©2020 Астана Ақшамы
Скринингтік тексеру аурудың алдын алады
Алтыншаш ТАБУЛДИНА, Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының алғашқы санитарлық-медициналық жәрдем көрсету қызметінің штаттан тыс маманы – № 5 қалалық емхананың бас дәрігері
– Алтыншаш Жұмашқызы, скринингтік зерттеулер қандай қажеттіліктен туындады?
– Денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қала емханаларында скринингтік зерттеулер жүргізу қолға алынды. Мақсаты – ауруды ерте кезеңде анықтау және алдын алу.
– Зерттеу нәтижесі қандай?
– Нәтижесінде жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, туа пайда болған патологиялық аурулар ерте анықталады. Сондықтан, әр қалалық емханада скринингтік қабинеттер жұмыс істейді. Профилактикалық және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшелері құрамында мұндай зерттеуді жоғары білімді медициналық қызметкерлер жүзеге асырады.
– Өткен жылғы тексерудің қорытындысы қалай болды?
– 2012 жылы скринингтік зерттеулермен 417 926 адам қамтылды. Зерттеу кезінде 3046 – обыр алды жағдайы, 35 – сүт бездері обыры, 1124 – жатыр мойны патологиясы, 231– қант диабеті, 84 – глаукома, 3829 – қан айналым жүйесінің аурулары, 6 – туа біткен және тұқым қуалайтын есту патологиясы, 778 «В»және «С» бауырдың қабынуы аурулары анықталды. Науқастарды әрі қарай бақылау мен сауықтыру үшін арнайы «Д» есебіне алдық.
– Жыл сайын жүргізілетін зерттеудің басқа қандай тиімділігі бар?
– Скринингтік бағдарлама тізімдемесіне қосылған аурулар спектрі өте ауқымды. Сондықтан, тегін өту кезінде халықтың белсенділік танытқанын қалаймыз.
– Биыл қандай ауру түрлері зерттеледі?
– Алдағы уақытта өңеш пен асқазан, бауыр обырларын ерте кезеңде анықтау скринингі өткізіледі. Сонымен қатар, артериялық гипертензия және жүректің шаншыма ауруларын ерте анықтауда холестерин мен қан глюкозасын анықтау жолымен табу, артериалдық гипертония, жүректің шаншуларымен және қант диабетімен диспансерлік есепте тұрмайтын 25, 30, 35, 40 жастағы, 40-тан 64-ке дейінгі жастағы ерлер мен әйелдер және әртүрлі жастағы азаматтар тексеріледі. Кез келген адам жасына сәйкес өзінің емханасына барып, тегін тексеруден өте алады.
– Рахмет!
Ербол ЖАНАТ