«Славян базары» тағы да қазаққа бұйырды

0 138

«Славян базары-2016» XXV халықаралық өнер байқауында қазақстандық әнші Adam  бірінші орынды иеленді. 

006

Әншінің күнделікті ән орындауы бір басқа, сахнада шырқауы бір басқа болса, халықаралық жарыс­тарда шарықтата шырқауы бөлек дүние. Әр әнші биік шыңдардан көрініп, өзін-өзі жетілдіргісі келеді. Соңғы жылдары қазақ эстрадасында халықаралық байқауларда биік мінберлерден жүлделі оралып жүрген талантты әншілеріміз көбейіп келеді. Былтыр еліміздің атынан «Славян базары» бай­қауына Димаш Құдайбергенов қатысып, гран-примен оралса, биыл осы көштің тізбегін жас әнші Adam жалғастырды.
Фестивальдің алғашқы күні жерлесіміз Adam Николай Нос­ковтың «Мінәжат» әнін орын­даса, конкурстың финалында Сэм Смиттің «I’m Not The Only One» әнін шырқады. Нәтижесінде 155 ұпай жинап, беларустық Алексей Гроссқа екі ұпай есе жіберіп алды. Десе де, қазақ еліне екінші жеңісті әперген әншінің табысы отандастарымызды зор қуанышқа бөледі. Әнші өзінің «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақ­шасында жеңісін қазақ­стан­дықтарға арнағанын жазған болатын.
Айта кетейік, «Славян базары» байқауына 21 елден жас орындаушы қатысты. Осыншама үкілеп қосқан үміткерлердің арасынан суырылып шығу оңай шаруа емес. Жас әнші бұған дейін де талай белестерден өтіп, ысылған. Айталық, Қазақстан атынан Юрмалада өткен «Жаңа толқын» байқауына қатысып, бесінші орын алса, одан бөлек, «SuperStar KZ», «X-Factor» бағдарламаларына да қатысып, бағын сынаған.

Тыңдарман талғамына қарай өз әншісін әрқашан іздеп тұрады. Дегенмен, ірі байқаулар шын таланттарды ғана іріктеп, сахна әлеміне жолдама береді. Бай­қағанымыздай, қазақ эстрадасында Димаш, Әдемі, Adam секілді жаңа толқынның легі қалыптасып келе жатқанын аңғару қиын емес.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 13 =