Соғысты Балтық жағасында аяқтады

0 84

Ұлы Отан соғысының ардагері Өтепберген Мұстафин 1926 жылдың 15 тамызында Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Татьяновка ауылында дүниеге келген. Соғыс басталған кезде мектепте оқып жүрген ол 1944 жылдың 15 желтоқсанында әскер қатарына шақырылыпты.Шұбаркөлдегі запас полкта 4 ай­лық оқу-жаттығудан өткен жас жауынгер ІІ Беларусь майданындағы 303-ші атқыштар полкінде анталаған жауға тойтарыс берген соғысқа қатысты. Чехияда Одер өзенінен өтіп, шегінген жауға өкшелей соққы берген Өтепберген Мұстафин жеңіс күнін Балтық те­ңізінің жағалауында қарсы алыпты.
– Жеңіс хабарын естігендегі сәтіміз күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. Қаншама боздақтар қыршынынан қиылып, сол күнге жете алмай қалды, қаншама азамат соғыстан мүгедек боп оралды. Адамзаттың басына енді ондай қасіретті бермесін. Қазір міне, егемен еліміз бар, ұлт болып ұйы­сып, халық болып қауымдасып, осы күннің қадіріне жетуіміз керек, – дейді ардагер ата.
Соғыстан кейін де әскер қатарында болған майдангер 1950 жылға дейін қызмет етті. Кейін Свердлов қаласына демобилизацияланыпты.
Өтепберген Мұстафин соғыстан кейін ішкі істер органдарында жұмыс істеді. 1964 жылға дейін Қостанайда күш құрылымдарында, зейнеткерлікке шыққанша Торғай облысының ішкі істер басқармасында қызмет еткен. Жауынгер 5 бала тәрбиелеп, немере, шөбере сүйіпті. Астанаға 2010 жылы көшіп келіп, бала-шағасымен бірге тұрып жатыр.
Майдангер Өтепберген Мұстафин ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, Германияны жеңгені үшін» және көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − three =