Сирек жәдігерлер сыр шертеді

0 31

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» қорында сақталған мәдени мұраларды насихаттау мақсатында «Ұлы Дала мұрасы» атты шара ұйымдастырылды.Шараға келген қонақтар сирек кітаптар мен қолжазбалар, сонымен бірге қазақ хандығы қайраткерлерінің хаттары қойылған залды аралады. Орта ғасырлық түркі тарихының бір арнасынан хабардар ететін жәдігерлердің ең әрісі ІХ ғасыр­ға тиесілі ежелгі түрік жазба ескерткіші «Ырық бітік» кітабының көшірмесі көптің назарын аударарлықтай. Оның түпнұсқасы Британ музейінде сақтаулы тұр. Көрменің көрнекті орнына қойылған ислам дүниесіне арналған қолжазбалар ішінде Ясауидің Хикметінің қолжазбасы бар. Алтын Орда дәуіріне қатысты дүниелердің бірі Ибн Халликанның өз заманының беделді тұлғалары туралы жазып қалдырған еңбегінің көшірмесі де зерттеушілерін күтіп тұр. Осындай құнды дүниелердің қатарында Рабғузидің Қиссас-ул Әнбия, Сайф Сарайдың, Хорезмидің «Мухаббатнамесі» мен Құтб­тың «Хұсрау мен Шырын» дастандарының көшірмесі бар. Құнды жазбалардың бірінде Шайбани ханға дейінгі Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының өмірбаянын сөз ететін жазбалар бар. Бұл жазбалар – түркі тамырымыздың алтын ордалық кезеңінің құнды дүниесі зерттеушілер үшін үлкен олжа. Түп нұсқалары сақтаулы тұрған Еуропаның ірі орталықтарына бармай, елордамызда цифрлы көшірмесінде оқып зерттей алады.
Ел тарихын білемін дегендерге ХVІ ғасырда ағылшын елшісі Энтони Дженкинсонның салған сызбасы көп мәлімет береді. Елші Ресей, Кавказ, Орталық Азия елдеріне саяхаттап келіп, 1562 жылы сызбаны жасап, 1570 жылы Антверпен қаласындағы Франц Хогенбергтің баспасында басып шығарады. Бір қызығы, өзі жүріп өткен жердің жер-суын белгілеген картада қазақтың қазіргі кең-байтақ даласының үстінде «Қазақия» сөзі таңбалаған.
Орталық қызметкерлері көне қолжазбаларды қалпына келтіру жұмыстарымен таныс­тырды. Біршама уақыт алатын тазарту, жуу, жамап-жасқап қалпына келтіру жұмыстарының барысымен таныстырды. Жақында ғана қалпына келтірілген мыңнан астам беттік фиһх кітабын және Махамбет Өтемісұлының өлеңдерінің қолдан көшірілген нұсқасының қалпына келтірілген түрлерін көрсеткен реставраторлар бұл жәдігерлердің орталық қорында сақталып, сандық түрімен танысуына болатынын айтты.
Ашылғанына көп болмаған қордың шешілмеген әлеуметтік мәселелері жеткілікті. Ең бастысы, осыншама құнды дүниелерді оқып, оны ғылыми айналымға айналдыратын мамандардың жоқтығы және осы істің басындағылардың мардымсыз жалақысы рухани дүниеміздің көпшілікке жеткізер жолын кесуде екенін ұйымдастырушылар күйінішпен жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × four =