Соғыс дерегі сақтаулы

0 91

Әлем тарихында өзіндік орны бар Ұлы Жеңістің 75 жыл­дығы – бәрімізге ортақ ме­реке, ортақ тарих тағылымы, тарихшылар үшін, өткеннен сабақ алуға ұмтылған ке­йінгі ұрпақ үшін мәңгілік тақырып.

Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінде ХХ ғасыр­дың басынан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын Ақмола өңіріне, қала тарихына қатысты 406797 істі қамтитын 710 қор мемлекеттік сақталуда. Архив қорындағы Ұлы Отан соғысының тарихына қатысты құжаттарды орналастыру, жинақталу тәртібіне қарай төрт топ­қа бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, архивтің толықтыру көздері болып табылатын мемлекеттік мекемелер, ұйымдар мен кәсіпорындар қорындағы құжаттар. Бұл құжаттар – сол кезеңдегі Ақмоладағы оқиғалардың құжаттық хроникасы.
32 мыңнан аса халқы бар Ақмола 1939 жылы Ақмола облысының орталығы мәртебесін алады. Майданға 9783 ақмолалық аттанған, оның 7414-і қайта оралмаған, 43 ақмолалық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Соғыс кезеңінің құжаттары биліктің жергілікті органдары мен басқармаларының, ведомство мен ұйымдардың қорларында қаулы-қарарлар түрінде; жергілікті кеңес жұмыстарын әскери уақыт талаптарына сай құру барысы, тылдағы еңбеккерлерінің жанкешті еңбегі туралы жазбалар, анықтамалар түрінде берілген. Бұл:
• соғыс жылдарындағы шаруашылық тұрмысын қайта құру; елдің фашис­тік басқыншыларынан азат етілген аудандарына тұрғындардың жәрдемдесуі;
• эвакуацияланған тұр­ғындарды, өнеркәсіптік кәсіпорындарды, балалар үйлерін және мәдени мекемелерді қабылдау және орналастыру;
• қоныстандырылған халық өкілдерін қабылдау және тұрмыстық орналас­тыру, жұмыспен қамту;
• жұмысшылар колонналарына жұмылдырылған азаматтардың отбасыларының жағдайы;
• жалпы әскери іске үйрету; әуе шабуылына және химиялық қорғанысқа дайындау; Отанды қарулы қорғау;
• өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылы­ғының, көліктің, байланыстың, сауданың және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайы мен дамуы;
• мәдени-ағартушы мекемелердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыз­дандыру, дене шынықтыру және спорт мекемелерінің жағдайы мен жұмысы туралы;
• соғыс батырларының құрметіне аталған көшелер, жеңімпаз жауынгерлерді туған жерінде қарсы алу, жауынгерлік марапаттар туралы көп қырлы ақпаратты қамтитын 48 қордың құрамындағы 1941-1945 жылғы құжаттар.
Ұлы Отан соғысы құжаттарының келесі бір тобы бұл жеке тектік қорларда жинақталған құжаттар.
Майданнан соң еңбек жолын жалғастырып, ғылым, мәдениет, халық шаруа­шылығының түрлі салаларында қызмет еткен Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жеке қорлары.
Бұдан басқа, 47 майдангердің, Сталинград шайқасы ардагерлерінің құжаттары мен фотосуреттері, келесі бір істе 50 ардагердің бейбіт күнде түскен фотосуреттері 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жеке тектік құжаттарының коллекциясында (61 қор) топтастырылған.
Жеке тектік қорлар құрамында отбасылық архивтерде сақталған, кейіннен архивке тұрақты сақтау­ға берілген: Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерінің жеке құжаттары, олардың естеліктері және шығармашылық, әскери, қоғамдық қызметі туралы құжаттары, марапаттау құжаттары, майдандық хаттары, соғыс жылдарындағы фотосуреттері; соғыс және тыл ардагерлері туралы мақалалар және т. б. бар.
Майдангерлердің естеліктері, өмірбаяндары, жауынгерлік марапаттары, хаттарымен архив қорын толықтыру жалғасуда.
Ақмола қалалық әскери комиссариатынан 1942 жылы 8 қаңтарда майданға аттанып, 1945 жылы 10 қазанда оралған, еліне еңбек еткен Жусупов Жақып атамыздың құжаттарын күні кеше ғана ұрпақтары архивке тапсырды. Бұдан басқа да 10 ардагердің құ­жаттары жинақталып, тұрақты қабылдауға алу жұмыстары жалғасуда.
Жеке қорлар туралы айт­қанда Астанада ұйым­дастырылған, отыз жылдай жұмыс жасаған «Мемориалды аймақ» іздестіру отрядының командирі, зерттеуші-ғалым Майдан Құсайыновтың еңбегін айта кеткен жөн, РФ Қор­ғаныс министрлігінің орталық архивінің материалдары бойынша көптеген қазақ­стандық дивизиялар мен полктердің жаппай жерлеу орындарын анықтаған бірден-бір азамат. Майдан ағамыздың ізденген тынымсыз, адал еңбегінің нәтижесінде көптеген солдаттар мен командирлердің есімдері анықталды. «Мемориалды аймақ» іздестіру отрядының жұмысы мен Майдан ағамыздың зерттеулерімен 482, 576-қорлардан танысуға болады.
Құжаттардың енді бір тобы Қазақстанды әлемге танытқан дивизиялардың жасақталуы, әскери әрекеттер хроникасы, соғысқа қатысқан қазақстандық батырлар – Кеңес Одағының Батырлары туралы шетел архивтерінен жинақталған құжаттар.
Ақмола қаласы соғыстың бастапқы күнінен бастап жауынгерлік бөлімдерді жасақтау орталығының біріне айналды. Аса қысқа мерзімде 310, 387-атқыштар дивизиясы, 72-гвардиялық атқыштар дивизиясы, 106-атты әскер дивизиясы Ақмола жерінен майдан даласына аттанды. Ақмолада жасақталған әскери бөлімшелер мен дивизиялардың құжаттары, әскери операциялар, жан алып, жан беріскен қиян-кескі соғыс оқиғаларының толық хронологиясы, жеке жауынгерлер туралы мәліметтері, тарихи формулярлар мен соғыс әрекетіндегі журналдар, әскери әрекеттердің карталары, майдан бо­йынша Ұлы Отан соғысына қатысқандардың тізімдері, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының Батыры, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллин, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров туралы архив деректері
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен (ЦАМО) алынды. Бұл құжаттар 2003 жылға дейін құпия сақталып келген.
Мысалы, архив қорының РФ Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен алынған құжаттар коллекциясында КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының жарлығымен 1944 жылы 26 қазанда Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновке Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы грамота көшірмесі, 1945 жылы 27 маусымда «Алтын жұлдыз» медалімен марапаттап, туған жерінде қоладан бюст орнату жөнінде қаулы қабылданғаны туралы грамота, орден кітапшасының есептік карточкасы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры
Т.Бигелдиновтің қызмет картасы, украин ақыны В.Мартыновтың арнау өлеңі және 1980 жылы 4 шілдеде «Целиноград қаласының құрметті азаматы» атағын беру туралы куәлік көшірмесі сақталған. Осы ­сияқты М.Ғабдуллин, Р.Қошқарбаев, Т.Тоқтаровқа қатысты деректер де бар.
Шетел архивінен жинақ­талған коллекция 430 қорда сақтаулы.
Беларусь Республикасының Ұлттық архивінен партизан қозғалысына қатысқан 73 қазақстандық жауынгерлердің жеке істері алынды.
Пискарев бауырластар зиратында жерленген қазақстандықтар жөнінде де мәлімет жинақталған.
Ресей және Беларусь архивтерінен алынған құжаттар негізінде соғыста қаза тапқан және із-түзсіз жоғалған жауынгерлердің ұрпақтары өз жақындары туралы ақпаратқа қол жеткізді.
Архивте Ұлы Отан соғысына қатысты деректердің аз ғана бір бөлігі – баспа басылымдары, анықтамалықтар, мерзімді басылымдар, плакаттар, жәдігерлер.
Архивтің кітапхана қорында аталмыш тақырыпқа байланысты 100-ге жуық ғылыми, әдеби, деректі басылымдар, естеліктер мен құжаттар жинақтары, анықтамалықтар, ғылыми конференция және дөңгелек үстел материалдары зерттеушілердің назарына ұсынылады.
Айта кетсек, «Боздақтар» естелік кітабы, Ақмола облысы бойынша 8 томдық; «Сұрапыл жылдар қаһармандарына тағзым» ақмолалық майдангерлердің жеңіске жету жолындағы күресі туралы естеліктер жинағы, 6 томдық; Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінде жинақталған деректер негізінде 2010 жылы жарық көрген «Ақмолалықтар – майдан мен тыл шебінде» (құрастырушы – Құсайынов М.К.), 2015 жылы жарық көрген «Говорят архивы…» (құраст.: Ақтайлақ Б., Темирбаева М., Каменұлы А.) және т. б.
Екінші дүниежүзілік соғыс, Ұлы Отан соғысының тарихы, оның себептері мен құпиялары туралы осы уақыт аралығында қаншама архив құжаттарының жинақтары, ғылыми еңбектер, монографиялар, мақалалар жазылды, деректі фильмдер түсірілді, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізілді. 1939-1945 жылдардың тарихына қатысты кеңестік кезеңде зерттеуге тыйым салынған тақырыптар да ашылды, жаңа тұжырымдар жасалды, қайта ой қорыту басталды. Бұл тақырып әдеби-көркем шығармалар мен көркем фильмдердің объектісіне айналды. Десек те, толық және нақты жауабы жоқ сұрақтар өте көп. Саясатты былай қойғанда, соның бірі – хабарсыз кеткендер, белгісіз солдаттар, кеңестік әскери тұтқындар мәселесі.
Бұл ретте еліміздің архив мекемелері қоғамдық ұйымдармен алыс-жақын шетелдердегі архив және кітапхана қорларындағы жаңа құжаттар мен материалдарды анықтау арқылы Қазақстан тарихы жөніндегі тарихи зерттеулердің дереккөздер базасын ұлғайту, Екінші дүниежүзілік соғыстың әскери тұтқындары жөніндегі ақпаратты анықтау, бұрынғы әскери тұтқындардың соғыс кезіндегі және одан кейінгі тағдыры туралы құжаттар мен материалдарды жинақтау жұмысын жүйелі түрде бірігіп атқаруы тиіс.
Қазақстанның әрбір өңірінде Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай арнайы шығарылған «Боздақтар» естелік кітабында майданға қатысушылар мен қаза тапқан, хабарсыз кеткен боздақтар туралы ақпараттық анықтамалық үлкен көмекші құрал болды. Дегенмен жер қойнына сүйегі арулап қойылмаған талай боздақтың есімдері әлі анықталмай отыр.
ТМД елдерінде 800 іздестіру жасақтары өз еркімен сұрапыл соғыста қаза болғандар тағдырын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Осы ретте «Боздақтар» кітабындағы мәліметтер мен тың мағлұматтарды салыстыра зерттеу маңызды. Іздестіру отрядтары мен архивистер еңбегінің нәтижесінде жыл сайын жаңа бір құпия ашылып жатады. Жер-жерде хабарсыз кеткендердің тізімі архивтерден алынған деректермен салыстырылып, ғылыми ізденіс жұмыстары жүргізілуде, тізімді нақтылау жұмыстары жекелеген облыстарда қолға алынғанынан хабардармыз.
Ұлы Отан соғысы мұраларын мәңгі есте қалдыру және барлық мұрағаттық фото және бейне материалдарға, оның ішінде цифрлаудың жаңа технологияларын қолдана отырып, кешенді түгендеу жүргізу жұмыстары архивте жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Бүгінгі ұрпақ қан майданда елі үшін, жері үшін жан аямай күрескен ата-аналарымыздың ерліктерін әрқашан қастерлеп жадында ұстайды. Архив қызметкерлері ақтаңдақтардың беймәлім парақтарын ашу, жаңарып, жаңғырған деректерді қажеттіліктеріне қарай сіздерге ұсыну бағытында жұмысын жалғастыратын болады.

Ғазиза ИСАХАН, Нұр-Сұлтан қаласы  мемлекеттік архиві  ғылыми-зерттеу  бөлімінің басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three − two =