©2020 Астана Ақшамы
Сіздерге мың тағзым, құрметті ардагерлер!
Жеңіс мерекесі – аға буын ағалар мен аталарымыздың елінің азаттығы үшін, өскелең ұрпақтың бақыты үшін күрескен қастерлі күн.
Отан үшін от кешкен қадірлі қарияларымыздың қатары уақыт озған сайын азайып бара жатқаны өкінішті. Біз жауынгер ардагерлеріміздің құрметіне Жеңістің 68 жылдығын оларға лайық деңгейде атап өтуіміз керек. Өйткені бұл – ерлік пен елдіктің, батырлық пен өжеттіктің мейрамы.
Қазақстаннан қан майданға аттанған ер жүрек ұл-қыздар фашизмді жеңу жолында асқан ерлік көрсетіп, жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосты. Жауынгерліктің биік үлгісін көрсете білген ардақты ардагерлеріміз барлық майданда да жан аямай күресті. Олардың артында қалған отбасы атпал азаматтарының жеңіске жететініне сенді және сол қасиетті күнді асқан шыдамдылықпен күтті.
Қазақстандық жүз мыңдаған отандасымыз елдің сол сенімін ақтап, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Олардың бәрі де кеуделеріне орден, медальдарды жарқырата тағып, Отанына абырой әкелді. Соғысқа қатысқан 500-ге жуық жауынгер «Кеңес одағының батыры» атағын алды. Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Ибрагим Сүлейменов, Сұлтан Байғамбетов сынды көптеген батыр тұлғалардың есімі еліміздің жүрегінде мәңгі сақталады. Осындай есіл азаматтардың арқасында жеңіс туы желбірегенін кейінгі ұрпақ ешқашан ұмытпайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соғыс ардагерлеріне ерекше қамқорлық көрсетіп келеді. Биыл біз Жеңістің 68 жылдығын атап өтеміз. Бұл – сіз бен біздің ортақ тарихымыз. Осынау ерлік мейрамына дайындалу – Ардагерлер кеңесі үшін үлкен мәртебе. Күллі адамзатқа қауіп төндірген сұм соғыстың зардабын тартып, Отаны үшін жан алысып, жан беріскен ардақты ардагерлерімізді құрметтеу, соларға арнап мереке өткізуге дайындалу бізге тек қана қуаныш сыйлайды.
Ардагерлер кеңесі Есіл ауданы әкімдігімен бірлесіп, көптеген шараларды қолға алдық. Мұндай мерекелер тек Жеңіс күнінде ғана емес, жыл бойы да жалғасын табатын болады. Біз бірде бір соғыс ардагері назардан тыс қалмай, бәріне бірдей құрмет көрсетілуіне ерекше мән береміз.
Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай келе, оларға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақытты сәттерінің көп болуын тілейміз.
Біз сіздерге қарыздармыз!
Сіздерге мың тағзым, құрметті майдангерлер!
Рысты АТЫҒАЕВА,
Есіл аудандық Ардагерлер
кеңесінің төрағасы