Сіз тәуелді емессіз бе?

0 66

Дүниежүзілік денсаулық ұйымдары смартфонға тәуелділікті аурулардың халықаралық классификациясына енгізіп, Италия парламентінде смартфонға тәуелді жасөспірімдерді оңалту орталықтарына жіберу туралы заң жобасы ұсынылды. Депутат Касаның айтуынша, 15 пен 20 жас аралығындағы италиялықтардың жартысы телефондарын күніне кем дегенде 75 рет тексереді, ал 62 пайызы түнде хабарлама жазады. «Жасөспірімдер түндерін әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде өткізеді, ал күндіз өздерін өте пассивті, кейде агрессивті ұстайды. Олар «номофобияның» кесірінен оқуға және зейін қоюға қабілетсіз» деп дабыл қақты депутат.

Смартфон тартып алу жазасы

Үйдегі балалардың онлайн сабақта компьютер мен смартфонға үңілгені аздай, сабақтан бос уақытта, тіпті көзі ұйқыға кеткенше де соған телміріп отыратыны соңғы кезде жүйкеге тие бастады. Смартфон пайдалану ережесі дегенді құлаққа ілгісі келмейтіндері көрініп тұр. Содан… бұл тіпті этикаға жат, аналық рөлін шектен тыс пайдаланушылық, тіпті жабайылық саналса да ұлдың смартфонын тексеруге мәжбүр болдым (бала құқығын қорғаушылар бұл үшін мені айыптайтыны анық). Сол кезде 9-кластың баласының телефонында онлайн ойынның түр-түрі болатынына және ойынды бүкіл класс болып ойнайтынына, WhatsApp-чаттағы әңгімелерінде бір ауыз қазақ сөзі болмайтынына, 85 пайызы жаргондардан тұратын қала балаларының өзара әңгімесі бізге түсініксіз екеніне көз жетті. Мұның арты телефонды бес күнге тартып алу жазасымен аяқталды. Бұдан әрі күнде кешкі астың алдында үш баланың смартфонын арнайы орынға салып қою тәртібі енгізілді, бірақ бұл қашанға дейін жалғаспақ? Ал өйтпейін десең, бұлардың ертеден кешке дейін смартфондарын көзінен таса етпейтіндері шошытайын деді. Ал оның ішінде не жоқ дейсіз?!

Бізде ондай статистика жоқ

Кей дерекке қарағанда, Қытайда смартфон мен онлайн ойынға тәуелділік арнайы әскери лагерьлерде емделеді екен. Шынында, тәуелділік деген жай сөз емес, олардың арасында не істеп, не қойғанын білмейтін есалаңға айналғандар көп көрінеді. Мысалы, қытайлық жасөспірім смартфон ұстауға тыйым салғаны үшін анасын өлтірген. Филадельфияда ер адам смартфоннан ойын ойнау үстінде кедергі жасады деп жас жарымдағы кішкентай қызын ұрып, сәби қатты соққыдан жазым болған. Ресми емес деректер психиатрлық ауруханаларда шынайы өмір мен виртуалды өмірді айыра алмай, айдың, күннің аманында адасқан адамдардың аз еместігін алға тартады. Деректерге қарағанда, батыс әлемінде жастардың 6 пайызы интернетке тәуелділіктен зардап шегеді, ал Қытайда әрбір оныншы жас толық сау емес көрінеді. Бізде смартфонға тәуелділерге арналған реабилитациялық орталықтар әзірге жоқ. Бұл бізде бәрі керемет дегенді білдірмейді. Өйткені бір жасар бала телефон сұрап қыңқылдап, беске толмағандар телефонды алып қойсаң шалқасынан түсіп безек қағып жылайтыны күнделікті көрініске айналды.

Ақпаратқа қомағайлықтың соңы қайда апарады?

Карантин кезінде телефонға тәуелділік одан сайын күшейген секілді. Былтырғы наурыз, сәуір айында бәріміз әлеуметтік желілерде, одан қалса сәт сайын жаңарып отырған ақпаратты аңдып отырғанымыз есте. Кейде біздің өзімізден гөрі біз туралы Facebook көп білетін секілді. Әртүрлі сайттар біздің қызығушылықтарымызға сай жаңалық ұсынуын қоймайды, бұл сандық «фаст-фуд» секілді, біз тез дайындалып, алдымызға қойылған сол «азықты» жұта береміз, зияндығын ойламаймыз, оның неден, қалай жасалғанына да қарамаймыз, фаст-фудты көп қолдансаң семіріп кетесің дегенді де ойлап жатпаймыз, егер шектен тыс «семіріп», ауруға ұшырасақ компаниялар да, мемлекет те көмектеспейтінін ойлау­ға шама жоқ. Ақпаратқа деген «тәбетіміз» сұмдық екенін білгеннен де бізді жіпсіз байлап қою үшін Apple компаниясы Screen Time, ал Facebook жарнамалық параметрлерін одан әрі дамытты. Бірақ көбірек ақпаратты тұтыну арқылы керемет болып кеткеніміз де шамалы. Анығы – бізге жақын арада сандық «фаст-фудтан» «диетаға» көшу керек, әйтпесе миымыздың ішіндегі «папкалар» мен «файлдардың» қауіпсіздігіне кепіл жоқ, біз қоқыстың жинала келе зиянды заттар бөлетінін әзірге ойлап жатқан жоқпыз. Ақпараттың шамадан тыс көптігінен психикалық сарқылу қалыпты жағдайға айналды. Біздің бұрынғыдан да көбірек ақпарат алуға тырысушылығымыз асқынды ма, ұйқыдан тұра сала смартфонға жармасамыз, содан көзіміз ұйқыға кеткенше сол шұқылау. Айталық, АҚШ азаматының 11 сағатын ақпарат алуға жұмсайтыны зерттелген, ал қазақстандықтың неше сағатын интернетке арнайтыны туралы мағлұмат жоқ, бірақ мен танитын адамдар өздерінде созылмалы шаршау пайда болғанын айтады.

Психолог не дейді?

Калифорния университетінің зерттеушілері америкалықтардың күніне 150 рет, шамамен 5-10 минут сайын ұялы телефон тексеретінін анықтаған. Біз де телефонымыз алақанымызға жабысып қалғандай одан қыл елі ажырамайтын болдық. Мектеп оқушылары сабақ басталғаннан кейін 15 минуттан кейін смартфонға алаңдай бастайды екен, тіпті тақырып өте маңызды деп айтылған болса да. Қазір жас аналар бала жыламаса болды деп оны телефонмен жұбатуға әуес. «Қазақстандағы балалардың 80 пайызы дерлік смартфонға тәуелділікке бейім» дейді психолог Динара Наурызова. – Бұл – ата-ананың кінәсі. Олар баланы гаджеттен алшақтатудың жолын тауып, балама нұсқасын ұсынуы керек. Бұл – үлкен жұмыс. Ол үшін ит сатып алуға немесе саяхатқа шығуға болады. Психолог жасөспірімді емдеп, «қызықтыра» алады, бірақ ата-ананың мінез-құлқы өзгермесе, ештеңе көмектеспейді. Психологтың айтуынша, тәуелді жасөспірім агрессивті және жүйкесі әлсіз адамға айналады.
Қазір тұрғын үйлердің кіреберісіндегі ойын автоматтарының алдында бұрынғыдай кезек жоқ. Есік алдындағы әдемі ойын алаңдарында балалар жүгіріп-секіріп ойнаудың орнына отыра қалып телефонмен ойын ойнайтын болған. Онда не тұр демеңіз. Психологтар онлайн ойындарынсыз тұра алмайтындай жағдайға жету үшін жарты жыл жетіп жатыр дейді. Психологтардың айтуынша, ойынға кірген бойда шаршағанын ұмытып, қиындықтары мен шешілмеген мәселелерін бір шетке ысырып, өзінің кішкентай әлеміне тығылған адамды айналада не болып жатқаны қызықтырмайды, сыртқы дүниемен байланысын үзіп алады, оны ойыннан назарын аударып, бірдеңе істетем деген адам оның дұшпаны іспеттес. Егер ол жасөспірім болып, ата-анасы оны мәжбүрлеп, ойынын тоқтатып, сабақ оқуға не басқа нәрсемен айналысуға мәжбүрлесе, ол қатты ашуланып, дөрекілік көрсетеді, кейде тіпті керекті дозасын ала алмай жынына мінген нашақорға ұқсайды екен. Саналарды смартфондар арбаған уақыт келді, тәуелді болып қалмайық!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + seventeen =