СОҒЫМНЫҢ СЫБАҒАСЫНА ҮЛГЕРСЕ БОЛДЫ ҒОЙ…

0 104

Жылда мереке қарсаңында көптеген студент достарымыз үйлеріне қайтуға билет іздеп әлекке түседі. Жыл сайын қайталанатын көрініс қой деп көбісінің төзімі бұған төселіп те кеткен. Жаңа жылды пойызда, автобуста, ұшақта тіпті болмаса, вокзалдың өзінде-ақ қарсы алатын тұрғындарымыздың легі қаншама.

Эльдар Рязановтың киносында ғана емес, күнделікті күйбең тіршіліктің буымен көп жағдайда он екіні амалсыз жол үстінде қарсы алуға тура келеді. Бірі жолсапарға келіп кешігіп жатады, енді бірі ауа-райының қолайсыздығынан рейстен қалып жатса, тағы бірі ғашығын қимай, енді бірі асылына асығып, дәл сол күні отбасының жылы шырайында шаттыққа бөленгісі-ақ келеді.

Ал, емтиханның әлегімен әуре-сарсаңға түсіп жүретін қарапайым студент қауымы үшін, ең бастысы он екіні қарсы алу емес, жарты жыл көрмеген аналары мен әкетайларының бауырында, мауқын бір басып, еркелеп қайту ғана ғой… Рас, кейінгі жылдары қатарымдағы құрбы-құрдастырымның Жаңа жылға асығып-үсігіп дайындалып жүргендерін байқамаппын. Олардың қатарында өзім де бар сияқтымын. Себебі, небәрі бес күннен кейін келетін мейрамға алабыртып, алып-ұшып жүргенім шамалы. Жылдан-жылға бұл мейрамның жүрегімізден қызуы басылып бара жатқаны, бәлкім, жақсылықтың нышаны шығар. Дегенмен, менің айтпағым, әлгіндегі билет мәселесі. Арнайы 45 күн бұрын тапсырыс беруге мүмкіншіліктері келмейтін, шалғайға қатынайтын біраз достарым биыл да қиналып қалды. Оларды қинайтыны билеттердің жетіспеушілігі ғана емес, оның құнының күннен-күнге қымбаттауы да қалтаға салмақ түсіріп тұр.

PS: Елордада білім алатын 48 мың 606 студенттің жартысына жуығы ескі жылмен жол үстінде қоштасуға әзір. Олар қандай жағдайға болсын әзір, ең бастысы қысқы соғымның сыбағасына үлгерсе болды ғой

 Нұргүл Аханқызы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − fourteen =