Соғысқа екі мәрте аттанған майдангер

0 118

Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында тұратын майдангер Әзімбай Майриков – соғысқа бір емес, екі рет барған адам. Және ол жеңісті жақындатуға үлес қосумен бірге соғыстан кейін де әскери борышын жалғас­тырып, қираған қалаларды қалпына келтіруге қалған. Майдан даласындағы жүріп өткен жолдарынан оның қайсарлығы мен табандылығы байқалады.Әзімбай Майриков 1924 жылы 1 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Жаскешу елді мекенінде (Жамбыл колхозында) дүниеге келген. Соғысқа 1942 жылы қыр­күйек айында аттанып, Саратов облысы Пугачев қаласында жаяу әскер армиясына түскен. Сол жерде алғашқы әскери дайындықтан өтіп, ефрейтор-жаяу әскер мамандығын алып соғысқа аттанады. Бірақ қаһарлы соғыста жүріп қатты аяз қысқан мезгілде аяқ-қолдары үсіп, ол жерде ем-дом қонбаған соң әскерден кері қайтарылған. Елге оралған соң шамамен бір аптадан соң воен­коматтан адамдар келіп, жас жігітті Ташкент қаласындағы әскери госпитальға апарып емдейді. Атамыз жазылғаннан кейін Ташкент қаласындағы Вревский стансасындағы әскери бөлімге шақырылған. Сол жерден қайтадан әскери дайындықтан өтіп, бұл жолы байланысшы мамандығын алып, қайтадан соғысқа аттанған. Бұл жолы, яғни 1943 жылы «1 Беларусь» майданында №156 байланыс полкына тап болады, бұл әйгілі Маршал Г.Жуковтың басшылығындағы полк болатын. Майдангер сол кезде жас болғанына қарамастан аса жауапты міндетті атқарған. «Байланыс күні-түні тоқтамасын деп сымдарды жалғап тұрдық. Өйткені бомба түседі не танкі үзіп кетеді. Соны түн болса да барып жалғауымыз керек» деп еске алады ардагер.
Ардагердің соғыс кезінде бастан кешкені бүгінгі жас ұрпақ үшін ертегі секілді. Ал шын мәнінде сол күндердің қиындығы, майдандастарының көз алдында оққа ұшқан ауыр көрінісі ардагердің жүрегіне өз ізін қалдыр­ған. Ардагер майдан даласында Беларуссиядан бастап Варшава, Лодьз, Врослав, Познань қалаларынан өтіп, сол қалаларды фашистерден азат етуге қатысқан. Висла, Одра өзенінің бойында аса ірі шайқас болып, фашистер әскерді өзеннен өткізбей, қатты қарсылық көрсеткенде Одра өзенінің бойында арғы жағаға өте алмай, бір ай шамасында тұрып қалып, соңында барып бір өтіп, ақыры фашистерді жеңіп, жеңісті Берлинде қарсы алған. Әзімбай Майриков соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Ерлігі үшін», «Варшаваны босатқаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германиядағы жеңісі үшін» ордендерімен, маршал Жуков медалімен марапатталған. Ал соғыс­тан соң әскер қатарында Әзербайжан мемлекетінің Баку қаласында, одан соң Грузия мемлекетінің Тбилиси қаласында әскери борышын өтеп, қалаларды қалпына келтіру жұмыс­тарына қатысқан.
Майдангер елге 1947 жылы оралғаннан кейін Ленин колхозында мектепте аз уақыт жұмыс істеген. Қойшыларға арналған «Қызыл бұрыш» кітапханасында кітапханашы, кейінірек Жамбыл колхозында электр дәнекерлеуші болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке сол жерден шыққан. Өмірі ерлікке толы, ел үшін қылған адал қызметпен өткен қария – Сарыағаш ауданының құрметті азаматы. 1943 жылы мектепті аяқтамастан майданға аттанған бозбала бүгінде тоқсанның бел ортасына келіп, немере-шөберелердің қызығына кенеліп отырған жайы бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + 16 =