«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сіздің пікір – біздің де пікір, Садық! Бірақ…

Жазылған жайдың жаңғырығы

0 320

 Еркеғали БЕЙСЕНОВ,
журналист:

Биыл «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Нәзира Байырбектің блогер, аудармашы Садық Шерімбектен алған сұхбатын жұрт қатарлы мен де оқып шықтым. Екеуі де қазіргі қазақ қоғамында жаңаша көзқарас қалыптастыруға талпынған жастар ғой. Сондықтан сұхбат сәтті шыққан. Алайда Садық замандасыма қарсы айтар уәжім де бар.

Алдымен оның келісетін ойларына тоқталсақ… «Бізде әлі Кеңес өкіметінен қалған жазушылық жүйе сақталып отыр. Ол қартайып кеткен. Ал біздің сол кезден қалған буын өкілдерінің жасы ұлғайған. Олар бергі буынды игере алмай отыр» дегені – ащы шындық. Мәймөңкелемей мойындап, қырсықпай қабылдау керек. Әдебиет тұрмақ, ХХІ ғасыр журналистикасы да «кеңестік шекпенін» лақтырып тастап, заманауи үлгідегі «күртеге» көшкен. «Малтасын езген» мылжың сөзді ешкім оқымайды қазір. Айтар ойыңды қысқа қайырымның ішіне әдемі стильмен енгізе алу – асқан шеберлік. Мағынасын игілеп айтқанда, жаза алатын журналистерге «құйтырқы стиль» тән.
Сөзді ойнату керек, бірақ, сөзбен ойнауға болмайды. Ал ол қолыңнан келмесе, көптің бірі болып жүре бересің, әншейін. Сосын тараптан атың, парақтан затың ұмытылады. Садықтың «…алдағы бес жыл ішінде Қазақстанда жазушылық саласы жаңа технологиямен дами бастайды. Біз кәсіби авторларды көбірек оқи бастаймыз» дегені де рас. Көп ұзамай заманауи әдебиет туатынына, оған жас кітапқұмарлардың елеулі үлес қоса алатынына сеніп отыр. Бүгінде қазақ поэзия­сы же­ңіл ұйқас, жеңілтек ойдан сәл алшақтап, ептеп бой түзей бастағанмен, проза тақырыптары тапырақтап, әлі ескі сүрлеуді шиырлауда. Садық Шерімбекше айтсақ, «Қазіргі буынға, мысалы, «Раушан коммунисті» оқыту – кешірілмес күнә. Өйткені ол жердегі идеология мүлдем басқа. Қазіргі құндылықтар өзгерді. Қазіргі қоғамға ескілікті әкеп таңуға болмайды. Біз дамуға тежеу қоймауымыз керек». Сондай-ақ «Біз қазақтар дәстүрлі әншілерге, ақындарға, жазушыларға қа­рыз сияқтымыз. «Сендер бізді оқы­майсыңдар, тыңдамайсыңдар» дейді. Қызықтыра алмаса, қалай оқимыз?». Сіздің пікір – біздің де пікір, Садық! Өте дұрыс айтып отырсыз. Әзірге көше әндері, көше әдебиеті, көше режиссурасы сұранысқа ие болып тұрған мына мәдени тоқырау заманын­да қоғамды өз туындысына қы­зықтыра білу – зор жетістік. Бірақ…
«Менің кітабымның миссиясы жай ғана қоғамда өзге ойдың да болатынын, барлық нәрсеге біржақты қарамай, әр құбылысқа сыни пайыммен, объективті түрде қарау керектігін үйрету» дегенге келісе алмаймыз. Осы айтқан өзге ой, сыни пайымды жұрттың жетесіне оқырман тарту мақсатында былапыт сөз араластырмай-ақ жеткізуге болар еді. «Ол – жастардың тілі» дегендей қасарысқан қасаң ұғымнан арылған абзал. Біз бұдан бұрынырақ «құрттың ғо тағы» деп екіұшты сөз қолданып жүрген «Ninety one» тобының мәнсіз-мағынасыз мәтіндерін сынағанбыз («91» тобы туралы тоқсан ауыз сөздің түйіні, «Әдебиет порталы», 24.11.2016).
Онсыз да оқу-тоқуы аз, өзі куә бол­ған жайтты ауызекі тілде дұрыс жеткізе алмайтын бүгінгі босбелбеу ұрпақтың санасын сауатты, салмақты шығармалармен тазартып алуымыз керек-ақ. Олар Мау­гли, Өрмекші адам, Халк сынды кейіпкерлермен иық теңестіре алатын қазақша қиял-ғажайыптарды оқығысы келе ме, демек, балалар әдебиетінің өкілдері соған жұмылсын! Жаттанды Қабанбай, Бөгенбай батырларды айта бермей! Ертөстікті айдаһармен төбелестіріп қоймай! Әйтпесе, сондай баяғы батырларын бас кейіпкер етіп алуға америкалық жазушылар мен аниматорлардың миы жетпей қалған жоқ. Орыстар да «Маша мен аюды» біздің Қожа сынды тентегі болмағандықтан, амалсыз ойлап таппаған. Міне, заманауи тұрғыда даму дегеніміз – осы! Егер «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жөнімен жүзеге асыра алсақ, қоғамға деген ашу-ызамызды Садықша боқтап шығармай, шетелдік классиктерше шеберлік танытқанымыз әлдеқайда ұтымды іс болар еді.
Сондай-ақ Садық Шерімбек кітабының бір данасы – 4 мың теңге. «Абай жолының» тұтас 4 томдығы да сол бағада сатылуда. «Бұл – менеджмент пен дұрыс маркетинг болмағаннан. Әдебиет саласына реформа қажет» дейді Сәкеңнің өзі. Оның әдебиетшілер үрке қараған, көркем шығармаға жатпайтын, Баян Мақсатқызы мен Ләйлә Сұлтанқызынікінен айырмашылығы шамалы құрасты­ры­лымын «кітап» деп өткізіп отыр­ғаны – жарнамасының мық­тылығында, ағайын! Сондықтан диванда отырып алып күңкілдемей, заманға сай тақырыпта, оқыр­манды қызықтыра алатын дең­гейде дұрыстап тұрып бірдеңе жаза алыңыздар! Сосын сол шы­ғармаларды сата біліңіздер! Садықтың сіз бен бізді қайрап, әдейі жарыққа шығарып отырған алғашқы және соңғы кітабы осы деп сенейік…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды