«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«SMART AQKOL» жұмысымен танысты

0 271

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Ақкөл қаласындағы «Smart Aqkol» ахуалдық орталығында болды.

«Smart Aqkol» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Цифр­лы Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асырылды.
Ақылды қаланың жобасы инфра­құрылымды, интеграцияланған жүйелер мен мәліметтер талдауы жүйесін бақылауды қамтиды. Барлық мәлімет ахуалдық орталыққа жеткізіледі, онда диспетчерлік зал, мониторинг үшін бейнеқабырға, колл-орталық және бейнеконференция жүйесі бар.
Жоба жүзеге асырылған алты ай ішінде 17,5 талшықты-оптикалық байланыс желілері салынып, LoRaWAN энерготиімді жүйесі қа­лып­қа келтірілді, қоғамдық орындарда Wi-Fi нүктесі ұйымдастырылды.
Бұған қоса, онда цифрлық технологиялар саласындағы ең озық үлгілер жүзеге асырылды. Бірыңғай платформа, қашықтықтан әрі үздіксіз жұмыс істейді: құқықбұзушылықтың алдын алудан бастап, тұрғын үйлер­дегі микроклиматтарды реттеуге дейінгі негізгі процестерді басқарады.
Ақылды қалада қоғамдық қауіп­сіздікті жолдар мен қоғамдық орындарда орналасқан 70 бейнекамера, ал тұрғын үйлерді 24 камера бақылайды. Барлық жазба ахуалды орталықтың мониторингіне шығарылады, ал SmartHome/Building жүйесі аудандық әкімдік, мектептерді бақылайды.
Өртке қарсы автоматтандырыл­ған қызмет жүйесі 8 нысанда: 4 мектеп, 3 балабақша мен 1 ауруханада жұмыс істейді. Халықтың интернетке қолжетім­ділігін қамтамасыз ету үшін қаладағы 34 жерге Wi-Fi нүктесі орнатылды.
Аққөл Астанадан 113 шақырым жерде орналасқан, қала халқы 13 мың адамды құрайды. Ол – Қазақстандағы толық смарт жүйеге қосылған әрі толық цифрлы болатын алғашқы қала. «Ақылды қаланың» операторы Tengri Lab, «Қазақтелеком» АҚ, ERG, BTS Digital, АРЭК компаниялары мен Ақмола облысының әкімдігі болып табылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі ең «ақылды» қаланың тіршілігімен танысып қайтқан болатын.
Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Ақкөл қаласындағы психоневрологиялық дертке шалдыққан нау­қастар тұрып жатқан «Қамқор» әлеу­меттік қызмет көрсету орталығына да барды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды