Сирия жанжалы: Түркия мен Ресей қайта тіресе ме?

0 111

Он жылға жуық уақыттан бері әлемдік ақпараттың бас тақырыбынан түспей келе жатқан Сирия мәселесі соңғы кездері басқа арнаға қарай бұрылып барады. АҚШ бастаған батыс күштері мен үкіметке қарсы шыққан бүлікші армияның соққысынан берекесі қашан Башар Асад Ресейге арқа сүйеп, әупіріммен анталаған жауларының бетін қайтарды. Қолдан кеткен көп жерді қайтарып алып, оппозициялық күштер орналасқан соңғы бекіністерге шабуыл жасай бастады. Міне, осы шабуыл Башар билігін қолдап отырған Ресей мен Башарға қарсы күштерді айтақтап отырған Түркия арасына тағы да от түсірді.Сирия жанжалы неден басталды?

«Араб көктемі»-нің әсерінде 2011 жылы Сирияда Башар Асад билігіне қарсы толқу туып, соңы қарулы қақтығысқа ұласты. Оған АҚШ бастаған батыс елдері мен сүнниттік ағымындағы араб елдерінің араласуы онсыз да қырық пышақ болған Сирия жағдайын миша былықтырды. «Көк ит бір жақ, көп ит бір жақ» дегендей, Башар билігі өз үстемдігін сақтап қалу үшін жанталасса, оған қарсы атқа қонған «еркін Сирия армиясы» сияқты үлкенді-кішілі қарулы топтардың ұзын-саны 1000-нан асты. Олардың арасында бүкіл жаһандық қауіпсіздікке қатер төндірген ДАИШ содырлары да бар. Ол аз болғандай Франция, АҚШ сияқты 70 елдің мүддесі де Сирияда тоқайласты. Еліміздің астанасында өткен келіссөзде Сирия оппозициясының бір өкілі «біздің елде жетпіс мемлекеттің мүддесі таласқа түсіп жатыр» дегені – әне соның айғағы. Себебі Ирак сүнниттердің күшеюінен қорықса, Түркия өз ішіндегі алауиттердің сыртқы қолдаушысы болған Асад билігінің тұғырдан тайғанын қалайды. Аймақтық көшбасшылыққа таласқан Сауд Арабиясы Сириямен бұрыннан қырбай. Демек, Сауд Арабиясы, Катар мен Түркия Сириядағы сүнниттік оппозицияшыл топтарды қолдаса, Иран шиғалардың қолтығына су бүркеді. Онсыз да бітіспес жауға айналған Ресей мен АҚШ үшін де Сирия жері – күш сынасатын маңызды майдан. Демек, Шам еліндегі бұл соғыс жаһандық 2 соғыстан кейінгі ауқымы кең, қатысқан мемлекет саны көп ең қиян-кескі соғыстың бірі болды. Сұрапыл соғыстан 500 мыңға жуық адам қаза тапты, мұның 120 мыңнан астамы бейбіт тұрғын 12 миллионға жуық адам баспанасыз қалды.

Сирия соғысындағы бетбұрыс

Сириядағы жағдай сырттай қара­ғанда ішкі соғыс сияқтанғанымен, жалпы жағдайдан алып қарайтын болсақ, жоғарыда айтқанымыздай, мұның артында әлемнің алпауыт күштері АҚШ пен Ресей тұр. Әрине, Ұлыбритания, Франция, Қытай сынды Біріккен Ұлттар ұйымы күштерінің рөлдері де маңызды. Алайда Сириядағы соғыстың боранды күнгі өрттей ұлғаюы және «Ислам мемлекеті»-нің құрылуы мен күйреуінде АҚШ пен Ресей басынан бастап басты рөл ойнады. Былайша айтқанда, Сирия мәселесінде тұрақты бір майдан ұстанбаған бұл екі ел кейде тікелей, кейде жанамалай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің үйлесімді шешім шығаруына кедергі жасады. Осының салдарынан халықаралық ұйым Сирияға қарата ықпалды бір саясат ұстана алмады. Ал соғыс алаңында АҚШ және оның одақтастары әскери оппозиционерлерді қаруландырса, Ресей мен Иран Асадты әскери, қаржы және саяси жақтан қолдады. Осылайша, Сириядағы
қарулы күштердің бірін-бірі жеңуіне тосқауыл жасап, саяси ойынды қыздыра түсті.
Алайда Сирия мен Ирак аума­ғында экстремистік топтар құрған аталмыш ДАИШ-тың күйреуі және Ресейдің Башарға ашық қолдау көрсетіп, оның әскерлеріне әскери жабдықтар және ақылшы әскери қызметкерлер жіберуі Сирия соғысының беталысын жаңа арнаға бұрды.
Ислам мемлекеті немесе Ирак және Шам Ислам мемлекеті – радикалды исламизм идеологиясын ұстанған халықаралық әскери лаңкестік ұйым. 2013-2019 жылдары әлем елдері мойындамаған мемлекет ретінде Сирия мен Ирактың бірқатар аудандарын өз бақылауында ұстады. 2014 жылдың маусым айында Ирактың ірі қаласы Мосулды басып алған ИМ өзін «халифат» деп жариялап, топтың көсемі Әбу Бәкір әл-Бағдадиді «халифа» етіп сайлады. Бірақ көп өтпей АҚШ бастаған мемлекеттер ресіми түрде ДАИШ содырларына шабуыл жасады. Енді бір жағынан Ирак пен Сириядағы үкімет армиясы да соққыны күшейтті, бұл шайқасқа Башарға қарсы соғысып жатқан кейбір қарулы топтар да қосылды. Нәтижесінде, 2015 жылдан бастап «Ислам мемлекеті» басып алған көп жерінен айырыла бастады. Сирия және Ирак әскерилері Тикрит, Байджи, Эль-Фаллуджа, Мосул, Раққа секілді ірі елді мекендерді өз бақылауына алды. 2017 жылдың қарашасында «Ислам мемлекетінің» Ирактағы соңғы қаласы Рауаны ирактік әскерилер басып алды. 2019 жылдың наурыз айында Сирия аумағындағы ИМ-нің соңғы бекінісі Бағуз Фауқани АҚШ қолдаған «Сирия демократиялық күштерінің» қолына өтті. Сол жылдың қазан айында «халифа» Әбу Бәкір әл-Бағдади жер жастанды. «Ислам мемлекеті» толық күйреді. Жеңістен кейін АҚШ Сирияның солтүстігіндегі қарулы күштерін ғана қалдырып, басқа аймақтардағы әскерін шығара бастады. Бірақ Түркия Сирия соғысындағы «жаңа» ойынын бастады.

Түркия неге атқа қонды?

АҚШ әскерін шегіндіре бастағанда Түркия президенті Режеп Ердоған Сирияның солтүстік-шығысына әскер кіргізетінін жариялады. Бұл сириялықтарға ғана емес, әлем елдеріне де күтпеген жаңалық болды. Ал бұған дейін Түркияға қарсы ұйымды қолдаған АҚШ-тың өзі бұл соғысқа араласпайтынын мәлімдеді. Алайда бірнеше күннен соң Трамп түркиялық әскерилер күрдтерге шабуылдаса, Түркияны оңдырмаймын деп сес көрсетіп, түріктерге «қауіпсіз аймақ» құру жөнінде кеңес берді.
Сирияның Түркиямен шекараласатын солтүстік-шығысында сириялық күрдтер қоныс тепкен. Мұнда бәрін күрдтердің халықтық өзін-өзі қорғау жасағы бақылайды. Түріктер бұл жасақты террористік ұйым деп санайды. Сондықтан Анкара күрдтерді өз шекарасынан ығыстырып тастау үшін Сирияның солтүстік-шығысынан күрдтер кіре алмайтын 32 шақырымдық «қауіпсіз аймақ» құрып, оған Түркияда тұрып жатқан 2 миллион сириялық босқынды көшіріп әкелуді жоспарға алды.
Түркияның жасақ кіргізуіне ең алдымен сириялық күрдтер қарсылық танытып, түрік шапқыншылығына қарсы соғысатынын, АҚШ-тың күрдтерді сатып кеткендігін мәлімдеді. Сондай-ақ күрд жасақтары Дамаскпен ортақ келісім жасады. Осыған байланысты Сирия үкіметі өз жасағын әскери операция жүріп жатқан аймаққа жіберді. Бұған дейін Сирия мен Түркияның қарулы күштері бетпе-бет келмеген еді.
Жақында Сирия әскерлері Түрік армиясының Сириядағы қамалына шабуыл жасап, Түркияның ондаған сарбазы қаза тапты. Бұл шабуыл Сирия мен Түркия арасындағы шиеленісті ушықтырып қана қалмай, Ресей мен Түркияның «лекерлеп» жасаған келісіміне де кесірін тигізді.

Ежелгі бәсекелес ел болмас

НАТО құрамындағы Түркия мен Ресейдің қатынасы бұрыннан тым мінсіз емес еді.  2015 жылы күзде Ресей Сирияда әскери операциясын бастағаннан кейін ресейлік СУ-24 бомбалаушы ұшағы түрік әуе кеңістігіне кіріп кетіп, оны түрік жасақтарының атып түсіруі екі елдің қайшылығын тіпті асқындыра түсті. Кейін «Түрік әлемінің ақсақалы» – Елбасы Н.Назарбаевтың араласуымен бұл дау сабасына түсіп, екі ел арасында жылымық пайда болды. Сирия мәселесінде Мәскеу Асад әскеріне қолдау көрсетуден, ал Анкара оппозиция күштеріндегі қолдаудан танбай келе жатқанымен, екі ел де Сириядағы қақтығысты тоқтату жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқан болатын. Алайда осы реткі түрік әскерлеріне жасалған шабуыл бітеу жараның аузын тағы тырнап кетті.
Түркия президенті Режеп Ердоған 12 ақпанда Мәскеуді Сирияның Идлиб провинциясында бейбіт азаматтарға шабуыл жасап, зәбір көрсетті деп айыптады әрі түрік әскерилеріне тағы шабуыл жасаса, үкімет күштеріне «жауап беретінін» айтып, қоқан-лоқы көрсетті. Бірақ Ресейдің қорғаныс министрлігі Ердоғанның айтқандарын жоққа шығарды.
2017 жылдың мамыр айында еліміздің астанасында Ресей, Иран және Түркия өкілдерінің келіссөзінде жасалған уағдаластыққа сәйкес Сирияда төрт деэскалация аймағы құрылғаны мәлім. Оның үш аумағы 2018 жылы Дамаскінің бақылауына өтті. 2018 жылдың қыркүйек айында Ресей мен Түркия Сочиде ондаған түрлі құрылым орналасқан Идлибте демилитаризацияланған аймақ құру туралы келісімге келді. Алайда Ердоғаннан гөрі Асадқа көбірек бүйрегі бұрылатын Ресей өз міндетін орындамай отырған сыңайлы. Себебі жақында Түркия тарапының күңкілі көбейіп, Ресейді жазғыруы жиілеп кетті.
Түркия тарапы сириялық әскерлерді ақпан айының соңына дейін Идлибтегі бақылау аймақтарынан шығаруды көздеп отыр. Түрік әскерлеріне жасалған шабуылдан кейін Ердоған бұдан былай түркия­лық әскерилерге шабуыл жасалса, қатаң жауап қайтармақ. Яғни Анкара Сочи меморандумында бекітілген аумақтардан асып, оқ ата бастайды. Міне, бұл енді-енді оңалып келе жатқан Сирия мәселесін қайта ушықтырып ғана қалмай, Түркия мен Ресей арасының қайта бұзылуына мұрындық болуы әбден мүмкін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 4 =