«Сол домбыра Парижде»

(әңгіме-естелік)

0 351
Смағұл ЫБЫРАЙ

Арқа өңіріне есімі мәлім журналист Смағұл Ыбырай ағамыз 1965-1970 жылдары Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетінің бас редакторы қызметін атқарған. 1971 жылы көктемде осы басылымның бірнеше нөмірінде С.Ыбырайдың (ол кезде Ыбыраев) «Сол домбыра Парижде» атты әңгіме-естелігі жарияланған. Құнды жәдігерді Алаштың Ақтоғайының 90 жылдығында С.Ыбырайдың ұлы – Сұлтан Ыбырай бізге табыс етті. Әңгіме-естелік 83 жастағы Жамбек Балғабаевтың Семей кемелерінде жұмыс істеген кезеңін, әншілікті өнер деп ұғып, серілік құрып жүргенде Әміре, Майра сияқты атақты әншілермен қалай дос, жолдас болғанын баяндайды. Жамбек ақсақал кезінде домбыра жасаудың да шебері болған кісі. Естелік Жәкеңнің өз қолынан жасаған бір домбыраны Әміренің алып 1925 жылы Москва, Париж сахналарын тамсандыра ән салғаны және сол домбыраның Париж музейінде экспонат болып қалғаны жөнінде сыр шертеді. «Астана ақшамы» газеті бүгінгі нөмірінен бастап әңгіме-естеліктен үзінділер жариялайды.

Балғашы Жамбек

Тұрағың алыс ауданда, қызметің газетте болса, әлек-шәлегі мол әбігер жұмыстың жуан ортасына түстім дей бер. Баспахана деген байғұс мекеме етегінен тартып, еңсеңді көтертпейді. Оның үстіне елуінші жылдардың басындағы біздің баспахананың хал-ахуалын тіпті сұрамаңыз: әріп жетпейді, кассалар тозып қаусаған, реал біткендер бет-бейнеден мүлде азып тұр еді. Шіркін-ай десеңші, әріп теретін адамдары тағы тапшы-ау сонда. Қысқасы, жұрт жұтатқан жойқын соғыстың ойранды дабы алыстағы ауданның осынау бір шағын баспаханасынан да әлі күнге ойсырай көрініп тұрған шақ-тын. Қос беттік алақандай газетті шығару үшін күн-түн қатып, онсыз да аз адам әбден титықтап жүрдік.
– Болмас жігіттер, касса, реалдарды жөндетіп алайық. Балташы табыңдар, – дедім мен әбден тұралап, қалжыраған баспахана адамдарына бір күні.
Ғалым Көпірбаев сол кезде қырықтар шамасында арық, қой көзді, жылтыр қара жігіт бүкіл аудандағы маман деген жалғыз полиграфисіміз еді. Отызыншы жылдардың басында Қарағанда облыстық баспаханасының іргесін қалаушылардың бірі, кейін 1938 жылдары осы ауданға газет шығаруға жіберілгенде үйлі-баранды болған соң қайын жұртын сағалап қала берген.
– Балташы Жамбек деген ақсақал бар. Сірә, содан қолайлы адам бұл ауданнан табылмайды, – деді Ғалым дағдарып қалған бізге.
Ауданның орталығы – Ақтоғайдың көлемі ол жылдарда мұнан шапаты, қисық көшелі. Ол өзі тағы кілең шатырсыз, жадағай қоңыр үйлерге толы еді. Редакциядан онша алыс емес, сондай қоңырқай үйлердің бірінен күнде шығып, емендей қатты Тоқырауын талынан аршыған ақ таяғын жай тастап етжеңді жуантық, дембелше сары шал Ақтоғайдың ирек көшелерін әлдене шаруамен аз шарламайтынын көретінмін-ді. Бізде аял болсын ба, шақырту жібердік. Кейбіреулеріндей кердең жауабы жоқ тілеуін бергір, Жәкең еш кергімей, елп етіп келе қалды. Іске бірден кірісті. Ақсақ-тоқсақ реалдар, жыртық-тесік кассалар апа-сапа жамалып, мүлік қатарына кіріп қалды. Жарлы жамалғанына мәз. Жәкеңе сұрағанын саудаласпай ұсынып, рахметімізді жаудырып қала бердік.
Сол бір күннен кейін Жәкең кездессе, сәлем парызын бұлжытпай өтейтін болдым. Көп жыл өтті. Тарлан тарих сұрапыл соғыстың дақ жарасы жазған елуінші жылдардың көп береке-байлықты аттап, желіп әкеткен алпысыншы жылдардың календарын аударып та тастады. Шаруашылық пен мәдениеттен тұралап қалған Ақтоғайдың тірлік-тынысы кеңейіп сала берді. Өзгесін қайтесің, тозған әріп пен шпациясы құнтсыз етікшінің түсірген қиқымындай шашылып жататын ауданның баспаханасы қойын-қонышын жол қиятын линотипке баспа машиналарына толтырып үлгерді.
Той-думанға толы болған жетпісінші жыл келді. Жарты ғасыр жасаған қазыналы Қазақстанның мүшелді мерекесі тұрды алды. Қу басты да домалатқан қызыл дүрмек емес пе? Той тамашасы біздің кішкене газетке де қауырт тірлік әкелді. Республика тарихы, оның ардагер ұл-қыздары, шіркін-ау, бізге, шағын газетке де жазылмайтын тақырып қалсайшы! Сөйтсек, бір үлкен тақырып жазылмай қалыпты.
Кім ойлаған, кім білген? Сол той мәзірі тұсында балташы Жамбек ақсақалдың редакция­ға келгіштеп жүргенін сырттай байқағаным бар. Кейін кезекті бір летучкада секретарь жігіт Жәкеңнің көп жайды білетіндігін Семейде Сарыарқаның Әміре, Майра, Иса сияқты саңлақтарымен дәмдес, үзеңгілес жолдас болғанын айтты. Тамашаны қараңыз, 1925 жылғы Әміренің Париж сахнасында тартқан домбырасын жасаушы шебер – өзіміздің кәдімгі балташы Жамбек ақсақал болып шықты. Бізге, шағын газеттің журналистеріне Республика тойы үшін мұнан артық тақырып іздесе таптырар ма? Ой, не керек?! Санымызды соқтық. Әсіресе, осы әңгімені Жәкеңнен естіп, жазамын деп ауызекі әңгімелесе тұра, той біткенше қалам тартпай қалған редакция қызметкері бала жігітті жабыла жазғырдық. «Бірақ өлмес тақырып қой, жазып байқасам ба екен» деген ой түсті маған сол жерде.
Той артынан Жәкеңмен әңгімелесудің орайы көпке дейін түспеді. Күз келе біздегі күйбең тірлік екі иықты жаншардай ауыр әрі өзі жатқан бір науқан қыстық отын, су, малыңа шөп жинап алу уысқа оңай түсе қоймады. Жәкеңнің де сол тұста қыбыр-қыбыр тынып таппай жүргенін көресің, отын-су, шөп сұрап қыңқылдап, мекемелерге барғыштап кетеді. Қыстың қамын өз тірлігімен жасарлық жеткен бала оқуда деп естиміз. Оның үстіне биылғы қыс бұл өңірде тым қатты кірді, жауыны мен қары қатар сабалап, мал-жан біткен де мазасыз тиіп, бей-жайын шығарды.
Үстелге қырын, шағын кабинеттің есігі жай ашылып, әлдекімнің таяқ ұшын табалдырыққа тық еткізіп тастап жібергені мана еді, сырттың аязын төрге қаулата, сақал-мұрты қырауға сірескен қарт ауыр денесін баяу сүйретіп, есіктен әрең кірді Жәкең! Тым ызғарлы тұрған сырт­тағы сары аяздың әсері ме, Жәкең қатты демігіп, ауыр қозғалып орындыққа жайғасты да, көнекөз құлақшынын басынан алған соң барып әрең тіл қатты:
– Дені сау алпыс пен жетпіс жігіт жасы ма деп ойладым. Шалғайымнан алып шалмақ болған сол екеуіне шалдырмай-ақ өтіп едім, сексен деген шіркінің түп етектен тартқалы аяқ алыс тым ауырлап барады.
Жәкең жасаураған, қалың қабағының астындағы жел өтінен қызарған көздерін қулана қысып қойды.
– Бірақ соған қарамай Жамбек те сапбас сексенге де бой берген жоқ. Қыбырлай берсем деймін де тұрамын. Мұным қалай балалар, ә? Ол не жайын мақұлдатқысы келгендей бізге қарайды.
– Тоқсанға келгенше тозбаңыз, Жәке!, – деп біз жамырай жауап беріп жатырмыз.
Айтты-айтпады мықты шал! Көп жыл Ертіс кемелерінде кочегар, Қарағанды шахталарында, Кереку маңындағы кендерде кенші болса, бұл күнде жасы сексеннен асқан бұл шалдың демікпеден қалыптасқан жаңағыдай жайбасар қалпына таңдануға бола ма? Бір тамашасы, соның бәрінде бала кезінен бауыр басқан балтасын тастамаған.
Кабинетте аз отырып жайғасқаннан кейін Жәкең шешіле әңгімесін бастап кетті.

Кеме кочегары

– Біздің атамекеніміз, деп бастады әңгімесін Жәкең, – осы Ақтоғайдың «Қоңырат» совхозындағы қазіргі Сарыөзек, Шалбай деп аталатын қыстақтарда болушы еді. Алтыншы ауыл атанған бір кездегі сол елде Аз ата Табын руы Балтабай-Шалбай баласы атандық. Әкеміз сіңірі шыққан кедей еді. Өзім де жасымда жалшылықта болғаным бар. 1904 жылы қыс қатты болып, жұртты жұтатып кетті. Әкем еш амалын таппай, жалғыз-жарым қарадан айырылған соң бізді алып, Жәрмеңкеге келді. Сонда Дегелең елінің Тарақты Тілеген деген біреуден сухар сатып әкеліп жүрді. Әкем бір күні мені ертіп Тілегенге келді де:
– Тілеген, осы сен сухарды қайдан аласың? – деді.
– Семейден. Оны несіне сұрайсың?
– Семейіңде нан көп пе еді сонша?
– Е, кәсіп істесең, нан да табылады.
– Көлігің болса, бізді ала кет.
Біз үш бала, әкем мен шешем – бесеу едік. Тілеген кешікпей, сухардан босаған көлігімен бізді сегіз сомға Семейге жеткізуге уәде етті. Жәрмеңкеден Семейге 8 күнде жеттік.

(Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды