СМАҒҰЛДЫҢ СЫРЛЫ САЗДАРЫ

0 117

Смағұл бауырымызбен алғаш қолымызға қауырсын қалам ұстап, баспасөз бетінде бірді-екілі өлеңдеріміз қылтиып көріне бастаған жас қаламгерлердің жиындарында танысқан едік. Ол кезде Еркеш Ибраһим, Нұрғожа Оразов, Төлеген Қажыбаев, Нұрмияш Көбенов, Жайық Бектұров сынды сыйлы ағаларымыз бәрімізге жол көрсетіп, жөн сілтеп жататын. Смағұл қалай дегенмен де аймақтағы іргелі орта, өзі туып-өскен облыс орталығы Ақмолаға табан тіреді. Радио, одан әрі телдидар сала­сында еңбек торысы болып, ерінбей-жалықпай қызмет жасады. Радио торабындағы қауырт жұмысы оны елмен етене араластырып, түрлі тағдырларға жолықтырып, күнделікті күйбең тірлігімен шыңдай түсіп, осы жанрдың өзіне тән ерекшеліктерімен жазу мәнерін бейімдеп, қаламгерлік қарымына, шығармашылық шырқауына игі әсер етті ғой деймін. Әсіресе, Әскен Нәбиев, Хажымұрат Рахимов, Нұрғожа Оразов, Мәди Хасенов, Нөгербек Мағзұмов, Төлеген Қажыбаев, Алдан Смайыл, Жарасбай Нұрқанов, Амантай Кәкенов және басқа ағаларынан көп нәрсені үйреніп, талабы зор да, қаламы жорға жазушы болып шыққаны анық.

Кеңестік кереғар саясат кенегесін кептірген, тың игеру науқаны тынысын тарылтқан ұлттық рух тұрғысындағы Ақмоланың ол кездегі жағдайы мүшкіл еді. Бүкіл түстіктегі өңірлерге тән замананың сол қиындықтарын серпу үшін, алаш айбынын аласартпай, халқымыздың рухани болмы­сын жоғары ұстап жүру үшін жоғарыда аталған азаматтар­дан бастап, журналистика, әдебиет, мәдениет, өнер, білім және басқа салаларында жүрген көптеген жергілікті азаматтар талмай қайрат қылды, күресе білді. Сол қаһармандардың бел ортасында баяғы алаш ардагерлерінің аты мен затын мирас еткен біздің Смағұлдың да жүргені анық.

Смағұлдың шығармалары сол бір рухани болмыс үшін «күрестің», шынайы тірлік пен шырайлы табиғатты шаң қаптырмай, тарлан тұлғаларымызды, тарихи мұраларымыз бен тамаша дәстүрлерімізді сақтап қалудың, адамзаттың ізгі мұраттарын көздеудің шежіресі деуге де болады. Оның туған жер, өскен ел, сүйіспеншілікке арналған алғашқы өлең-жырлары да жүрегін шын толғантып, тебіренткен саф таза сезімдерге суарылған. Әрине, автордың шығармашылығының ауқымды бөлігі сырлы саздарға, мұңды сезімдерге толы әңгімелерден, эсселерден, көркем очерктер мен танымдық материалдардан тұрады.

Смағұл Рахымбек – бірнеше жыр жинақтарының, «Ару мен Арлан», «Көңіл шуағы», «Темір тордағы тіршілік», «Айдындағы ақ желкен» т.б. прозалық кітаптардың авторы. Бірталай прозалық, поэзиялық дүниелерді ана тілімізде сөйлеткен шебер аударма­шы. Талай телехикаялар мен телехабарлардың шоғырын жасап жүрген танымал қаламгер. Қазақстан Журналистер одағының публицистерге арналған Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.

Автор өзі таңдаған тақырыптан рухани мәнді, танымдық дәнді дәл тауып алып, өз шығармасына алтын арқау етеді. Өткен заманның яки қазіргі күннің жай адам байқай бермейтін суреттерін қолмен ұстағандай етіп, көз алдыңа алып келеді. Тарихи оқиғаларды қайта қорытып, шеберлікпен қырнап, екшеп алады. Шығарма өзегіне айналған тарихи тұлғамыз, таны­мал кейіпкеріміз жайшылықта ескеріле бермейтін жаңа бір қырынан ашылып, сол бір сәттегі, жарқ еткен кадрдегі қалпымен есте қалады.

Бұл орайда, жазушының Жаяу Мұса, Мағжан, Сәкен, Әсет, Құлтума, Мәшһүр Жүсіп, Қасым, Мұқағали, Ерзакович, Ілия Жақанов және басқа да қас таланттарымыз бен өнер адам­дары жайлы, «А.С. Пушкиннің махаббаты», «Эх, Натали, Натали», «Лев Николаевич Толстой жайлы толғаныс», «Баронессаның бақыты» шығармаларын, Тезек төре, Сейілбек Жанайдаров, Маршал Язов, Жақып Ақбаев әулетінен шыққан, қуғын-сүргін құрбаны болған дәрігер Зұфнун туралы танымдық дүниелерін атап айтқан орынды.

Құт қонған Қорғалжынның құс қанатты қаламгері, Қарашалғынның түлеп ұшқан қаршығасы қиядан шалып, тағдырдың талқысына тап болған өнерпаз жүректердің өлмес рухымен сырласады: «Тайга ішінің аязы бүгін ерек­ше шаңытып тұр. Барактан барынша жылы киініп шыққан қария қуаты қайта бастағанын бойының лезде қалтырап қоя бергенінен аңғарғандай болды. Қалың оппа қардан малтығып, бірер аттап үлгергені сол еді, жайдың оты түскендей әлдене жақын маңнан шатыр етті. Қарағай, самырсындар селк етіп, ағаштардың өн бойла­рынан қар көшкіні саулап қоя берді. Еңсегей бойлы қария өзін басып қала жаздаған ақ ұлпадан үсті-басын қағынып, арылысымен-ақ қарсы алды­на көз салды. Әлгінде ғана тұлғасы аспандай зорайған алып қарағай аязға шыдамай қақ айырылған екен. Өзегінің қызғылт беттерінен сары ал­тындай шырыны бұлақ болып ағып жатыр. Ғұмыры біткен соң, қарағай да жылайды екен-ау деп, тебіренді ақын жаны. Дұшпандарының жаласы­мен Қиыр Шығысқа айдалып келгелі Үкілі Ыбырай болмы­сы боркеміктікке ауысқандай ма қалай. Көзіне жас алды…Жо..жоқ! Ақынның Айыртаудай ардағын, Көкшетаудай қымбатын, өзін әз көтерген асыл жұртын сағынғаны бұл…».

Автор «Шәкәрім қажы мен голландық Альвин Бим­боэс» атты әңгімесінде дана ақынның дара тұлғасын бей­нелей отырып, қатпар-қатпар танымдық тың деректерді де үсті-үстіне қоса ұсынады: «Шәкәрім ақынның тек Шығыстың ғана емес, Ев­ропа философтарының да еңбектерінен хабардарлығы таңдандырады, – деді Аль­вин кешкілік серуенге өзімен ере шыққан, біраздан бері «Музыкалық этнография» еңбегіне қазақ музыка­сы туралы деректер жинап жүрген омбылық ғұлама Финдейзенге жүзін бұрып, манағы қаладағы Кубрин көпестің үйіне орналасқан Ақмола Совдепінен шыға басталған әңгіменің желісін қайта жалғап. 1926 жылы голландық музыка танушы Альвин Бимбоэс нотаға түсірген Шәкәрімнің екі әні Финдейзеннің редакциялауымен шыққан «Музыкалық этнография» жинағына қазақтың өзге де 25 әнінің қатарында енді. Кейін осы жинақты Альвин туған елі Голландияға ала кетті». Міне, бұл да Смағұл шығармашылығының әңгіме өзегіне ой-өрісін қоса өріп отыратын өзіне тән бір қыры. Тағы бір деректі әңгіме желісі мынадай: «Ақан сері… Сұлтанғазы төре қолындағы үлкен гауһар тасты алтын жүзігін шешіп, мұның сұқ саусағына кигізгенде ғана оны анық байқап, құшағына алып, тебіреніп ұзақ тұрып қалды. Бұл – келіп қалған қарттық емес, тағдырының аяусыз соққылары қалжыратқан аяулы Ақан серінің халқынан көрген соңғы сыйларының бірі еді!..». Мұндай дерек халқымыздың қалаулы ұлы Ақан сері туралы естеліктерде кездеседі. Бірақ оған жан бітіріп, шынайы суреттей білу талант иесінің терең түйсіне білуіне байланы­сты екені анық. Оның үстіне бұл – автордың Мәмбетәлі жайында көбірек білетін қарымды қаламгер, тәлімгер ағасы Нөгербек Мағзұмовпен сыйлас, сырлас болып жүргенде зердесіне ұялаған әсерлердің бірі болса керек.

Қаламгердің туған ауыл жайында, бірге өскен бау­ыр жайында жазылған жан сырлары да ешкімді селқос қалдырмайды: «Туған ауылыма жеттім!.. Әке-шешемнен қалған қоңыр салқын, үлкен саман үйде отырған бұрынғы меха­низатор Шортан ағам қуана қарсы алды. Келіншек кезінде дала мен қаланың арасына талай «соқпақ» салып, ауыл­дастары тарапынан «саяхат­шы-турист» атанған ақкөңіл, дабдырлаған жеңгем жаны қалмай, апамның көзіндей, бүйірі майысып қалған жез самаурынға құдықтан мұздай су қотарып, етегіне сүріне жүріп, шәй қойды…Самауыр мұржасынан жан анамның тірі кезіндегідей, көк шуда түтін көңілдене көкке көтеріле жөнелді» деп, әркімнің жүрек түкпіріндегі ауылға де­ген сағыныш сезімін оятып, тағылымды түйін жасайды.

Тәуелсіздік тағылымдарымен бірге, адамдарды алды-ар­тына қаратпай, бір дәуірден екіншісіне ауыса жөнелген қауырт замананың жүректерге түсірген жүз батпан жүктерінің зардабы да жазушының наза­рынан тыс қалмайды. Соның бірі – бірге өскен Бораш жайлы мұңды хикая. Зор талаппен ер жетіп, ақыр соңында тағдыр тәлкегіне ұшырап, болмысы бордай тозған Бораш тағдыры өте аянышты, ол бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның да жан жарасы. Жазушы әлгіндей бейнелерді де оқырманмен жүздестіре, талайлы тағдырға ортақтастыра отырып ой түйеді. Қарашалғынның Қарлығашы құтты ұясын қия алмай, қатарласына пана бола алмай, қанатымен су бүркеді…

Смағұл бауырымыз сиясы кеппеген шығармаларының бірінде атом бомбасы, оның сырын ашқан ғалымдар ту­ралы сөз қозғайды. Атом бомбасының пайда болу та­рихы туралы баяндай келе, оның адамзат баласы үшін зор қасіретін айта отырып, хроникалық тартымды шолу жасайды. Аса қауіпті қарудың зардаптарын көре білген атақты Кюрилер, Энрико Фер­ми, Альберт Эйнштейн, Роберт Оппенгеймер, Лео Сцилард пен Нильс Бор сияқты танымал ғалымдардың ой-пікірлерін, әрекет-пиғылдарын қысқа кадрлармен көз алдымызға әкеліп, адамзат баласының бір өкілі ретінде өзімізді сол оқиғаға еліктіре тарта отырып, тағдыр-талайымыздан бейта­рап қалдырмайды.

Сәкең бүгінде алпыс деген атаулы жасқа толып, азаматтың асқаралы биігіне өрлеген шағында шығармашылығында жақсы жетістіктерге жетіп, қаламгерлік қызметте бас ре­дактор деген бақандай биік ла­уазды иемденіп, өмір белесінде азаматтық тұлғасымен үлкен ортаға танылып, отбасында бала-шағасының өсіп-өнген игілігін, немерелерінің қызығын көріп жатқан жағдайы бар. Сол жетістіктер мен игіліктер ұзағынан сүйіндіріп, қаламдас досымыздың қанаты талмай, жаңа биіктерге самғай берсе екен деп тілейміз.

Тортай СӘДУАҚАС,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × three =