Соғыс өрті өршімесін

0 68

27 қыркүйек күні Армения мен Әзірбайжан арасында соғыс өрті тағы тұтанды. Бірінші болып Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі Арменияның қарулы күштері миномёттармен және ірі калибрлі қарумен республиканың бірнеше елді мекендерін атқылағанын жеткізді. Сәл кейінірек мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасы президентінің баспасөз хатшысы Ваграм Погосян әзірбайжан жағы Степанакертті артиллерия оғының астына алды деп кінәлады.

Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі мұны Арменияның соғыс қимылдарына қайтарылған «жауап» деп отыр.
Күрделі жағдайға байланыс­ты Армения премьер-министрі Никол Пашинян төмендегідей мәлімдеме жасады.
«Құрметті отандастар, Армения үкіметінің шешімі бойынша әскери жағдай мен жалпыға ортақ мобилизация жарияланды. Барлық жеке құрамдарға әскери комисариатқа келу бұйырылды» деп жазды ол Facebook парақшасында.
Әзірбайжан Президенті Ильхам Алиев те халқына үндеу жасады. Ол Ереванды «кезекті әскери арандату жасады» деп айыптап, Баку тек «ел аумағының тұтастығын қорғауда» екенін жеткізді. Сондай-ақ «Арменияның Әзірбайжан жерін отарлау саясатын» жазғырды.

ДЕРЕКТЕР ДӘЛ ЕМЕС

Қазіргі күні соғыс қимылдарынан екі жақтың қандай шығындарға батқанын дөп басып айту мүмкін емес.
«Барлау деректері бо­йын­ша, жексенбі күні соғыс қимылдары кезінде Армения орасан шығынға батты. Әзірбайжан армиясы жаудың 22 танкін, басқа да ауыр бронетехникасын құртты. 15 «ОСА» зенит-ракеталық кешен, 18 ұшу аппаратын, 8 артиллерия­лық қондырғы, 3 қару-жарақ қоймасы жойыл­ды. 550 әскері опат болды» делінген ресми мәлімдемеде.
Өз кезегінде Армения Қорғаныс министрлігінің өкілі Арцрун Ованнисян 200 әзірбайжан сарбазын өлтіргенін айтуда. Сондай-ақ «Әзірбайжанның 4 тікұшағын, 27 ұшу аппараттарын, 33 танкі мен БМП, екі инженерлік бронетехниканы жойдық» деді.
Таулы Қарабақта кескілес­кен соғыс жүріп жатыр. Майдан даласындағы жағдай кез-келген сәтте өзгеруі мүм­кін. Қазіргі күні Армения бірнеше елді мекендерінен айырылғаны анық. Қарабақ көсемі Араик Арутюнян бінеше елді мекендерден айырылғандарын, адам шығыны орын алғанын мойындады.
Әзірбайжан Қорғаныс министрлігінің дерегі бойын­ша, елдің қарулы күштері Агдери мен Тертер аудандарында, Физула мен Джебраиль бағыттарында шабуылға шықты. Әзірбайжан Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Анар Эйвазов ел армиясы Физула ауданының Гараханбейли, Гервенд, ­Юхары-Абдулрахманлы және Кянд-Горадиз ауылдарын, Джебраил ауданының Бейюк-Марджанлы және Рюзгар ауылдарын басып алғанын айтты.
Түркия бірінші күннен Әзірбайжанды қолдайтынын ашық әрі батыл мәлімдеді. Армяндар жағында Ресей құлағы қылтиып тұрғаны жасырын емес, бірақ екі алып ел әзірге ашық жауласуға бара қойған жоқ. Әйтсе де Әзірбайжанда кезекті әскери жаттығулардан кейін қалған Түркияның көптеген бронетехникасы, артиллериялық және ракеталық қондырғылары, ұшқыш аппараттары шоғырланып тұр.
Ресей жағы да қарап қалған жоқ. Шілдедегі төрт күндік әзірбайжан-армян қақтығысынан кейін РФ Арменияға әуе жолдары арқылы 400 тонна әскери жүк жеткізген. Ол туралы сәл бұрынырақ, 12 тамызда ел Президенті Илхам Алиевтің баспасөз қызметі мәлімдеген болатын. Оның үстіне Арменияда Ресейдің әскери базалары да тұрғанын ұмытпайық.
Тағы бір ескере кете­тін маңызды жайт, ­әзір­байжан-армян қақтығысы «Кавказ-2020» командалық-штабтың оқу-жаттығулары өткен 21-26 қыркүйектен кейін, бір күннен кейін басталды. Бұл да Түркия мен Ресей арасындағы мүдделер қайшылығы бар екенін айқын білдіреді. Оның үстіне ресми Анкара Сирия, Ливия және Ирак та Мәскеумен жиі шекісіп қала беретін болды. Ал Түркия­ның ұшу аппараттары соғыс даласының нағыз қырып-жойғыш қаруына айналды.

ӨЗГЕ ЕЛДЕР ДЕ АЛАҢДАЙДЫ

Әзірбайжан-армян қақ­тығысына Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі алаңдаушылық білдіріп, төмендегідей мәлімдеме жасады:
«Қазақстан Республикасы 2020 жылдың 27 қыркүйегін­де орын алған әзірбайжан-армян қақтығысына аса алаңдау­шылық білдіреді. Бізге достық қатынастағы Әзірбайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық іс-шараларды жасауға, күш қолданбауға және өзара келіссөздерге келуге шақырамыз» делінген ҚР СІМ мәлімдемесінде.
Ресей СІМ жанжалдасушы екі тарапқа соғысты тоқтатып, келісімге келуге шақырды. Осыған орай Ресей СІМ Сергей Лавров Әзірбайжан СІМ басшысы Джейхун Байрамовпен, Армения СІМ басшысы Зограб Мнацаканянмен телефон арқылы сөйлесті. Сондай-ақ Түркия СІМ басшысы Мевлют Чавушоглыға телефон соқты. ЕО басшысы Жозеп Боррель екі тарапты атысты тоқтатуға шақырды.
Түркия Президенті Реджеп Эрдоған Twitter парақшасында халықаралық қауым­дастықты Әзірбайжанды қолдауға шақырды.
Сарапшылар Түркияның әзірбайжан-армян қақтығысына қатысуы өңірдегі геосаяси жағдайды мүлдем өзгертіп жіберуі мүмкін деп қауіптенеді.

ЕСКІ ДАУДЫҢ ДАБЫРЫ

Естеріңізге сала кетейік, Таулы Қарабақтағы этно-саяси жағдай көптен бері қоздап келе жатқан қанды жара еді. Ол әредік ушығып барып басылатын. Бұл аумақ Әзірбай­жан иелігінде орналасқанымен, онда армян ұлты көп тұрады, олар ел құрамынан бөлініп шығып, Армения Республикасына қосылуға ниетті екендерін әлденеше рет мәлімдеген. Кикілжіңнің бәрі осы тұстан туындап отыр. КСРО кезінде 1987 жылы екі жақты қақтығыс тұтанып, ол үздік-создық 1990 жылға дейін жалғасты, екі жақтан жүзге тарта адам қаза тапты.
КСРО құлаған соң, 1991-1994 жылдары соғыс өрті бұрынғыдан бетер өршіп кетті. Оған мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының қарулы жасақтары мен Арменияның әскері, оларға қарсы Әзірбайжанның армиясы соғысты. Қазіргі кезде Әзірбайжан Республикасы құрамындағы Таулы Қарабақ автономды облысы мен оның маңайындағы бірнеше аудандарды өзінің егемендігін жариялаған Таулы Қарабақ республикасының билігі бақылауында ұстап отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 15 =