«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Соғысқа сұранып барған

0 251

Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагері, бұрынғы партия-кеңес қызметкері, ағарту ісінің үздігі, ғасырға жуық жасаған қазыналы қарт Асылхан Табылдыұлы Бекбаев жайлы сөз қозғаудың жөні бөлек.

…1941 жылы 22 маусымда гитлерлік Германия КСРО-ға опасыздықпен шабуыл жасады. Сол күні-ақ қаншама қазақтың азаматы белін бекем буып, өз ұрпағының келешегі үшін майданға аттанды. Асылхан Бекбаев та сол мил­лиондардың бірі болды. Майдангер 1924 жылы 31 нау­рызда Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданына қарасты Семеновка ауылында дүниеге келген. 1933 жылдан 1940 жылға дейін Семенов жетіжылдық мектебінде оқығаннан кейін, Семей геологиялық-барлау жұмысшы факультетіне оқуға түседі. Алайда бұл оқу орны 1941 жылы жабылып қалады да, екі курсын ғана тәмамдаған ол туған ауылы Семеновкадағы пошта байланысы бөліміне қызметке кіріседі.
Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл Кеңес­тер Одағы сияқты, алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Елдің түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектеп партасында отыр­ған уыздай жас өскіндер атойлап алғашқылар қатарында соғысқа сұранды. Міне, солардың қатарында Асылхан Бекбаев та 1942 жылдың маусым айында Кеңестік әскер қатарына алынады да, генерал Хрюкин қолбасшылық ететін 3-Беларусь майданында Беларусь және Балтық жағалауы аймақтарын неміс басқыншыларынан азат ету соғысына қатысып, Ұлы Жеңісті Кёнигсберг түбінде, Шығыс Пруссияда қарсы алды.
Соғыс аяқталғаннан кейін де әскери қатарда біраз жыл қызмет істеген Асылхан 1950 жылы ауылына оралды. Туған жеріне жетісімен халықтың хал-жағдайын жақсартуға бір кісідей атсалысып, тыл майданындағы қат-қабат шаруаға араласып кетеді. Осылайша өмірдің зырылдаған доңғалағы оны шыр айналдыра отырып, талай істің басына әкеп, талай еңбек биігіне көтерді. Еңбек жолында қай істе де біліктілікпен, асқан жауапкершілікпен көзге түсті. А.Бекбаев зейнеткерлікке шыққанға дейін М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық училищесінің директоры қызметін атқарды.
– Қазір біз болашағы жарқын, бағыты айқын тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ бұл азаттықтың қалай келгенін, әрине, біледі. Ұлан-ғайыр кең даламды соғыс өрті енді шарпымасын, – деп тілейді қазыналы қария. Соғыстан соңғы өмірінде күні бүгінге дейін ол осы ізгі тілегімен, аға буынның қан майдандағы жан алып, жан беріскен ерлігін айтумен келеді.
Жыл сайын соғыс ардагері асыға күтетін 9 мамыр – Жеңіс күні Қазақстанның барлық қалалары мен ауылдарында Даңқ монументтеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері өтеді. Соғыс және еңбек ардагері, бүгінде жасы 96 жасқа шыққан Асылхан Бекбаев та «І дәрежелі Отан соғысы» және «Құрмет белгісі» ордендерін, «Фашистік Германияны жеңгені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Кеңестер Одағының маршалы Г.К.Жуков медалімен» және басқа да көптеген наградалармен марапатталған.
Уақыт өз дегенін жасайды. Жыл өткен сайын бізге жеңіс сыйлаған ардагерлеріміз бен тылдың қара жұмысында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Сиреп емес-ау, саусақпен санарлықтайы ғана қалыпты. Ол заманның адамдарына қарасаңыз, қайтсем де адамзат баласына пайдам тиер деген мақсатпен өмір сүрді. Осы мінездері бүгінгі ұрпаққа сабақ болса екен.
Кеудесі соғыс және еңбек марапаттарына толы Асылхан Бекбаев қарт қазір елорданың төрінде, әулетінің ортасында бай-бақуатты өмір кешуде.

Майра ШӨКЕН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды