©2020 Астана Ақшамы
СКРИНИНГ АРҚЫЛЫ АУРУДЫ ЕРТЕРЕК АНЫҚТАУҒА БОЛАДЫ
Ләззат РЫСПЕКОВА,
Астана қаласы №2 емхананың бас дәрігері
Майра:
– Батыс Қазақстан облысынан көшіп келгенмін. Қазіргі таңда №2 қалалық емхананың аумағына қарасты мекенжайда тұрамын. Жүктілігім бойынша Сіз басқарып отырған емханаға қалай тіркелуіме болады?
– Егер сіз №2 қалалық емхананың аумағында тұратын болсаңыз, біздің тіркеу бөлімімізге жеке куәлігіңізбен келіп, өтініш білдіресіз. Біздің емханаға тіркелгеннен кейін учаскелік терапевтің тексеруінен өтіп, гинеколог-дәрігерге жүктілігіңіз бойынша есепке тұруға мүмкіндігіңіз бар.
– Жалпы, сіздің емханаға тіркелу қалай жүргізіледі?
– Ол үшін сіз жеке куәлігіңіздің көшірмесін ұсына отырып, емхана бас дәрігерінің атына осы емханаға бекітілуге өтініш жазуыңыз қажет.
Қайролла:
– Қазіргі күнде бұқаралық ақпарат құралдарында папилломавирустық вакцинасы жайлы көп айтылып жүр. Аталған екпе кімдерге егіледі және не үшін?
– Бұл екпе ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2012 жылғы 22 қазандағы «Адамның папилломавирустық инфекциясын енгізу туралы» №529 бұйрығы негізінде Астана қаласы бойынша наурыз айынан бастап егіле бастады. Ол үшін алдымен №2 қалалық аурухананың базасында арнайы ашылған кабинетте дәрігердің толық тексеруінен өтесіздер. Дәрігер рұқсат еткеннен кейін ғана екпе жүргізіледі. Ол 11-12 жастағы қыз балалар арасында жатыр мойны обырының алдын алу және оның туындау қаупін төмендету мақсатында жасалады.
Адамның папилломавирустық инфекциясы – бұл папилломавирустық инфекция тудыратын созылмалы жұқпалы ауру. Астана қаласында адамның папилломавирустық инфекциясы вакцинасының 2 негізгі типі қолданылуда. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасы бойынша Гардасил және Церварикс ұсынылады.
Смағұлова:
– Мен – Ресей азаматымын. Астана қаласына келгеніме көп бола қойған жоқ. Тегін медициналық көмекке жүгіне аламын ба?
– Әрине, болады. Тек алғашқы жедел көмекке ғана жүгіне аласыз, ал жоспарлы түрдегі емді өзіңіздің еліңізде аласыз.
Раушан:
– Анам 90 жаста. Сіздердің емханада тіркелген. Ол кісіге санаториялық-курорттық ем алуға қандай да бір мүмкіндік бар ма?
– Алдымен ол кісі өзінің учаскелік дәрігеріне тексерілуі керек. Содан соң, егер ешқандай қарсы көрсеткіштері болмаса, қасында алып баратын адам болса, ондай жағдайда демалыс үйінде немесе санаториялық-курорттық ем алуына болады.
Айгүл:
– Сіздің емханаға тіркелгенмін. Айтыңызшы, күндізгі стационар деңгейінде немесе үй жағдайында ем алуыма бола ма?
– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 6 желтоқсандағы №1472 «Тұрғындарға стационар алмастырушы көмек көрсетуді бекіту туралы» бұйрығы негізінде учаскелік терапевт дәрігеріне тексерілу арқылы барлық талдауларды тапсырасыз. Сырқат екеніңіз анықталса, күндізгі стационарда жатып емделуге және де үй жағдайында тегін медициналық көмек алуға құқығыңыз бар.
Балерке:
– Дәрігерім үйге телефон соғып, дәрігерлік тексеруден өтуім керектігін ескертті. Осы тексеру міндетті ме?
– Тұрғындардың арнайы жас мөлшеріне байланысты аурудың алдын алу үшін скринингтен өтуі керек. Осы арқылы арнайы жас мөлшеріне байланысты қандағы қант құрамын, холестерин мөлшерін, көз қысымы, қан қысымын анықтау және сүт безінің обыры, жатыр мойнының обыры, тікішек обыры, простатанды анықтау, асқазан-өңеш жолдарының обыры, қан құрамындағы В және С вирустық гепатиттері маркерін анықтау жүргізіледі. Скринингтік тексерілу барысында анықталған науқастар диспансерлік есепке алынып, арнайы қан қысымы және қан құрамында қант анықталған жағдайға байланысты тегін дәрілік препараттар жазылады.
Алма:
– Екі аптадан бері жөтеліп жүрмін. Дәріні уақытылы ішсем де, жөтелім басылар емес. Бұл қауіпті ме?
– Денсаулығыңызға алаңдауыңыз құптарлық. Дәрігерге неғұрлым ертерек көрініп, емді ертерек қабылдасаңыз, ауруды да тезірек жеңуге болатынын естен шығармаңыз. Уақыт созбай, алдымен учаскелік терапевт дәрігеріне көрініңіз және дәрігеріңіз қажет деп санаса, міндетті түрде флюорографиялық тексеруден өтіңіз.
Сұлушаш:
– Екі жасар баламның дене қызуы жиі көтеріледі. Осылай ауырған жағдайда дәрігерді үйге шақыра аламын ба?
– Мекенжайыңызды айтыңызшы.
– Бейбітшілік көшесіндегі №72 үйде тұрамыз.
– Ондай жағдайда, әрине, дәрігерді үйге шақыртуыңызға болады. Себебі, Бейбітшілік көшесіндегі №72 үй емханамыздың Ә.Молдағұлова көшесі, №33 үйде орналасқан балалар бөлімшесіне қарайды. Сондықтан баланың дене қызуы көтеріліп, ауырған жағдайда 39-72-88, 57-83-32, 57-83-48 телефондары арқылы хабарласып, дәрігерді үйге шақыртуға болады. Содан кейін учаскелік дәрігер келіп, баланы толығымен тексеріп, ем тағайындайды.
Айсұлтан:
– Бір жылдан бері жүрегім ауырады. Кардиолог, невропатолог, терапевт дәрігерлерінің есебінде тұрмын. Маған не себепті мүгедектік тағайындалмайды?
– Учаскелік дәрігеріңізге келіп, қайтадан барлық талдауларды тапсырып, талдаулар нәтижесімен кардиолог дәрігеріне барыңыз. Егер кардиолог дәрігерінің шешімімен мүгедектік белгілері болған жағдайда сіздің мәселеңіз арнайы комиссияның талқылауына жолданады.
Алтын:
– Бекітілген тұрғындар регистрі дегеніміз не және емханадағы дәрігерлер келген емделушілерге не себепті осы бойынша салыстыру жүргізеді?
– Нақты медициналық ұйымның аумағында тұратындар бекітілген тұрғындар регистрі базасында тіркелуі тиіс. Бұл тегін медициналық көмек алуға кепілдік беретінін естен шығармаңыз.
Болатбек:
– Кардиолог, невропотолог дәрігерлер учаскелік терапевтің алдын ала тексеруінсіз қабылдамайды. Осы дұрыс па?
– Дұрыс. Өйткені, учаскелік дәрігер алдымен науқасты тексеріп, оларға сараптама жүргізіп, қажет болған жағдайда арнайы мамандарға жолдайды.
Сайлау:
– Терапевт дәрігерінде «Д» есебінде тұратындықтан, жыл сайын «лариста», «конкор» секілді дәрілік препараттарды тегін аламын. Соңғы кезде дәрігерлер басқа препараттарды ұсынып жүр. Неге?
– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2013 жылғы 12 желтоқсандағы №726, №786 бұйрықтарының қосымшасына сәйкес, диспансерлік есепте тұрған науқастарға тегін босатылатын дәрілік препараттардың тізіміне өзгерістер енгізілді. Осыған орай, «конкор» препараты «бипролға», «лариста» препараты «кондесарға» ауыстырылды. Препараттардың саудадағы атауы өзгертілгенімен, әсер ету механизмі ұқсас.
Сонымен қатар, бұл дәрілер енді тұрғындардың әлеуметтік-қамтылған қосымша санатына да – зейнеткерлерге, мүгедектерге, ҰОС ардагерлеріне, жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларға және т.б. беріледі. Бұл санаттағылардың дәрілік препараттар тізімі кеңейтілген.