Соғысты Жапония майданында аяқтаған

0 8

Елордамызда тұратын Ұлы Отан соғысының майдангері Тұрысбек Садықұлы жақында 97 жасқа толды. Немере-шөберелерінің қызығына кенеліп жүрген қадірменді қарияның хал-жағдайын білдік.Тұрысбек Садықұлы 1924 жылы Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы Үлгілі малшы ауылында дүниеге келген. 1942 жылы орта мектептің 4-сыныбын бітіріп, 17 жасында майданға аттанады. Оны Чита облысындағы әскери-теңіз флотына жібереді. Әскери қоймалар мен әскери базаны күзету бөлімшесінде қызмет атқарған.
Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, 1945 жылы Тұрысбек Садықұлы Жапониямен шекараға әскери қызмет атқарып, 1950 жылы елге оралады. Соғыс кезінде тылда еңбек еткен Ғашура Хайруллинамен шаңырақ көтерді.
Ардагердің қызы Әлия Садықова: «Әкеміз ғасыр жасап, Жеңістің 75 жылдығын атап өтуге жеткен санаулы ардагерлердің бірі болып отыр. Балаларының күтімінің арқасында жағдайы жаман емес. 16 немересі мен 16 шөбересі бар. «Ұлы Отан соғысы», «Жапониядағы Жеңіс үшін», «Кеңес әскеріне 30 жыл» және басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталған» деп әкесі жайында әңгімелеп берді.
Ғасыр жасауға жақындаған майдангер Тұрысбек Садықұлының отбасына телефон шалып, хабарласқанымызда «Бастарың аман, дендерің сау болсын, соғыс­ты сендерге көрсетпесін, біздің көргенді сендер көрмеңдер» деген тілек сөзін естідік.
Тұрысбек ата саналы өмірінде соғыс туралы естелік айтып, өткен күндерді жиі еске алмаған екен. Сегіз жылға созылған сынақтың ауыртпалығынан да болар. Бәлкім, қатар-құрбылары ажал құшқан майданның ауыр күндерін әдейі ұмытуға тырысқан да болар. Олай дейтініміз, бірде ардагер атамыз соғысқа ауылдасы әрі досы Василий Кузнецовпен бірге аттанғанын айтып, қазіргі күні қатарында жоқтығына қамыққан еді. Сонымен бірге соғысқа аттанған балаң жігіттің алғаш ұрысқа түскендегі 65 градустық қақаған суықтың ызғарын еш ұмытпапты. Мүмкін осы суық соғыстың белгісіндей болып, ардагердің жүрегін әлі де мұздататын болар…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды