СКРИПКАШЫЛАР САЙЫСЫ

0 106

Азуын айға білеген әлемнің скрипкашылары – Астанада. Олар ІV Халықаралық скрипкашылар байқауында бас қосып жатыр. Бұл өнер додасын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақ ұлттық өнер университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Классикалық әуезбен сусындатып, атақты композиторлардың шығармашыларын елордалықтарға ұсынып отырған аталмыш бәйгеге әлемнің әр түкпірінен қатысушылар жиналыпты. Жапония, Түркия, Ресей елдерінің білікті скрипкашыларының басын қосқан осынау өнер мерекесі елорданың мәдени әлеуетіне қомақты үлес қосатын айтулы шараның біріне айналары сөзсіз. Бұл байқауды бағалауға сонау Ресейден Эдуард Грач, Сергей Кравченко, Финляндиядан Александр Винницкий, Украинадан Анатолий Баженов сынды майталман скрипкашылар арнайы келді.

«Байқау екі жылда бір өткізіліп келеді. Биыл сәті түсіп, Қазақстанда ұйымдастырылды. Жарыстың жүлдесіне 7000 доллар тігілді. Ал, жасөспірімдер тобының бас жүлдесіне 2000 доллар берілмек. Мұндай байқаулар өнерпаздар арасындағы байланысты күшейтіп, олардың өзара тәжірибе алмасуына зор ықпал етеді. Өнер жолында асқар шыңдарға жетелейтіні бесенеден белгілі» – дейді бас ұйымдастырушы ҚР Халық әртісі Айман Мұсақожаева.

Бұл бәйгеде үміткерлер екі топқа бөлініп жарысады. Ересектер тобы мен жасөспірімдер арасында бөлек-бөлек сайыстар өтеді. Ересектер тобы 16-28 жас аралығын қамтыса, жеткіншектер тобында 10-15 жастағылар болмақ. Аталмыш өнер бәсекесі бес күнге созылмақ.

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + 14 =