Соғыс кітабының ашылмаған беттері

0 366

Жаһан тарихында бұрын-соңды болып көрмеген екі бірдей алапат соғысымен ерекшеленетін ХХ ғасырдың қойнауында жатқан қалың қатпардың қалтарысы әлі де көп. Әсіресе, аспан асты, жер үстін апшыдай қуырып, өрттей жалмаған соңғы сұрапыл соғыстың беймәлім сырлары ұшан-теңіз.     

Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы мен барысы, аяқталуы мен жеңісі КСРО тарихында қалай баяндалғаны баршаға аян. Соғыс шындығын кеңестік идеология тізеге салып отырып, өз мақсатына мейлінше молынан пайдаланды. Рейхстагқа тігілген жеңіс туы Кеңес өкіметінің өзіне деген сенімділігін күшейтіп желпіндірді, жеңіс тақырыбы жетпіс жыл бойы таусылмас азық болды. Осы жеңіс арқылы кеңестік идеологтар шын мәнінде әділетті қоғам құрғандығын, жер бетіндегі зұлымдық атаулыға қарсы күресте қызыл коммунизм идеясынан өзге идеяның іске алғысыз екендігін бөтен пікір, бөгде ой қалдырмай аяусыз және алғаусыз дәлелдеді. Қызыл төңкерістен басталған қызыл қырғынды бастан өткерген кеңес халқы қаласа да, қаламаса да осы шындыққа бір кісідей жабыла-жаппай сеніп, ұлт мәселесін біржола шешкен «ұлы орыс халқының» әлеумет ісінен рухтанып қуат алды.

«Үй артында кісі бар» демеген Кеңес өкіметі өз шындығына өзі алданып, қарсы келгенді қынадай қырып салды, өзі социализмнің «даңғыл» жолына түсірген Шығыс Еуропа мемлекеттерін әлденеше рет танкімен таптап, мойынсұнуға мәжбүр етті, сөйтіп, ұланғайыр кеңістікте кемеңгер көсем, жақ талмас шешендер бастаған Кеңес империясы салтанат құрды.

Әйтсе де, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі көсемнің өліп, шешеннің сөнетін күні жақындағандығын көрсетті. 1991 жылғы тәуелсіздік шеруі жалғаншы қоғамның күйрегенін, өз тарихы мен мәдениеті, асқақ рухы бар ұлттардың жойылмағандығын дәлелдеді.

Мұнан әрі басқаны айтпағанда, тәуелсіз мемлекеттердің шынайы тарихын қалпына келтіру мәселесі алға шықты, әрбір ұлт тарихтан өз орнын іздей бастады.

Бұл – таза табиғи заңдылық. Бірақ тарихқа қиянат жасамау – шарттылық.

Екінші дүниежүзілік соғыс пен оның құрамдас бөлігі аталған Ұлы Отан соғысы тарихымызда тиісті бағасы беріліп, лайықты орнына қойылмаған ақтаңдақ беттердің бірі. 1933 жылы үкімет басына келген Гитлермен одақ кұрмақшы болған КСРО Кеңес-Герман келісімшартын (1939) жасасуға мәжбүр болды, сөйтіп, бес қаруын сайлап отырған фашистік мемлекетпен сыбайлас болып шыға келді. «Молотов-Риббентроп пактісінің» құпия хаттамасы бойынша екі ел Еуропадағы «мүдделі аймақтарын» бөлісіп алысты. Балтық теңізі жағалауы елдері, Шығыс Польша, Финляндия, Солтүстік Буковина мен Бессарабия КСРО-ның ықпалында, Еуропаның қалған елдері толығымен Германияның ықпал аймағында қалуға тиіс болды. КСРО-мен құпия келісімге келгеннен кейін бір аптадан соң, яғни 1939 жылғы 1 қыркүйекте Гитлер Польшаға соғыс ашты. 1939 жылы 28 қыркүйекте И.Сталин мен А.Гитлер дипломаттары тағы да бас қосып, «Достық және шекара туралы» келісімге қол қойды. Ол келісім бойынша Польша мемлекетін жою, екі ел шекараларын «Керзон шебі» бойынша бекіту көзделді. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына осылайша үлес қосқан КСРО араға екі жыл салмай өзі де соғыс өртінің астында қалды.

1937-38 жылдары кәсіби офицерлердің үштен бірін өз қолымен қырып салған И.В. Сталин 1941 жылы ұрыс тактикасынан бейхабар қолбасшылардың басқаруымен жауды жалаң қылышпен қарсы алды деуге болады. Кеңес елі, қазақ жауынгерлерінің соғыста жан аямай ерлік көрсеткені туралы Отан әдебиетінде кеңінен жазылған. Сол әдебиеттер арасында ұлтымыздың біртуар көрнекті азаматы, жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» атты шығармасы елі үшін қан төккен қазақ жауынгерінің ерлігін кеңінен баяндайды.

1941 жылы маусым айы мен қараша айының ортасында, небары бес ай ішінде төрт миллионға жуық қызыл әскер лек-легімен неміс тұтқынына түсті. Бұл бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген жайт болды. Немістер, тіпті, өздері осыншама тұтқынмен не істерін білмей әлек болғанын кейін біліп отырмыз.

Өз өкіметіне керек болмаған кеңестік тұтқындарға неміс солдаттарының шектен тыс қатыгездікпен қарауына бұл жайдың ықпал еткендігі анық. Нәтижесінде сұраусыз қалған миллиондаған адам фашистік концлагерьлерде аштық пен азаптаудың құрбаны болып, тағдыр тәлкегіне ұшырады.

Жазықсыз жандардың жанын сақтап қалуды ойластырған Мұстафа Шоқай секілді ұлтшыл қайраткерлер сатқын ретінде айыпталып, Кеңес өкіметінің бітіспес жауына айналды. КСРО-ның адам тағдырын ойыншыққа айналдырған солақай саясаты тұтқынға түскен Власов секілді қолбасшылардың Германиямен келісуге ұмтылуына алып келді.

Миллиондаған адамның қасық қанын төгіп жеткен жеңістен кейін Германия концлагерінен шығып, сталиндік көлгір насихатқа малданып елге қайтқан мыңдаған тұтқындар мен партизандық соғысқа қатысушыларды, тіпті, соғыс жылдары Германияға ауыр жұмысқа зорлап әкетілген жастарды да Кеңес өкіметі аяусыз жазаға тартты, батыстан қайтқан тұтқындардың батыс тірлігінен түйген бөгде пікірлерінен сескенді.

1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін қайтадан күшіне еніп, ату мен асудан қалғаны Сібірге айдалып, Кеңес түрмесіне 10-15 жылғы тоғытылып, Түркістан легионына қатысы бар деген айыппен сотталып, атылған болатын. Осы сотталғандардың көпшілігі қазақ жігіттері еді.

«Халық жауы» ретінде адам төзгісіз жағдайда ұсталған олар тегін жұмыс күші ретінде шамадан тыс ауыр жұмыстарға пайдаланылды. Және осы жер аударылғандар мен саяси тұтқындарды жегу арқылы Кеңес өкіметі ұзақ жылдар бойы стратегиялық маңызы зор құрылыс жұмыстарын жүргізіп келгені бөлек әңгіме.

Жер аударылғандардың саяси құқықтарын айтпағанда, қарапайым адамдық ар-намысы күнделікті аяққа тапталып, үздіксіз қорланды. Сталиндік қуғын-сүргін тиранның өзі өлгеннен кейін бір-ақ тоқтады. Алайда, хрущевтік жылымықта елге қайтқан тұтқындардың денесіндегі фашистік Германия мен КСРО салған таңбалар өшкен жоқ, қайта елге келген соң да саяси сенімсіз аталып барша қоғамдық игіліктердің қызығын көруден құралақан, ғаріп өмір одан әрі жалғасты. Пешенесінде зорлық-зомбылықтан көз ашпай сансыраған, ескексіз қайықтай қаңғалақтаған жандардың жанайқайын ешкім естігісі келмеді.

Бұл ретте, кейбір Батыс елдері тұтқыннан қайтқан әскерлерді тексеруден өткізгеннен кейін, оларға психологиялық жәрдем, ақшалай көмек беріп отырғандығын айта кету керек. Мәселен, Англияда тұтқыннан аман қайтқан әскерлерге «Аман-есен қалғаны үшін» деген медаль берілсе, Франция, АҚШ үкіметі тарапынан тұтқыннан қайтқан офицерлерге соғыс құрбаны болғаны үшін, мемлекетке өз тағдырын тапсырып, жанын аманатқа бергені үшін әскери қылыш пен қызмет ұсынылған. Бұл мемлекеттің жеке адам алдындағы кінәсін мойындауы деген сөз еді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын, яғни 2004 жылы мен Америка Құрама Штаттарының Стэнфорд университеті жанындағы аты әлемге әйгілі Эд. Гувер атындағы Соғыс, революция және бейбітшілік мұрағатында жұмыс істеген едім. Бұл – мұрағат ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ресей империя-сында болған саяси дүрбелеңдер мен революциялар, Азамат соғысы, сталиндік режимге қарсы оппозициялық күштердің еңбектері мен естелік-деректері, Екінші дүниежүзілік соғыс туралы мәліметтердің аса молдығымен ерекшеленеді. Ең бастысы, ондағы деректердің саяси мәніне қарай біздегіше мынау дұрыс, анау бұрыс деп жіктелмегендігінде. Яғни ағы да, қызылы да зерттеушіге бірдей ұсынылады. Шындық салыстырудан шығатын болса, теңдей қарап тексере білгенге талай көмескі дүниенің беті ашылары сөзсіз. АҚШ мұрағаттары, құжаттары негізінде 2005 жылы «Қызылдар мен қаралар» атты кітабым шыққан еді. Осы мұрағатта соғыс кезінде тұтқынға түсіп, бірақ соғыстан кейінгі «Қайтыңдар, Кеңес елі сендерге кешірім береді!» деген жалаң ұранға сенбей шет елде қалған бейшаралардың хаттары, күнделіктері мол.

Түрмеде шіріп, айдауда ажал құшудан аман қалып, қайта қатарға қосылған бұл азаматтардың туған елдің ауасы мен өскен жердің топырағын аңсап сағынумен өткен ғұмыры – өз алдына трагедия.

Ресей елінің ірі тарихшыларының бірі, академик Дмитрий Волкогоновтың 1989 жылы И.Сталин туралы «Триумф и трагедия» атты көлемді кітабы шықты. Осы кітапта тұтқынға түсіп, бірақ кейін елге қайта өткен әскерлерді айта келе 44 адамы бар, қару-жарағы қолында (немістен тартып алған) Бергенов деген қазақ жігітін арнайы атап өтеді.

Коммунистік кезеңде де, одан кейін де Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен Кеңес азаматтарының тағдыры, оның ішінде қазақ ұлдарының ауыр да алмағайып пешенесі туралы егжей-тегжейлі жазыла қойған жоқ. Саясаттануда «империялық идеология» деген ұғым бар. Оның міндеті – белгілі бір қағидаларды минут сайын, секунд сайын ақпарат құралдары мен пионер, комсомол, коммунистік партия ұйымдары арқылы күні-түні уағыздап, халықтың құлағына құя беру, «жоғарының» айтқанына көнбеген адамдарды жиналысқа салу, қорқыту, қаралау, түрмеге жабу, мемлекеттік көмектен айыру, оны «халық жауы» деп жариялау. Міне, осыны көрген біз соғыс тұтқындарын тек «опасыз» және «сатқын» ретінде таныдық. Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романындағы көркем образдар арқылы жеңімпаз әскерді ғана білдік. Ал осы сұрапыл соғыстың басқа көлеңкелі қыры майданда тұтқынға түскен әскер тағдыры жабулы қазан күйінде жатқан еді. Осыдан бірталай жыл бұрын мен Қызылорда облысы Жаңақорған шипажайына дем алуға барғанымда дәрігер Молдахмет Бәдешұлымен таныстым. Молдекең сөз арасында атасы Сүлеймен ақсақалдың сол сұрапыл соғысты бастан өткергені, өз көзімен көргені жайында әңгіме өрбіткен еді. Жазылған қолжазбамен таныса келе байқасам, Сүлекеңнің жазғаны Отан тарихнамасында сирек кездесетін жабық тақырыпқа арналған, оқыс ойларымен оқшау тұрған жинақ деуге болады.

Естелікті толқымай, тебіренбей оқу және ең соңыңда иықтан жүк түскендей авторға зор тілектес бола отырып, өткенге салауат айтпау мүмкін емес. Естелік соғысқа дейінгі кеңестік ұжымдастыру науқанынан басталады. 1931-33 жылдардағы ашаршылықта халықтың бір үзім нанға зар болғаны, кеңестік ұрда-жық саясат жүзеге асқаны бүкпесіз баяндалады. Соғыс басталғаннан кейін комсомол болып «өз еркімен» майданға аттанғандардың қандай жағдайға ұшырағаны, әсіресе, орыс тілін білмейтін орта-азиялық жауынгерлердің бейшара күйге түскені, ұрыс кезіндегі солдаттың жанталасы, кеңес әскеріндегі біз білмейтін бей-берекетсіздік, аштық – барлығын бас-тан өткізген адамның қаны сорғалаған шындықты боямасыз, болғанды болғандай етіп жазуы тым әсерлі, тым ауыр. С.Бекенов соғыс кезінде ВКП(б) мүшелігіне өткен адам. Соғыста талай рет ерлік көрсете білген азамат. Ауыр болатыны – мыңдаған солдаттардың қиын-қыстауда әскерін тас-тай қашатын генералдар мен құтқаруға мүмкіндігі болса да әлдебір саяси есептерге бола қол ұшын созбайтын кеңестік әскербасылардың кесірінен оққа ұшып, аштықта шыбындай қырылып, тоз-тоз болатыны. Миллиондаған кеңестік мүскіндердің Германияға итқорлықта айдалғаны, еріккен неміс солдаттарының ермегіне айналғаны. Ең сорақысы, соғыс бітіп, осынша зорлықтан кейін елге қайтамын-ау деген көкірегінде үміт оты жылт еткендердің бар үміті Сібірге, НКВД қармағында үзілгені. Ал шындығында тұтқынға түскен талай жауынгер өздерін ақтап шыққан болатын. Оның бірі – Зиямат Хусанов деген азамат. Тұтқыннан қашқан ол Югослав партизандарына қосылып соғысып, одан кейін елге қайтқан З.Хусановты Сібірге айдаған болатын. Тек Югослав партизандарының көмегімен соғыстан кейін ақталып, Кеңес Одағының Батыры деген атағын алды. Бәрінен де өз елінің қорлығын көтере алмаған талай боздақ өзін-өзі өлтірді, қаншамасы Кеңес концлагерінде із-түзсіз кетті. «Бүйткенше өлгенім жақсы еді ғой» деп бірнеше рет оқталғанымен жеме-жемде дәті жетпегенін айтады автор. Еріксіз күрсінесің, көкейде «Апыр-ай, не деген қоғам еді, адамды қорлаудың бұдан асқан түрі болар ма?» деген ызалы сауал қалады. Сүлекең өзі жазғандай: «Соғыс неге керек, неге кінәсіз бірін-бірі танымайтын, қастандығы жоқ адамдар біріне-бірі жау болып қырылысып жатыр» деген ойлар көп оралады. Бұл өте орынды, жүректен шыққан қарапайым әрбір жауынгердің ойы болатын.

Автордың «Шырақтарым, өзімді-өзім қазақ тұтқыны дегенім қалай болар екен» дегеніне қарамастан естеліктің атын біз, яғни редакция болып ақылдаса келе «Қазақ тұтқыны» деп қойдық. Өйткені, бұл естелікте Сүлеймен ағамен тағдырлас мыңдаған қазақ азаматтарының айта алмай кеткен шері жатыр. Әрі-беріден соң қазақ халқының өзі жетпіс жыл КСРО-ның тұтқыны болды емес пе? КСРО-ның басы бар да аяғы жоқ әртүрлі саяси компаниялары, эксперименттері халқымызды орасан зор шығынға ұшыратты. 1920 жылдардағы аштық, одан кейінгі жаппай кәмпеске-зорлық, 31-жылдардағы ашаршылықпен, үздіксіз қуғын-сүргінмен басталған кеңестік ұлтсыздандыру саясаты қазақты қапасқа қамап, мәңгүртке айналдырғысы келді.

КСРО қазақ үшін жат мемлекет болатын, халық үшін оның пайдасынан зияны мол болды. ХХ ғасырдың тарихы соны дәлелдейді. Аллаға рақмет, енді біз тәуелсіз елміз. Әнұраны мен байрағы желбіреген бұл мемлекет енді өз ұлдары мен қыздарын қорлыққа бермеуі тиіс деген сенімдеміз.

Әумин!

Бүркітбай АЯҒАН,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − four =