СИМУЛЯЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ТӘЖІРИБЕНІ ШЫҢДАЙДЫ

0 465

Қалалық денсаулық сақтау саласындағы жетістіктердің бірі – инновациялық тәсілдермен жұмыс істейтін оқу-клиникалық орталығы. Осы орталықта елорданың ғана емес, республикалық деңгейдегі клиникаларда жұмыс істеп жүрген дәрігерлер мен медбикелер біліктілігін жетілдіреді. Тіпті қарапайым адам да осы мекемеге келіп, алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерін игере алады.

«Оқу-клиникалық орталығы» ЖШС директоры Райхан Мусина «Біз дәрігерлерді ғана емес, қарапайым мамандарды да оқытамыз. Адамның өмірінде небір жағдайлар болады ғой. Мысалы, адам суға кеткенде, аяқ астынан инсульт алған жағдайда жанындағы адамы алғашқы медициналық жәрдемді қалай көрсету керектігін білуі керек. Медициналық көмек неғұрлым жылдам көрсетілсе, соғұрлым науқастың өмірін аман сақтап қалуға болады» дейді.

Мұнда спортшылар, құрылысшылар, мұғалімдер, мұнайшылар, инженерлер, кеңсе қызметкерлері де оқиды екен. Дегенмен де оқу-орталығында басқа сала мамандарының келуі аса көп емес. Шамасы, жұртшылық бұл – тек ақхалаттыларды оқытатын орталық деп ойласа керек. Әйтпесе, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдысын игеру аса қымбат емес. 5 мың теңгеден басталады. Ары кетсе үш күннің ішінде біраз дәрігерлік машықты игеріп аласыз. Өміріңізге керек-ақ дүние. Ал елорданың дәрігерлері мұнда тегін оқытылады. Шетелден кәсіби мамандарды шақыру, сырт елдерге өзімізден дәрігерлер жіберіп, біліктілігін жетілдіру сынды жұмыстармен де осы орталық айналысады. Өткен үш жылдың ішінде 7700-ден астам маман қайтадан оқытылып, біліктілігін жетілдіріп келген екен.

Оқу-клиникалық орталық дәрігерлер мен медбикелерді арнайы симуляциялық технологиялар арқылы оқытады. Бұл – күллі әлем бойынша медициналық кадрлардың біліктілігін арттыруда таптырмайтын әдіс болып саналады. АҚШ, Канада, Норвегия, Швеция елдері мамандардың білімін симуляциялық технологиямен шыңдауды медициналық оқу бағдарламасына арнайы енгізген екен. Ақхалаттылардың біліктілігін жетілдіріп,тәжірибе жүзіндегі машығын қалыптастыруға арналған мұндай оқыту әдісін елорда да қолға алып, Астана қаласы әкімінің қаулысымен 2007 жылдың қазан айында осы орталық ашылған болатын. Алғашында Гарвард медициналық мектебінің клиникалық базасы болып табылатын «Партнерс Хелс Кеар Систем» (АҚШ, Бос­тон) медициналық корпорация­сымен ынтымақтаса отырып, орталықта Америка кардиологтар ассоциациясының бағдарламасы бойынша симуляциялық оқыту технологиясының трансферті жасалыпты. Бұл бағдарлама қазақ және орыс тілдеріне аударылып, қазір сәтті жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен симуляция дегеніміз не? Бұл – ауруды және оның белгілерін жасанды жолмен ұйымдастыру. Ол үшін арнайы манекендер мен мулляждар пайдаланылады. Бұл манекендердің сыртқы түр-пішіні мен «терісі» адамға ұқсас жасалған. Жансыз бейнелердің ішіне арнайы пультпен басқаруға болатын компьютерлік бағдарлама енгізілген. Дәрігер-нұсқаушы сол пульт арқылы клиникалық сценарий құрады. Мысалы, адамның жүрегі кенет тоқтағанда, жүрек-қан тамырлары қызметінің жіті бұзылыстарында қандай жедел көмек көрсетілу керектігі оқытылады.

Симуляциялық технологиямен қалай жұмыс істейтінін біз де өз көзімізбен көрдік. Біз барғанда дәрігер-нұсқаушы Мәдина Абдрахманова мен реаниматолог-дәрігер Қарлығаш Орманбетова екеуі ақхалаттыларға жүрек тоқтағанда қандай медициналық көмек көрсету керектігін үйретіп жатыр екен. Төсекте таңылып жатқан манекен құдды адам сияқты. Кәдімгідей тыныс алады. Тамыры соғады. Бір кезде Мәдина Абдрахмановап пульттің бір пернесін басып қалып еді, әлгі тыныс алып жатқан манекеннің жүрегі тоқтады да қалды. Енді үйренуші жас дәрігерлердің міндеті – өміріне қауіп төнген науқасты қайта тірілтуі керек. Бір дәрігер қолдарын манекеннің жүрек тұсына қойып, тікелей массаж жасай бастады. Егер массаж дұрыс жасалмаса, манекенің тірілмейді. Оның жүрегінің жағдайы науқастың тұсындағы кардиомонитордан бақыланады. Жүрекке массаж жасаудың ең бас­ты міндеті — организмде қанның жүруін қамтамасыз етіп, адамның ең маңызды тіршілік органдарына оттегін жеткізу, соның нәтижесінде дербес жүрек қызметі мен тыныс жолдарын қалпына келтіру екен. Егер бұдан да пайда болмаса, онда ақхалаттылар дефибриллятор аппараты арқылы жүрекке электрлі импульс жібереді. Мұндай әдістен кейін әлгі манакенімізге жан бітіп, ауырып жатқанын білдіріп, ыңырси бастады. Бұл дауысты сырттан естігендер шынымен адам ауырып жатыр деп ойлауы кәдік.

Бұдан кейін курсанттар реанимация кабинетіне жалғас жатқан бөлмеге келіп, компьютерде алдын ала жазылған бейнежазбадан өздерінің науқасқа қалай көмектесе алғанын, қай жерде қателескенін қарай бастады. Демек, келесі жолы осы қателіктерін қайталамайды деген сөз. Дәрігерлік дағдыға машықтандыру дегеніміз осы болса керек.

Симуляциялық технология арқылы ақхалаттылар күре тамырға, жамбасқа екпе салу, сис­тема қою және әйелдерді босандыру, сәбилердің өміріне қауіп төнген кезде жедел жәрдем көрсету дағдыларына, тіпті лапарскопиялық операцияларды жасауға да машығып шығады.

Мұнда оқытудың жеті циклі бар. Оқудың бағдарламасына байланысты бір күндік, жеті күндік, екі апталық, тағы басқа да курстары бар.

Оқу-клиникалық орталықтың оқыту сапасын, инновациялық тәсілдерін тыңдаушы-курсанттар ғана емес, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі де жоғары бағалапты. Орталық былтыр тәуелсіз бизнес рейтингісінде республика бойынша үшінші орын алып, саланың үздік көшбасшысы атанған.

Бүгінде оқу-клиникалық орталығында 22 дәрігер мен жоғары білімді медбике-нұсқаушы жұмыс істейді. Ал оқуда пайдаланылатын манекендердің саны 80-нен асады екен. Бұлар Америка, Канада, Норвегия, Жапонияның сапалы өнімдері көрінеді.

Осынау симуляциялық технологияның арқасында бұрын тек республикалық әйгілі клиникаларда көрсетілетін жоғары медициналық көмек енді Астана қалалық ауруханаларында да көрсетілетін болды. Елордалық сәтті тәжірибеден кейін мұндай оқу-клиникалық орталығын «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша еліміздің 16 өңірінде де ашу жоспарланып отыр екен.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 17 =