қаласында тұрып жатқан Сембек Қабиев жерлестерінің ерлікпен өрілген өмірі жайында еске алды. Ауыл ақыны Бөлеген Тыныбеков арнау жырын шырқаса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Марат Омаров жиналған қауымды әсем әнімен тәнті етті. Ауыл мектебінің өнерпаздары да айтулы шарадан тыс қалмады. Ескерткіштің салтанатты ашылуынан кейін арнайы ас берілді. Аудан имамы Әубәкір қажы дұға бағыштады.
…Тарих бетін ақтарсақ, кеше, яғни, 25 желтоқсан Кеңес әскерінің Ауғанстанға кірген күні екен. Демек, талай қыршын жастың өмірін қиған соғыстың басталғанына да 33 болып қалыпты.
Ендігі, менің айтпағым, бүгінгі таңдағы ұрпағымыз соғыс дегенді білмей-ақ қойсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөзді еске ала отырып, Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеу барысында қаза болған бауырым Сайлау Қасеновтың рухына арнап ескерткіш көтерген, жыл сайын еске алу шараларын ұйымдастырып жүрген ағайындарыма, ел азаматтарына үлкен ризашылығымды білдіргім келеді.
Осы шағын ғана мақаламды туған ініме арналған мына бір өлең шумағымен аяқтағым келеді:
Жан бауырым, қасымдасың,
Сол отыз жасыңдасың…
Жоқтатпаймыз біз сені,
Ұмытпайды ел сені!
Балкен ҚАСЕНОВА