Соғыстың сызы кеткен жоқ…

0 27

Жақында «Astana aqshamy» газетінің редакциясында Ұлы Отан соғысы жеңісінің 75 жылдығына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Отан соғысының тірі куәгерлерінің әңгімесін өз аузынан есту, қасіретті жылдарда толарсақтан қан кешкен батырларға құрмет көрсету мақсатында өткізілген бұл кездесуге Отан соғысының 97 жасқа толған майдангері Ахат Бекмадияұлы мен 94 жастағы Жүнісбек Кәрімов ақсақал келіп, керемет естеліктер айтты. Сондай-ақ Республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, белгілі ғалым Өмірзақ Озғанбаев пен кеңес төрағасының орынбасары Көпболсын Бекмағамбетұлы да Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы жайлы сөз қозғап, ардагерлерге көрсетіліп жатқан құрмет, жасалып жатқан қамқорлық жайына тоқталды.

Жеңіске қосқан үлес үлкен

Алдымен «бәйтерек түбіндегі басқосу» өткізудің мән-маңызына тоқталған «Astana aqshamy» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр биыл шыға бастағанына 30 жыл толған басылымның Ұлы Отан соғысы жайлы құнды деректерді, маңызды материалдарды үзбей жариялап келе жатқанын айта келіп, қолына қалам ұстаған тілшілер үшін дөңгелек үстел басында қан майданда болған тірі куәгерлердің әңгімесін ет құлағымен естудің өзі үлкен ғанибет екенін жеткізді. «Соңғы кездері Отан соғысының нәтижесі туралы әр елде әртүрлі әңгімелер айтылып жүр. Бірақ біздің Қазақстанда соғысқа деген көзқарас өзгерген емес. Себебі соғыстың Қазақстан халқының жүрегіне салған жарасы терең, қасіреті өте ауыр болды. Сол қанды соғыста толарсақтан қан кешкен батырларға қазақстандықтардың, бүгінгі ұрпақтың құрметі әрқашан бөлек. Жыл озған сайын ардагерлердің қатары да сиреп барады. Сондықтан ардагерлерге үкімет тарапынан жасалатын көмек те аз болмауы керек деп ойлаймыз. Бұл мәселені де газетімізде үзбей қозғап келеміз» деді газет басшысы.
Осыдан кейін сөз алған Өмірзақ Озғанбаев қан майданда жеңіске жетуге қосқан қазақстандықтардың үлесі туралы тоқталды.
– Қан майданға елімізден 1 млн 200 мыңнан аса азамат аттанды. Оған қосымша соғыс даласындағы қара жұмысқа 700 мыңға жуық қазақстандық жұмылдырылды. Сол жылдары оккупациялық өңірлерде қалған зауыттарды Қазақстанға көшіріп әкеліп, жылдам уақыттың ішінде майданға қажет соғыс құрал-жабдықтарын жеткізуге үлесін қосқан жандар тағы бар. Осының бәрін тұтас есептей келгенде Қазақстанда сол кездегі халықтың 25 пайызы соғыстың қажетіне жұмылдырылды. Ал екінші дүниежүзілік соғысты бастаған Германия өз халқының тек 12 пайызын ғана майданға жіберіпті. Соғысқа қатысқан қазақстандықтар АҚШ пен Англияның шығынын қосқандағыдан да көп адамынан айырылды. Демек, бұл еліміз үшін қатардағы соғыс емес, ұлттың генетикалық кодын сақтап тұрған азаматтарынан айырылған от-тозақ болды, – деді Өмірзақ Озғанбаев терең тыныс алып.

Бас қаламызда жеңістің 75 жылдығы қалай аталып өтеді?

ТМД елдері арасында ерекше аталып өтетін Ұлы отан соғысына биыл 75 жыл толды. Бұл айтулы күнді айрықша атап өту үшін қазір бұл елдерде қызу дайындық жүріп жатыр. 2018 жылы 28 қыркүйекте тәуелсіз мемлекет басшыларының отырысында Жеңістің 75 жылдығын ұйымшылдықпен өткізу туралы қарарын бекіткен болатын. Сол қарар негізінде елімізде де қызу дайындық жүріп жатқанын алға тартқан Озғанбаев Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында әскери шеру өтетінін, оған әскерилермен қатар, әр өңірден шамамен 15 ардагерден қатысатынын жеткізді.
– Бас қаламызда өтетін шараға мәскеуліктердің ықыласы ерекше. Олар 2 жылдан бері астанада өтетін жеңіс тойына делегат жіберіп, қатынасып келеді. Соғыстың 75 жылдығын тойлауға үлкен дайындық жасау және ТМД елдеріндегі ардагерлер ұйымын үйлестіру мақсатында Мәскеуде арнаулы ұйым құрылған болатын. Алайда Балтық теңіз жағалауындағы елдер 9 мамырды жеңіс күні деп емес, оккупацияның күні деп атап өтеміз десе, Украина елінде де бұл мерекеге көзқарас басқаша. Мәселен, Польшаны азат етуде Кеңес Одағының 600 мың әскері мерт болған екен. Сол 600 мың жауынгердің қанымен азат етілген ел қазір кеңес жеңіс мұрасына теріс қарап отыр. Міне, осындай мәселелер соғысты бастан кешіріп, майданда қан кешкен ардагерлердің көңіліне қаяу түсіретінін мен өз көзіммен көрдім.
Ардагерлердің қатары да барған сайын сиреп барады. Соғыстан тірі оралған 700 мыңға жуық адамның бүгінде мыңға жуығы ғана бар. Оның ішінде Нұр-Сұлтанда қазір 48 ардагер ғана қалды. Өткен жылы 50 болса, міне, 3 айға жетпейтін уақытта екеуі бақиға аттанып кетті. Бұл – табиғаттың заңы. Ардагерлердің жасы қазір 90-нан асқан, оның үстіне, олардың тең жартысы төсекке таңылған, денсаулығы жоқ. 1418 күн, 1418 түн суық окопта, салқын блиндажда қар төсеніп, мұз жастанып жатқан адамда қандай денсаулық болуы мүмкін?! Демек, бұл кісілердің тәніне өткен ызғарды біз жанына шашқан шуақпен ғана қайтара аламыз. Ардагерлерге қамқорлық жасау тек материалдық көмекпен ғана шектелмейді. Бұл жағында елімізде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Өмірзақ Озғанбаев.«Ардагерлерге қандай көмек көрсетсек те көп емес»…

Қазақстанда ардагерлерге жергілікті бюджеттің жағдайына қарай көмек көрсетіледі. Бірақ қандай көмек көрсетсек те ол қанымен, жанымен ел қорғаған азаматтар үшін артық емес. Сол көмек олардың еңбегінің өтеуі емес, керісінше, бүгінгі ұрпақтың ардагерлер алдында перзенттік парызын атқарғаны ғана.
Биыл Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әрбір ардагерге 850 мың теңге көлемінде қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Ал көршілес Ресейде біздің ақшамен санағанда 450 мың теңге, ал тыл еңбеккерлеріне 350 мың теңге сыйақы тағайындапты.
Осыдан соң тілшілер ардагерлерге жасалатын медициналық көмек жайында сұрады. Бұл жөнінде елордада ардагерлерге көптеген жеңілдіктер жасалғанын, мәселен, ардагерлерге берілген әлеуметтік карталарда қандай науқасқа шалдықты, қай жылы ауырды, бұрын қандай дәрілер алғандығы жайында ақпараттар сақталғанын айтқан Озғанбаев ардагерлерге медициналық көмек көрсету жағында олқылықтар да жоқ емес екенін де атап өтті. «Адам болған соң жеңілдігі бар дәріден гөрі дәріханада тұрған қымбат дәріні ішсек тез сауығып кетеміз деп ойлаймыз. Сондықтан ардагерлерге арнап, әлеуметтік дәріханаларды ашуымыз қажет. Олардағы баға тұрақты болуы шарт. Сонымен қатар барлық облыстық ауруханаларда ардагерлерге арналған бөлім немесе палаталар, арнайы орындардың болуына жағдай жасау керек деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсыныс тастадым» деді Өмірзақ Озғанбаев. Ол республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің жанынан ардагерлердің тұрмысына көңіл бөлу және оларға қамқорлық жасау мәселелерін қадағалайтын арнаулы комиссияның жұмыс істеп келе жатқанын да еске салды.

Қазақстан соғыс тұтқындарын қашан ақтайды?

Соғыс бізден алыс қалды десек те, оның жүрекке салған жарасы әлі жазылған жоқ. Соғыс даласында Қазақстанның 600 мыңнан астам азаматы шейіт болса, 300 мыңнан астам жауынгер хабар-ошарсыз кетіпті.
Жадыра Мұратбекова: Жоғал­ған солдаттарды іздеу мәселесіне де тоқталсаңыз, Ресейде жоғалған солдаттарды арнаулы іздейтін ұйым, сайт бар дейді. Ал Қазақстанда қалай?
Өмірзақ Озғанбаев: Қазақстаннан 300 мыңнан астам жауынгер хабарсыз кетті. Сосын да осы уақытқа дейін хабарсыз кеткен әкесін, жақындарын іздеп шарқ ұрып жүрген жандар әлі күнге дейін бар. Кейбірі табылып та жатыр. Жеңістің 75 жылдығы таяған сайын хабарсыз кеткен сарбаздар жайында жаңа мәліметтер көбейіп келеді. Хабарсыз кеткен жауынгерлердің туыстары сол азаматтың қаза болған жерін және қабірін тапқанда, тап сол жауынгер тіріліп келгендей қуанғанын көргенде жүрегің езіліп кетеді екен. Мен сондай жағдайларға да куә болдым. Бұл – туысқанға деген ыстық сезім, әруаққа болған құрмет, қазақ халқына тән бауырмалдық қасиет! Демек, күн ескірді дегенмен, керісінше, заман дамыды, сайттар ашылып, хабарсыз кеткендерді іздейтін арнаулы ұйымдар құрылды. Міне, бұл хабарсыз кеткен азаматтарды іздеуге көп мүмкіндік береді. Қазақстанда да дерексіз кеткендердің мәліметі табылып жатқан жағдайлар көп.
Төлен Тілеубай: Бізден басқа елдер де, Ресей де соғыс тұтқындарын ақтау жөнінде заң шығарып, тұтқында болған азаматтарын ақтап жатыр. Бірақ Қазақстан билігі соғыс тұтқындарын ақтауға асығар емес. Бұл жөнінде БАҚ беттерінде айтып та, жазып та жатырмыз. Біздің басылым да жазды. Біз неге тұтқында болған отандастарымызды ақтамаймыз? Соғыс тұтқындарын ақтап алуымызға не кедергі?
Өмірзақ Озғанбаев: Бұл – өте маңызды мәселе. Мен де республикамызда өткен үлкен жиналыстарда сөйлеп, осы соғыс тұтқындарына қатысты мәселені көтердім. Шығыс-еуропа елдері заң қабылдап, соғыс тұтқындарының бәрін кешірді. Ресей 1995 жылы осындай заң қабылдады. Бәрінің соңында қалған біздің еліміз. Сондықтан біздің елімізге де осындай заң қажет. Мұны біз әлі де көтеруіміз керек. Мәселен, Ақтөбенің Ырғыз ауданында туған Әлім Алмат деген отандасымыз 570 жауынгермен бірге тұтқынға түседі. Германиядағы концлагерьде жүрген жерінен скрипка тартатын өнерінің арқасында жеңілдік алып, сол жеңілдікті пайдаланып, Мұстафа Шоқайдың әйеліне хат жазып, мың бір машақатпен Германияның азаматтығын алады. 1954 жылы Түркияға қоныс аударған ол 1992 жылы дүниежүзілік қазақтарының құрылтайына келіп, туған жеріне оралуға және соғыс тұтқындығынан ақтауға өтініш білдіріп, үшінші рет арыз жазады. Бірақ үшеуінде де оңды жауап ала алмай, 101 жасында Стамбулда қайтыс болды. Туған жерінің бір уыс топырағы бұйырмай, көкірегі шерлі кетті деген осы емес пе?!«Соғыс үрейлі болғанмен, оған да үйренесің»…

Ұлы отан соғысының ардагері Жүнісбек Кәрімов 1926 жылы Ақмола облысының Қажымұқан ауылында дүниеге келген. 18 жасында әскерге шақырылып, үш ай бойы Алматыда майданға дайындалған жауынгерді 348-ші жаяу әскер дивизиясына жіберді. 1944 жылдың ақпан айында Жүнісбек Кәрімов Берлиндегі ұрыстарға қатысты. Майдандағы алғашқы күні ардагердің жадында өшпес із қалдырды. «Қанды қырғын болды, жерден де, көктен де бомба жаудырды деп есіне» алады ардагер.
Жүнісбек Кәрімов: Майданға алғаш кірген күні-ақ жаңбырша жауған оқтың астында қалдым. Шынымды айтайын, қорыққаным соншалық, жауды атқанды қойып, қаруымды жерге түсіріп ала жаздадым. Өте қорқынышты болды. Аздан кейін оған да бойың үйрене бастайды екен, сен жауды өлтірмесең, ол сені өлтіреді. Менің майдандағы өмірім осылай басталды. Бірақ жеңіс күніне бір күн қалғанда, 1945 жылдың 8 мамырында немістің екі оғы жаралады. Оқ каскама тиіп, каска ұшып кетті. Басымнан қан судай ақты. Каска болмаса, сол жерде жан үзетін едім. 7 күн бойы дала госпиталінде жаттым, көзімнің алды қаратүнек болған соң, жанарымнан айырылған екенмін деп ойладым. Бірақ, бір аптадан соң көзім қайтадан көре бастады.
Соғыс біткесін Берлиннен Белоруссияға үш ай жаяу жүріп келген сарбаздар қатарында болған Жүнісбек Кәрімов елге бірден оралмай, Минскке аттаныпты. Бірақ ол жақта лайықты жұмыс таба алмай, Берлиндегі авиациялық училищеге оқуға түседі. Оқуын аяқтаған соң Белоруссияға барып, ұшақтың инженер-электригі болып жұмыс істепті. 1951 жылдың мамыр айында әскерден отанына оралып, Ақмолада теміржолда механик болып жұмыс істеді. Сол жерде 47 жыл бойы қызмет етіп, 1986 жылы зейнетке шығыпты.
Жүнісбек Кәрімов екі ағайынды екен. Інісі де соғысқа кетіп, сол беті қайтып оралмаған. «Әкем мені соғысқа өзі шығарып салды. Менен кейін інім де соғысқа аттанған екен. Әкем ешқашан ауырмаған адам еді. Мен кеткен соң үш айдай отырып уайым ішіне түсіп өмірден өтіпті. Үйде анам жалғыз қалыпты».
Екі ұл, екі қызынан немере-шөбере сүйген Жүнісбек ата бір жыл бұрын дүние салған зайыбы Тапура Кәрімованы сағынышпен еске алып, көзіне жас алды.
– 67 жыл бірге өмір кештік. «Отбасында ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды» дейді ғой, бірақ біз ешқашан ренжіскен емеспіз. Ол өмірден озғалы көзімнің жасы құрғаған жоқ, – деп сөзін аяқтады Жүнісбек Кәрімов ата.

«Қара қазан, сарыбаланың тілеуімен» аман оралған

Отан соғысының ардагері, «ІІ Дәрежелі Отан соғысы» ордені мен «Германияны жеңгені үшін» медалінің иегері Ахат Бекмадияұлы бұл күнде 97 жасқа келсе де, денсаулығы жақсы, қимылы да ширақ. «Ата, бұйырса, 100-ге толған ғасырлық жасыңызда осында тағы қонаққа шақырамыз» деп сөзге тартсақ, «Қазақта 30 жасқа бір жас қосатын салт бар, сол бойынша қазірде 100-ге толдым ғой» деп ақсақал әңгімесін былай сабақтады.
– Мен ақ сабан уақытында дүниеге келдім. Ақ сабан егін жиналатын мезгіл ғой. Мен туған 1923 жылы тіркеу деген жоқ қой. Анығы – ақ сабан уақытында туғандығым болғандықтан, кейіннен туған күнімді 1 қыркүйек деп жаздырып алдым. Бұл күн білім күні мерекесі екені белгілі ғой. Өзім 44 жыл мұғалім болып жұмыс істедім. Сондықтан осы күн жаныма жақын.
Ал мен соғысқа алғаш шақырылғандардың бірімін. Ақмола қаласында бір ай дайындап, осында жасақталған 90-полк қатарында соғысқа аттандым. Біз соғыспен Мәскеудің арғы жағында бетпе-бет келдік. Алдымызда жау, артымызда Мәскеу болды. Көбіміздің қолымызда қару болған жоқ. Біреуге мылтық берсе, біреуге оқ берді, біз соғысқа осылай араластық. Шынын айтайық, Мәскеу қолдан кетіп қала жаздады, 1941-1942 жылдары жазда шегініп, қыста шабуылға шықсақ, 1943 жылы жазда шабуылға өттік. Себебі фашистер «Кеңес одағының солдаттары соғысуды білмейді, ауа райын пайдаланып, қыста ғана шабуылға шығады» деп бізді масқаралады. Осы сандырыққа тойтарыс беру үшін біз жазда шабуылға шықтық. Оның соңы Берлинді алумен аяқталды.
Қазақта «қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды» деген аталы сөз бар. Бірақ Кеңестер одағы кезіндегі қатаң саясат қазақ даласының қағазға түспеген ол заңына қараған жоқ. Талай шаңырақтың жалғызы ел үшін қолына қару алып, майданға аттанды да, кейбірі сол беті оралмай, көп шаңырақтың түндігі ашылмай, түтіні біржола өшті. Ахат та бір-бір әкеден жалғыз еді. Марқұм ұлы атасы Олжабайдың Бекмадия, Ахмедия, Мұхамедия және Рахметолла деген төрт ұлы болғанымен, сол төрт шаңырақтан ұябасар ұл осы Ахат қана екен.
– Соғыста екі рет жараландым, «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, су ішерім бар ма, жоқ артта қалған төрт бірдей шаңырақтың тілеуі ме, әйтеуір, мен соғыстан аман оралып, Олжабай атамыздың өшкелі тұрған ошағының отын қайта тұтаттым. Егер соғыста мен олай-бұлай болып кетсем, Олжабайдың ошағының оты өшетін еді. «Қабырға қара қазан төңкеру» деген ескі дәстүрді білесіңдер ме? Қайтыс болған адамның артында ұрпақ қалмаса, зиратына қара қазанды төңкеріп тастайтын. Қара қазан қазақ үшін қасиетті ұғым ғой. Мен соғысқа аттанғанда, марқұм әкем және аға-бауырлары мойнына бұршақ салып, менің амандығымды тілеп қалып еді, мүмкін солардың тілеуі қабыл болған шығар, соғыстан аман оралдым. Бес балам бар. Немере, шөбере сүйдім. Бұл да Құдайдың маған берген бағы шығар» деді Ахат ақсақал жас күніндегі бейнеттің қартайғанда зейнетін көріп отырғанын айтып.
Ғалым Қожабеков: Сіз Мәскеуде өткен парадқа қатынасқан еліміздегі санаулы ардагердің бірісіз. Соғыстың зұлматын көріп, майданда жаралансаңыз да, әлі тыңсыз. Денсаулығыңыз да жақсы. Кеңесіңізді тыңдауға жиналған жастарға денсаулықты сақтау жөнінде қандай кеңес айтар едіңіз? Соғысқа қатысқан адамдар денсаулығын қалай қорғауы керек?
Ахат ақсақал: Мен көп әрекет етемін, таңертең ерте тұрып, гимнастика жасаймын. Үйлесімді тамақтанамын. Ол – жас күнімнен қалыптасқан әдет. Сол гимнастиканың көмегі шығар, қазір денсаулығым жақсы. Бұл, бір жағы, Алланың берген қуаты ғой, балаларым! Менен көп жастар «арманыңыз бар ма?» деп сұрайды. Армансыз адам болмайды ғой, десе де қартайған, төрінен көрі жуық адамдардың бәрінде бір арман болады. Өлмейтін сайтан емессің, адамның жаны Алланың аманаты ғой. Сол аманатты қиналмай тапсырсақ, ешкімге салмағымызды салмай, бейнетімізді тарттырмай, төсек тартып жатып, ешкімге қадырымызды кетірмей, о дүниеге аттансақ болды. Қазіргі ең үлкен тілеуіміз – осы. Асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Бақытты ғұмыр кештім. Қазақта «бала шырақ емес, келін шырақ» деген сөз бар, біз сияқты қарттарды күтімдеп отырған қазақтың келіндері аман болсын!

Сұхбатты әзірлеген
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ,
Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды