Сиыр жылының сипаты қандай?

0 223

Қазақша жыл санау бойынша жаңа жыл әлі кірмесе де, григориан күнтізбесі бойынша 1 қаңтарды «жаңа жыл» ретінде қарсы алу бұл күнде әдетке айналған. Ендеше біз де келе жатқан сиыр жылының сипатына «күні бұрын» болжам жасап көрейік.

Шығыс халықтарының неше мың жылдық тарихы бар жыл санау дәстүрі бойынша 2021 жылы сиыр жылы кіреді. Әр жылдың өзіне тән мінезі бар. Мәселен, мүшел бойынша жыл санайтын халықтар өткен тышқан жылын ақ тышқан жылы деп сипаттап, «ел ішінде ауру-сырқау көбейіп, жұқпалы аурулар тарайды» деп болжам жасаған екен. Ал қазақ халқы қоян жылы жұт болады десе, жылқы жылы соғыс, ұрыс-керіс көп болатынын алға тартып, «жылқы жылың алдыңда» деген тұрақты тіркеспен байланыстырып түсіндіреді. Доңыз жылын «кірісі құт, шығысы жұт» деп қараса, сиыр жылы жөнінде әртүрлі болжам жасапты. Кейбір болжаушылар «сиыр жылы тарихта көбінде ауыртпалық, дау-жанжал, қиындықтарға толы болған. Сондықтан биыл жаратылыстық апаттар молайып, экономикаға қатты әсер етуі мүмкін» десе, астрологтардың кейбірі бұл пікірімен келіспей, «сиыр жылы молшылық жылы болады. Қазақ халқы сиыр жылын жақсылыққа балаған» деген уәж айтады. «Сиыр жылы жаңбырлы болады, астық бітік шығып, молшылыққа кенелтеді», «сиыр жылы мөшке сиырдай молшылықтың жылы болады» деп те айтылады. Ел ішінде «сиыр мүйізін төсесе жылдың басында сақылдаған сары аяз болады да, көктемдегі «отамалы», «сары атан-зауза» (амал аттары) кезінде қарлы боран соғып, мал төлдеп жатқан кезде апат болуы да мүмкін» деп қарайтын есепші қариялар да жоқ емес.
Халқымызда сиыр жылы туған сәбилердің мінезі біртоға, көмпіс келеді деген көзқарас, «сиыр жылы туғандар сиыр бауыздамайды» деген тыйым бар. Осыдан бес ғасыр бұрын жазылған «Шипагерлік баянда» қара үзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «маңғаз (сиыр) жылы туғандар үй ішінде шығысымы аз, бірақ ішіне зіл сақтамайтын, көмпіс, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей, сөзге ермейтін салқын қанды, жауға шапса не өлтіріп, не өлмей тынбайтын өлермен болады» деп сипаттама беріпті. Осыған қарағанда, сиыр жылы туғандардың көбі елі үшін өгіз қара күшін салатын көпшіл азаматтар болады деп тұспалдасақ теріс болмайтын секілді.
Соңғы кездері ел ішінде «Мәшһүр Жүсіп айтқан сиыр жылы келді» деген шағын бейнежазба тарап жүр. Мұнда өзінің қайтыс болатын мезгілін 10 жыл бұрын болжаған көріпкел әулие «сиыр жылынан бастап қазақ халқы нағыз бай-бақытты заманға жетеді» деп болжаған екен. Бұған дейін айтқандарының көбі айнымай келген әулиенің осы сөзін алға тартып, «келе жатқан жыл қазақ еліне үлкен жақсылық, көл-көсір молшылық әкеледі» деп қуанып жүрген отандастарымыз көп. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Лайым, солай болып, сиыр жылының қазаққа сыйлар сыйы көп болсын, уайым-қайғы жоқ болсын. Алла тағала індетке дауа, жеріңе көз алартқан көрші елдерге тәупиық берсін деп тілейік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 14 =