Соғыстың зардабы мен сабағы

0 170

Кеңес Одағының одақтастарымен бірге фашистік Германияны жеңгеніне – 76 жыл, ал Ұлы Отан соғысы басталғанына 80 жыл толып отыр.Алып Одақтағы әр ұлт өкілінің өз болашағы мен ұрпақ ертеңіне деген өшпес сенімі және өршіл ерік-жігері жоғары болды. Халық ерен ерлік көрсетті. Ол ерлік – кеңестік тарихнамада әсіреленгендей, кеңес жауынгерінің ерен ерлікпен соғысып, пулемет, ДОТ, ДЗОТ ұңғыларын өз кеуделерімен жабуы, танктің астына жарылғыш минамен барып жатуы немесе өз ұшағымен жау ұшағын соғуы және т.б. ғана емес, жауынгердің нағыз соғыс­тың ішінде болуы, бораған оқ пен лаулаған от арасында жүруі, жарылған бомба мен ысқырған мина астында жүріп тынымсыз еңбек етуі, алға қарай толассыз жылжуы еді. Бұл соғыстың тауқыметін тартпаған, санасында сыз қалмаған қазақ отбасы некен-саяқ, тіпті жоқ десе де болады. Тылдағы еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін бірі қайғыдан қан жұтып, бірі сағыныштан сарыуайым болып жүріп еңбек етті. Шамамен, соғысқа кеткен алты қазақтың бесеуі опат болды. Осындай жағдайды басынан кешірген халық соғыстың бітуін – Жеңіс күнін, әрине, асыға да аңсай күтті, армандады. Сондықтан, бұл тақырыпқа тарихшы ретінде қалам тарту, академик ­М.Қозыбаевтан кейін тарихи баға беру өте ауыр. Сананы сарқып, көздің майын тауыспаған тақырыпқа баға беруге біз де ұмтылмаймыз. Біз тек қана өзіміздің жеке пікірімізді білдіруді жөн санадық.
«Егемен Қазақстан» газетінде 2000 жылдың 14 сәуірінде жарық көрген мақаласында академик М.Қозыбаев Жеңістің 55 жылдығына орай осы мәселеге тоқталып, өз пікірін білдірген болатын. Ол өз мақаласында 1) И.Сталин туралы; 2) Ұлы Отан соғысының сипаты туралы; 3) Ұлы Жеңістің қозғаушы күштері туралы және 4) Соғыс шығыны туралы талас мәселелерге тоқтала отырып, оларға қатысты төмендегідей тұжырымдар жасады (академик М.Қозыбаевтың өз сөзімен беріп отырмыз):
1. Сталин бір жағынан, болашаққа көз салар теоретик-ойшыл, екінші жағынан, жоқтан бар жасайтын, замана ағысын, тынысын бақылайтын қайраткер, ал үшінші жағынан қолынан қан тамған тиран, деспот. …Бүкіл Еуропа экономикасына сүйенген Гитлерді тоқтатарлық, сағын сындырып, бағын тайдырарлық алып күш осы жылдары [1928-1941] пайда болды. …[Сталиннің кезінде] әлеуметтік қорғаныс шаралары кеңінен жүргізілді. Ендеше, фашизм елге бас салған кезде совет халқы Отанын қорғады, социализмнің болашағын фашизм қаупінен арашалады.
Біздің пікір: «әлеуметтік қорғаныс шаралары» деген сөз тіркесін «дүниежүзілік төңкеріс» принципін жүзеге асыру жолындағы жанталаса қарулану шаралары» деген сөз тіркесіне ауыстыру қажет. Сондай-ақ «социализмнің болашағын фашизм қаупінен арашалады» деген тұжырым қайта қарауды қажет етеді. Олар қандай жүйеде өмір сүрсе де, сол жүйеге риза болсын, болмаса да Отан қорғау үрдісінен ажырамаған еді. Халыққа социализм болашағынан гөрі өз болашағы қымбатырақ еді.
2. Сөз жоқ, Ресей, одан қалды Кеңес елі біздің Отанымыз болды. Біз осы елдің құрамды бөлігі болып келдік. Ол елдің біз сияқты бұратана халықтарға өгей анадай болған кездері де жоқ емес. Бізді халық ретінде еркелетпегені де рас. Бірақ, біз осы рухты елдің қол астында ғасырлар бойы болғанымыз шындық. …Ұлы Отан соғысында 35 миллион халық қолына қару алып соғысқа қатысты. …Ендеше, мұндай соғыстың отандық сипатына неге шек қоямыз, бұл төгілген халық қанына, көз жасына деген шексіз зорлық болса керек.
Біздің пікір: Екінші дүние­жүзілік соғысқа қатысқан КСРО-ның соғысы екі жақты сипатқа ие. Бұл соғыс халық тарапынан Отан қорғау соғысы болғанымен, билік тарапынан ішінара басқыншылық та сипат алды. Бұл соғысты «Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы» деп атау – тарихқа қиянат. «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы кеңес халқының Отан соғысы» деп атасақ, тарихи шындыққа жақынырақ болар еді.
3. Шын мәнінде, И.Сталин айтқандай, Кеңес елінде соғыс алдында моральдық-саяси бірлік жоқ еді… Ендеше, Ұлы Отан соғысында совет халқының жеңіп шығуына нендей факторлар ықпал жасады? Ең алдымен байтақ ел халықтары тарихи тағдырлас еді. Олардың Отаны – туған жері, атамекені бір еді. Қан майданға аттанғандар мен тыл қаһармандары бір игі мақсат үшін күресті. Көпұлтты халықтарды Қазан революция­сының идеялары біріктірді. Демократия, азаттық, бостандық ұрандары, кеңес елінің әлеуметтік саясаты, фашизм қаупі, отан бостандығы, тәуелсіздігі, айналып келгенде «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұран төңірегіне топтастырды. Тағдыры – бір, тарихы – бір, болашақ үміті бір халықтар фашизммен күреске бел байлады. Халық патриотизмі өте жоғары болды. Ол патриотизмнің советтік патриотизмнен аясы кең еді. (Астын сызған біз – С.Ш.) Ол елге, жерге деген ықыласпен қатар, ата-баба салтына, өз халқына, оның жауынгерлік даңқына деген сүйіспеншілікті де өз бойына сіңірді…
Біздің пікір: Академик ­М.Қозыбаев объективті тұжырым жасаған. ­И.Сталин кеңестік патриотизмнен әлдеқайда жоғары тұратын ұлттық патриотизмге соғыс жылдары қанат бітіріп, оны орынды пайдалана білді.
4. …Бейбіт адамдарды қоса есептегенде совет елінің шығыны 27 млн-ға жетті, ал дұшпан болса совет-герман майданында 6923700 солдаты мен офицерінен айырылды. …Қазақстанның қан майданнан оралмағандар саны қазіргі дерек бойынша 601 мың адам (онда бір қала, 7 ауданның көрсеткіші жоқ). Бұл – Қазақстан халқының 11,2 проценті… 1940 жылғы өсіммен есептегенде, соғыс жылдары 592 мың бала кем туды. Сонда Қазақстанның тура және жанама шығыны (еңбек майданынан оралмағандарды есептемегенде) 1.202.000 адам. Бұл – бүкіл Одақ бойынша соғыс жүрген аудандардан кейінгі көрсеткіш.
Біздің пікір: Соғысқа қатысқан, қаза тапқан, еңбек майданына барған қазақтардың санын алдағы уақытта анықтау отандық тарих ғылымының міндеті болуы қажет.
Соңғы жылдары ресейлік тарихи әдебиеттерде 1941-1945 жылдардағы соғысқа тек орыстық немесе ресейлік сипат беру құбылысы байқалуда. Мысалы, А.Солженицин «Жеңіс» деген ұғымды қайта қарау қажет деп есептейді. Тіпті, біздің кейбір түркістандық бауырларымыз осы соғыста фашистердің жеңіп, КСРО-ның жеңілгені дұрыс болар еді деген пікірді білдірген еді. Ал шет елдердегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі, түбі шығыстүркістандық Хасан Оралтай «Жеңіс күні ме? Аза күні ме?» деген мақаласында (Жас Түркістан, 2001. №1.) «Жеңіс күні», «Ұлы Отан соғысы» деген атауларға қатысты өз пікірін былай білдіреді: «Алыс шетелдерде өмір сүріп жатқан қазақ бауырларыңызға ерсі көрінетін оғаш істердің бірі – жыл сайын екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған күнін «Жеңіс күні» деп сипаттап, оны бейне бір қазақтың ұлттық мерекесі ретінде атап өтетіндігі. Басқалар Екінші дүниежүзілік соғыс десе, қазақтар «Ұлы Отан соғысы» деп атайды. Ол одан ары қарай, екінші дүниежүзілік соғысқа Мәскеу әкімшілігі жарты миллион қазақты айдап апарып салғаны сияқты, Англия мен Францияның да өз отарларынан әскер алып соғысқа салғанын, әсіресе, ағылшындардың Цейлон (Шри-Ланка), Бирма, Непал елдерінен алған әскерлері Жапония мен Германияға қарсы соғыста белсенділігімен көзге түскенін; бірақ ол елдердің ешбірінің екінші дүние­жүзілік соғысты «Ұлы Отан соғысы» деп дәріптемейтінін, олар Англия сияқты соғыста жеңген елдердің қатарында болса да, ол жеңісті «Жеңіс күні» деп тойламайтынын, оның есесіне жат жұрттық отаршылдар айдап апарып қырғынға ұшыратқан қыршын жастарын еске алатынын айтты. Әрине, бұл – шетелдік қандасымыздың өзіндік пікірі.
Біздің пікір: Ағылшынның немесе француздың отарларымен Қазақстанды салыс­тыруға болмайды. Академик М.Қозыбаевтың «Сөз жоқ, Ресей, одан қалды Кеңес елі біздің Отанымыз болды» деген тұжырымы өте дұрыс. Сонымен қатар, «Жеңіс күні» деген атау да дұрыс. Бұл жеңісті әр мемлекет, әр халық және әркім әртүрлі қабылдады және тойлады. Өркениетті, демократиялық үрдістері қалыптасқан елдер халықтар мен ұлттардың бостандығына қауіп төндірген фашизмді жеңдік деп, отарлы елдер Англия мен Франция отарларымызды сақтап қалдық деп, ал АҚШ капиталистік елдер арасында әлемдік біріншілікті жеңіп алдым деп тойлады. Сталин болса, «дүниежүзілік төңкеріс» идеясын біршама болса да жүзеге асырдым, өз бақталасым Гитлерді опат қылдым, Шығыс Еуропаны басып алдым деп тойлады. Ал соғыстың бар ауыртпалығы мен қайғы-қасіретін, азабы мен азалы күндерін көтерген, үзілмеген үмітке жалғанып жанын баққан казармалық социализм тұрғындары жан шыдамас зорлық пен қорлықтың толастайтынына қуанды, барлық қиыншылықты жеңіп шығып, сәл де болса өмірінің жақсаратынын тойлады. Ерін сағынған келіншек пен жарын сағынған жігіттің, ана мен баланың, бала мен әкенің сарытап сағынышты үмітке жеңдіре білген күндерінің де аяқталатынына қуанды. Жеңіс күніне халықтың езілмеген ерік-жігері мен ертеңге деген сенімі, әр ұлттың сарқылмас рухани қазынасы арқау болды. Сондықтан да, бұл – қалай болғанда да «Жеңіс күні».
Біздің пайымдауымызша, «Ұлы Отан» соғысы тарихына қатысты төмендегідей аңыздар әлі күнге дейін өмір сүріп келеді:
Бірінші аңыз – КСРО-ның өз шекараларының қауіпсіздігін нығайту жөніндегі шаралары туралы.
Ақиқаты: 1933 жылдың 3-5 шілдесінде қабылданып, КСРО, Эстония, Латвия, Польша, Румыния, Түркия, Иран, Ауғанстан, Чехословакия, Югославия, Литва елдері қол қойып, кейіннен Финляндия қосылған «Басқыншылықты анықтау туралы ол конвенция­ға КСРО-ның 1933 жылдың 6 ақпанында қарусыздану жайлы конференцияның бас комиссиясына тапсырған басқыншылықты анықтау туралы декларациясы негіз болғанын ескерсек, КСРО-ның 1939-1940 жылдардағы Балтық жағалауы елдеріне, Польшаға, Бессарабияға, Финляндияға қатысты әрекеттері басқыншылық болып шығады. Сондықтан, басқыншы мемлекеттің соғысы ешқашан «Ұлы Отан соғысы», тіпті «Отан соғысы» да бола алмайды. Кеңес Одағының басқыншылық саясатына тек қана мемлекеттік билік кінәлі еді, ал халық тарапынан Отан қорғау соғысы болғаны шындық. КСРО-ның соғысы екі жақты сипатқа ие болғандықтан, «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы кеңес халқының Отан соғысы» деп атасақ, тарихи шындыққа жақынырақ болар еді деген пікірімізді тағы бір қайталаймыз.
Екінші аңыз – соғыстың күтпеген жерден басталуы және Кеңес Одағының соғысқа дайын болмағандығынан соғыстың алғашқы кезеңінде қызыл әскердің жеңіліске ұшырауы жөнінде.
Ақиқаты: Соңғы жылдары Ресейдің әскери тарихшылары Кеңес Одағы соғыстың басталарын білмеді деген кеңестік тұжырымды жоққа шығаруда. Журналист ­Амантай Кәкен Кеңес Одағының басшылары соғыстың басталарын күн ілгері білді деп тұжырымдайды. «Суретші И.Тоидзенің көпшілікке белгілі «Родина – мать зовет!» деген әйгілі плакаты 1941 жылдың қаңтарында дайын болғандығын еске алсақ, – дейді ол, – совет басшылығы соғысқа әзірленбеді, немістің шабуыл жасауын ескермеді дегенге илану жөн бе? 1941 жылғы қырғынның басты себебі стратегиялық қателік болатын – қорғанысқа емес, шабуыл жасауға әзірленгенімізде. Мысалы, Батыс Еуропаның егжей-тегжейлі карталары барлық әскери бөлімдерге күні бұрын жеткізілсе, Ресей жері жөніндегі материал оларға берілмеген. Немесе қызыл армия танкілерінің көбі қиқы-шойқы батпағы мол, өзіміздің өгіз аяңға басып, әзер жылжитын сүрлеуге емес, жүйткіте зымырайтын Еуропаның тас жолдарына арналғанын қалай түсінуге болады? Большевиктер коммунистік идеяны жер шарына таратпақ болды, сол үшін әскери әзірлік қорғануға емес, басқа жерде соғыс ашуға бағытталған еді».
Үшінші аңыз – Кеңес Одағының Еуропаны азат ету миссиясы жөнінде.
Ақиқаты: Еуропаға коммунизм орнату мақсатындағы И.Сталиннің әрекеті «кеңес халқының интернационалдық борышына» негізделді. «Интернационалдық борышын» өтеген қызыл армия Германия­дан азат етілген жерлер мен елдерде коменданттық сағат тәртібін енгізіп, коммунизм идеясына қарсы болғандарды фашизмнің тыңшылары ретінде жазалап отырды. Осылайша, Шығыс Еуропа елдеріндегі өте әлсіз әрі халық арасында беделі болмаған коммунистер билік басына отырғызылып, «дүниежүзілік социализм жүйесі» құрылды. Кеңес Одағы «социалистік жүйе» елдеріне үнемі көмектесіп, олардың ішкі және сыртқы саясатын бақылауға алды. Кеңес Одағының мұндай «көмегі» өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін созылғаны белгілі. Осындай саясат «қырғи-қабақ соғысқа» тарихи алғышарттар қалыптастырып берді.
Қорыта айтқанда, екінші дүниежүзілік соғысты бастаған фашистік Германияны талқандауда КСРО зор рөл атқарды. Соғыстың бар ауыртпалығын кеңес халқы көтерді. Кеңестік биліктің соғыс алдындағы империялық амбициялары екінші дүниежүзілік соғысты жеңіспен аяқтау барысында шырқау шегіне жетіп, әлем мемлекеттерін «социалистік жүйеге» қоса отырып билеуге ашық ұмтылды. Францияның бағына генерал Шарль де Голль туылған екен, есін тез жиды. Бірақ, Еуропадағы саяси жетекшілік уысынан сусып кетті. Англия әлемдегі саяси біріншілікті бір кездегі өз отары АҚШ-қа мұра етті. АҚШ болса асып-тасып, «мұрын сыймайтын жерлерге басын сұға» бастады. Ұлттар Лигасының орнына құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық қатынастардағы шиеленістерді реттеуде зор рөл атқарғанымен, күштінің әлсізге әлімжеттігін тия алмады.

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
тарих ғылымдарының
кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =