©2020 Астана Ақшамы
Скринингтік тексеру тегін жүргізіледі
Сәуле ҚҰРМАНОВА, Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасыбастығының орынбасары
– Ең көп тараған және қауіпті ауруларды ерте кезеңінде анықтау мақсатында тұрақты түрде халықты медициналық бақылаудан өткізетіні белгілі. Жалпы осы уақытқа дейін қанша адам тексерістен өтті?
– Соңғы бес жыл ішінде және Қазақстан Республикасы денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 ж.ж. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қала емханаларында скринингтік зерттеулер өткізілуде. 2012 жылы 417 926 адам медициналық тексерістен өтті. Скринингтік зерттеулермен обыр алды жағдайындағы – 3 046 жайт, сонымен бірге сүт бездері обыры – 35 жайт, жатыр мойнағы патологиясы – 1 124 жайт, мойнағы обыры – 3 жайт, қант диабеті – 231 жайт, суқараңғы – 84 жайт, қанайналым жүйесінің аурулары – 3 829, туа біткен және тұқым қуалаған есту патологиясы – 6 жайт, «В»және «С» бауырдың қабынуы – 778 жайт анықталды, олар әрі қарай бақылау мен сауықтыру үшін диспансерлік есепке алынды.
– Биыл скиринингтік тексерудің қандай түрлері қарастырылады?
– Скринингтік бағдарламалар тізбесіне енгізілген аурулар саны ауқымды. 2013 жылы ерте кезеңде анықталған өңеш пен асқазанның қатерлі ісігі, бауыр мен қуық бездерінің ісігі ауруларына тексерудің жаңа түрлері енгізілді. Толығырақ Денсаулық сақтау басқармасының www.densaulyk.astana.kz және Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы www.zozh.kz сайтынан білуіңізге болады.
– Тексерулер ақылы ма?
– Тексерулер тұрғындар арасында тегін жүргізілетін болады. Сондай-ақ, жыл сайын медициналық ұйымдарда ашық есік күндері өткізіледі, халқы тығыз және қаланың сырт жағында орналасқан жерлерде, медициналық скринингтік тексерулер өткізуге бағытталған кең масштабты «Денсаулық жолы» сияқты акциялар өтіп тұрады.
Еркежан СӘТІМБЕК, Ербол ЖАНАТ