Симптом байқалса, дереу оқшаулану керек

дәрігер кеңесі

0 60

– Бірінші кезекте егер бойыңызда қазір бәріміз білетін симптомдар пайда болса, дереу оқшауланып, бұл туралы дәрігерге хабарлау керек. Себебі КВИ белгілері ЖРВИ симптомдарымен ұқсас келеді. Өздігінен емделуге және өз бетінше антибактериалды препараттар қолдануға болмайды. Өйткені бұл дерт – вирустық инфекция, ол антибиотикпен емделмейді. Антибиотикті бактериалдық инфекция болғанда ғана тағайындайды. Қызу көтерілсе оны түсіретін дәрілер ішу керек, бұл негізінен, парацетамол, ал ол көмектеспей жатса ғана анальгин ішуге болады. Анальгин негізі науқастың жағдайын нашарлатып жібереді деп саналады. Температура көтеріле берген сайын адам ағзасы құрғай береді, бұл тромбоэмболикалық қауіпті күшейтеді. Сондықтан сұйықтықты жиі ішу керек. Алайда жүрек ауру болса, сұйықтықты абайлап ішу керектігін де ескеру қажет. Қызудың көтерілгеніне қаймығып, уайымға берілудің қажеті жоқ, температура орташа есеппен 3-4 күн солай тұрады. Сонымен қатар С витаминін ішуге кеңес береміз. Алайда оны да өз мөлшерінен асырмай пайдалану керек. «Прон-позиция» деген бар, яғни негізінен ішпен немесе бір қапталымен жатып ұйықтау қажет, мүмкіндігінше арқамен жатпаған дұрыс, себебі бұл жағдайда өкпенің артқы жағына ауа толық бармайды. Дәрі-дәрмекті өз бетінше пайдалана беруге болмайтынын айттық. Мен тіпті кей пациенттер Ксарелто дәрісін де өз бетінше алып ішкені туралы естідім, бұл дәрі нағыз антикоагулянт, ол біреуге болады, ал біреуге мүлдем жақпайды. Ксарелто кей адамда қан кетіру қаупін туғызуы мүмкін, себебі көбі асқазанында ойық жара бар ма, жоқ па білмейді. Тамақтануға келсек, әрине, тағам құнарлы, әрі пайдалы болуы керек. Түрлі ет сорпасы, сүт өнімдері, лимонмен, таңқурай тоспасымен шәй ішкен абзал. Мұны енді әдеттегі ЖРВИ аурулары кезіндегі ем ретінде кез келген адам біледі. Зімбір мен қыша (хрен) пайдалану – иммунитетті көтеретін алдын алу шарасы ретінде қолдануға болатын ем-домдар, бірақ олар вирус­тан емдемейді. Оларды да өз мөлшерінен асырмай қолдану қажет. Өйткені бұл да асқазанда жарасы бар адамдарға қауіпті. Қазіргі таңда қалай болғанда да сақтайтын санитарлық нормалар – маска тағу, қолды сабындап жуып, антисептик қолдану, адамдармен көп араласпау, басқа да шараларды толық орындау керек болып тұр. Себебі ауруын өзі білмейтін, симп­томы жоқ науқастар айналасындағы адамдарға вирус жұқтыруы да мүмкін. Ал қызу мүлдем түспей, демікпе пайда болса, жағдайыңыз нашарлай берсе жедел жәрдем шақырту керек. Қалған емнің бәрі дәрігердің тағайындауымен жүргізіледі. Бұдан бөлек жүрек, бүйрек ауруы барлар өте абай болып, әсіресе қант диабетіне шалдыққандар қандағы глюкоза мөлшерін бақылауда ұстап отыруы тиіс. Себебі КВИ-дің ең ауыр кезеңдерін осындай нау­қастар өткереді. Қазіргі таңда ЖРВИ симптомдарының бәріне аса мұқият мән беріп қарау керек, себебі ПТР тест теріс нәтиже көрсеткенмен, ол КВИ-дің жоқ екенін білдірмейді.

Әсел ЕСАЛИЕВА,
дәрігер-реаниматолог

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + 13 =