СIЛЕТI БОЙЫНДАҒЫ ЕСКЕРТКIШТЕР

0 1  107

Сілеті _з

Сілеті – Сарыарқаның Ертіс алабына қарай ағатын белгілі өзендерінің бірі. Осы шағын дала өзенінің тарихы қазақтың шежіресімен де, мәдениетімен де, қазіргі замандағы тіршілігімен де астасып жатыр. Астананың солтүстік қапталында Бозайғыр аталатын ауылдан солтүстік-батысқа қарай бірнеше терең сайлар шығады да, олар бас қосып,  жинала келе Ақсай аталады.  Сілетінің бастауы осы жерде. Оңтүстік жағынан  Ақсайға бірнеше ұсақ бұлақтар құяды, одан қалды қар суынан қорек алады да, арналы өзенге айнала бастайды. Ақсайға Қарғалы өзені келіп құйған жерінен бастап өзен Сілеті аталады. Астанадан Керекуге қарай шығатын тас жолмен жүргенде Сілеті көп жерге дейін қапталдаса ағып жатады. Қаладан тым алыстамай жатып-ақ, Сілетінің оң жағалауынан Майдан атты оқшау тау көрінеді. Одан Майлы қара, т.б шоқылар кездеседі. Өзен Сарыарқаның адырлы алқабын аралай, Ереймен мен Моншақты тауларының ортасынан қақ жарып, Ертіс алабына жетіп, Сілеті теңіз аталатын ағынсыз көлге құяды.  Сілеті өзенінің аңғары кең, кейбір жерлерде жайылмасы кең атырапты алып жатады. Ереймен маңында Сілетінің жары биіктей береді де, Қойтасқа жақындағанда тік жар, құз жақпарлардың ортасымен өтеді. Гидрографтардың жасаған есептеріне қарағанда, Сілеті өзенінің ұзындығы – 407 шақырым. Су жиналатын алабы – 18500 шаршы шақырым.

Сілеті – теңіз ауданы 750 шаршы шақырым болатын үлкен көл. Ұзындығы 65 шақырым болса, ені 20 шақырымға жуық. Жағасының жалпы ұзындығы – 275 шақырым. Айдынды бола тұра аса терең емес, Ертіс жағасында жиі кездесетін жайдақ, ащы көлдердің бірі.

Астанадан Алаш тас жолымен ұзағанда Сілеті өзені бір емес, бірнеше рет алдан шығады. Жолай Сілетінің ұсақ салалары да кездеседі, олар – Қоянды, Ақжар, Ақмырза, Кедей, Жартас, Шолаққарасу, Шилі өзектері. Осы аталған өзеншелердің әрқайсысы туралы толып жатқан аңыз-хикая ел арасында әлі де сақталған. Ақмырзаны ел ХVІІІ ғасырдың тарихымен, қазақ-қалмақ заманымен байланыстырады, ал Кедейді Сібір хандығының билеушісі Көшімнің ұлы дейді. Бұл алапты тарихшы-этнографтар тыңғылықты зерттемегендіктен, толымды пікір айту да қиын, тек өлкетанушылардың назарын Ақмырза өзенінің орта ағысындағы «Әулиетөбе», «Сәмеке» қорымы аталатын жерлерге аударғымыз келеді. Осы Сәмеке қазақты ХVІІІ ғасырдың «Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұлама» аталатын ауыр кезеңінде билеген үлкен хан емес пе? Оның 1733 жылдары башқұртқа қарсы бағытталған жортуылда жараланып 1737 жылдары қайтыс болғаны белгілі. Бірақ әлі күнге дейін қай жерге жерленгені анықталмаған.

«Сілеті» сөзі қандай мағына береді? Қазақ тілінің этимологиясымен айналысқан ғалымдар «Сілеті» сөзін моңғолдың «чулуты», яғни қазақша «тасты» деген сөзінен шығарады. Ғ.Қоңқашпаевтың пікірінше, «Бұған өзен басы терең шатқал, жартасты болып келуі себеп болған» (Г.Конкашпаев. Георгафические названия монгольского происхождения//Известия АН Каз ССР. Серия филологии и искусствоведения. Вып.1 (11), 1959, с.92). А.Әбдірахманов болса «Соныменен Чулууты//Сілеті атаулары басқа түркі тілдеріндегі ташты//тасты сөзінің көне варианты» дейді (А.Әбдірахманов. Топонимика және этимология. Алматы,1975, с.164). Біздің ойымызша, «сілеті» сөзінің мағынасын қазақ тілінің өзінен іздеу керек. Қазақта «сілем құрып» деген сөз бар. Шаршап-шалдығып қалса, «сілесі қатты» дейді. Осының бәрі адам ағзасындағы сілтіге байланысты ма деген жорамал туындайды. Сілеті өзенінің ағысын бойлай жүргенде әр жерде жағалауы ақ көбіктеніп жататынын көруге болады. Бұдан өзен табанында кальций, натрий, калий сияқты сілтілік металдардың бар екенін, олардың сумен араласа тотық түзіп, көпіршіп жататынын аңғару қиын болмас. Қазақтың «сілем қатты» деген сөзі де адам ағзасында судың азайып, ағзадағы сілтілік металдардың тотығу  процесі баяулағанын аңғартса керек. Адам ағзасының негізінен судан және металдардан тұратынын біз қарапайым анатомия мен биология сабақтарынан білеміз.

Сілеті талай тарихи оқиғаға куә. Сілетінің жағасында қазақтың ұлы таңдаулы тұлғаларының ізі қалған. Қазақтың Бөгенбай сияқты ұлы сардары 1775 жылдың жаз мамыр айының ішінде Ереймендегі Қоржынкөл басындағы қыстауынан жаз жайлауы – Сілетіге қарай жылжи  көшті дейді елдің аңызы. Тамылжыған тамаша бір шақ еді. Қазақтың жазғы көші қандай жайдары. Жүйрік пен жорға міне жарысқан қыз-бозбала, әр жерде ерулік деп алдынан тосып, ауылына шақырып жатқан көршілер, ағайындар.  Көшінің сән-салтанатымен  жұртты таңқалдыратын өрнекті, келбетті бәйбішелер. Қырмызы қызыл көйлек-бешпент киген қазақтың сұлу қыз-келіншектері.  Қалы кілем жаптырған  қатар-қатар тізілген нарлар. Бөкең осы әдемі көріністің ортасында 1775 жылы  Торғай өзенінің  Сілетіге құятын сағасында қайтыс болды. Сардар өмірі өте  мәнді әрі әдемі  өтіп еді, соңғы  сапары  да жұрт қызыққандай болды. Маңында  бала-шағасы, қалың елі, жан-жағында мыңғырған малы, ең бастысы халқының алғаусыз ықыласы мен сүйіспеншілігі. Батырдың  соңында оның атын өмірі  тарих бетінен түсірмейтін тамаша жеңістері, мәртебелі істері қалды. Мына жалған дүниеде тіршілік жасаған адамға одан артық не керек?!

Енді Сілеті бойында кездесетін ортағасырлық ескерткіштерге келейік. Ә.Бөкейханов «Ақмола уезінің Қоржынкөл болысында Сілеті өзенінің бойындағы обалар тізімі» деген мақаласында: «Қазақтар «Сырлытам» деп атайтын төрт оба Сілеті өзенінің солтүстік жағасында, Бұқпа өзенімен аралығында орналасқан. Кейбір обалардан қазақтар пеш салған кезде  кірпіш алады, сол кезде байқағандары обалардың бірі төрт бұрышты, күмбезді құрылыстан қалған. Кірпіш алып жатқан қазақ күмбез опырылып кетіп бөлменің ішіне құлап түскен екен, сонда бөлменің ортасы шымылдықпен бөлінгенін көріпті. Сырттан ауа кіргенде жаңағы шымылдығы күлге айналып кетіпті, жібектің күліне ұқсайды. Бұл жерде әлі тонауға ұшырамаған да обалар бар» дейді.

Біз бұл жерлерде жазғы экспедициялық зерттеулеріміздің кезінде болдық. Қазақстанның үш облысының бір-бірімен шекараласатын жері. Бір жағы Ақмола, бір жағы Солтүстік Қазақстан, бір жағы Павлодар облыстарының тұрғындары осы жерлерді ен жайлайды. Мал өсіруге, әсіресе, жылқы бағуға өте қолайлы жайылымы мол, кең байтақ жерлер. Аталған алаптың әр жерінде орта ғасырлық ескерткіштер, оның ішінде қалашықтар мен обалар мен мұндалап тұрады. Жоғарыда аттары аталған Сырлытам  әлі сақталған, сонымен бірге, Құрмысы обасы сияқты зерттеушілерге әлі де сырын ашпаған ескерткіштер баршылық.

Сырлытам атауы, ең алдымен, Сырдарияның төменгі ағысындағы  ортағасырлық сәнді құрылыстарды еске түсіреді. Олардың бірі – Қызылорда қаласынан оңтүстік батысқа қарай 105 шақырым жерде орналасқан, Іңкардария саласына 30 шақырым жердегі Сырлытам. Бұл биіктігі 10 метрдей болатын, ауданы 9,5х10,15 метр шаршы қызыл күйдірілген кірпіштен көтерілген порталды күмбезді ескерткіш  әлі күнге дейін сақталған.

Екінші Сырлытам Төретөбеде. Қызылорда қаласынан оңтүстік -батысқа қарай 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Тік бұрышты (10х15 метр), зәулім 16 қырлы барабаны бар, оның үстіне биік күмбез өргізген құрылыс. Құрылыстың оңтүстігінде және солтүстігінде екі қақпа бар, алдыңғы қақпалары түрлі-түсті қышпен, кесте сияқты араб жазуларымен өрнектелген. Араб жазуының кірігуіне қарағанда Төретөбе Сырлытамы ислам кірген заманда салынған құрылыс деуге келеді. Сырлықаланың қақпасындағы жазуды В.Каллаурдың тапсырмасымен  1900 жылы күзде қазақтың сол кездегі сауатты азаматы Төлепберген Жылқыбаев түсірген екен. Сол жазуда құрылыстың салынған уақыты хижраның 678 жылы деп көрсетіледі, яғни, қазіргі жыл санау әдібімен 1279 жылға сәйкеседі.  Ендеше біз Сілеті бойындағы Сырлытамды да сол кезеңмен байланыстыруға мүмкіндігіміз бар деп есептейміз.

Төретөбедегі Сырлытам туралы В.Каллаур жазбаларына сүйеніп, И.А.Кастанье жақсы сипаттама жасаған. Осы сипаттамаға қарағанда Сырлытамның жанында төрткүл түрінде салынған қалашықтың  орны бар: «курган (крепость) расположен на ровной местности; ворота его выходят на запад, стены глинобитные, как это заметно с наружной стороны крепостного вала; длина стен в окружности 960 шагов, а высота от 3 до 4  аршин (1 аршын-71,12 см-Ж.А.) крепостные рвы засыпаны песком. Внутри кургана -цитадель и остатки трех зданий, засыпанных песком, из которых местными казахами выбирается жженый кирпич…Судя по этому, здания были из жженого кирпича.

С восточной стороны развали кургана, в 400 шагах, имеется сухое русло реки…  (Баршын дария-Ж.А.).

Мавзолей Сырлы-Там находится с западной стороны кургана, в  280 шагах впереди его ворот, и стоит на плоском возвышенном бархане…» (И.А.Кастанье. Древности Киргизской степи и Оренбургского края. Оренбург,1910, с.320).

Сілеті бойындағы Сырлытам маңында бекініс жоқ, бірақ тамды айнала алыстан орағытқан ордың ізі көрінеді. Бұл ежелгі қорғаныс жүйесінен қалған қалдық екені анық. Біз белгілі дәрежеде Сілеті бойындағы осы ескерткішті ХІІІ-ХІV ғасырларда Сарыарқаның солтүстік аймағына иелік еткен Жошы әулетіне жататын ұлыс сұлтандарының ордаларымен байланыстырамыз.

Ә.Бөкейханов Сілетінің жағасынан төрт шақырымдай жерде Қызыл оба аталатын үш құрылыстың бар екенін жазады. «Осыдан 30 жылдай бұрын қазақтар осы Қызыл обаның кірпішін аламыз деп қазып, одан да төрт бұрышты ғимарат шығыпты, оның да бөлмесінің ортасында шымылдық, бірнеше табыт болғанға ұқсайды. Обалардың көлемі қазақтың киіз үйіндей болса керек» деп жазады ағартушы.

Өлкетанушының жазуына қарағанда, Сілетінің оңтүстік жағасында, Петропавл-Қоянды сауда жолынан бір шақырым жерде «Мортық оба» аталатын обалар бар. Бұл обадан кезінде жергілікті қазақтар  төрт бұрышты, қалыңдығы 3 саусақтай болатын қызыл кірпіш алып жүрген және олар қазіргі кірпіштен әлдеқайда сапалы. Сонымен бірге, осыдан қырық жылдай бұрын қазба кезінде бұл Мортық обадан шойын құмған табылған екен.

Ә.Бөкейханов бұл үлкен обалармен қатар Сілетінің жағасында бір-екі шақырым жерде орналасқан Ақтөбе обасы, Мәукен баласына қойған оба, т.б. ескерткіштерді атап кетеді.

Сілетінің солтүстік жағасында, үлкен жолдан батысқа қарай 5 шақырым, «Бәйгел» аталатын жерге қарама-қарсы бір-біріне қатар төрт оба орналасқан. Ал, Петропавл-Қоянды жолынан 10 шақырымдай жерде, Сілетінің жағасынан 3 шақырымдай «Қара оба» аталатын екі оба бар. Осыдан 15 жылдай бұрын Қара обаны қазып, қазақтар сүйектелген қалмақ ер, адам сүйектерін, т.б. дүниелерді кездестіріпті.

Тағы бір ескерткіш Сілеті көлінің батыс жағасынан бір шақырымдай қашықтықтағы Мысқұдық деген жерде, көлді айнала жүретін жолдың жиегінде айналасы 50 аршын болатын үлкен оба бар. Бұл Ақмола, Көкшетау, Омбы уезінің қазақтары арасында осы оба туралы аңыздар да сақталған. Солардың бірінде бұл обаға  қалмақ ханының дүниесі қойылған екен-мыс делінеді. Қазақтар бірнеше рет бұл обаны қазамыз деп талаптанған екен, бірақ оның ішіне кіретін жолды таба алмаған. Тастан берік қылып қаланған обаны қазудың өзі мүмкін болмаған. Тек обаның шығыс жағында, жәй жерді шұқып қазғанда құмған табылған екен. Сонымен қазбаны тоқтатқан» дейді Ә.Бөкейханов (Список обам на реке Слеты в Коржункульской волости Акмолдинского уезда// Избранное. Алматы,1995, с.193).

Бұл қысқаша хабарлама 1907 жылы Орыс географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің Семей подотделінің жазбаларында жарияланған. Ә.Бөкейхановқа Сілеті өзені бойындағы ескерткіштер туралы деректерді берген Қоржынкөл болысының қазағы Олжабай Нұралин.

Олжабай Нұралин (1881-1935 ж.) – Қарт Бөгенбай батырдың ұрпағы, заманында ел өлеңдерін жатқа айтқан, Сарыарқа жерінде аты аңызға айналған қазақтың қоғам және мәдениет қайраткері. Оның өмірлік қағидалары да азаматқа үлгі боларлық. Ақын:

Ғылымдықты жек көрсең,

Надандықты дос көрсең,

Төрт аяқты хайуансың !

Өмір-асқар биік шың,

Өрлеп шығып барасың,

Қалды ма сөзің артыңда,

Ақылға салып қара сен,-дейді.

1928 жылы Кеңес өкіметі Олжабай ақынның мал-мүлкін тәркілеп, өзін бала-шағасымен жер аударып жіберді. Сонда елімен қоштасып шығарған өлеңінде:

-Бар болса ренжіткенім, кешіңіздер,

Жүректі ақ тілекпен шешіңіздер.

Біз ұштық алыс жаққа қанат қағып,

Көруге нәсіп етсін десеңіздер

Кімдер сені мекен қылып көшпеген,

Қандай ерлер сенен сусын ішпеген ?

Кейде шат боп, кейде зарлап тұрмыстан,

Нендей дәурен бастарынан кешпеген ?

Сен керексіз қылсаң-дағы, Қоржынкөл,

Мені дағы жоқтайтұғын күн келер!

Деген шумақтар бар.

-Міне, бүгін Олжабай ақынды да жоқтайтұғын күн келді. Өзінің туып-өскен Ерейментау-Сілеті өңірі туралы Олжабай ақын тамаша өлең жолдарын қалдырған. Туған жерін сағынған кезінде ол Ерейментау туралы:

-Мекен еткен-Ерейментау саласы,

Есіл-Ертіс – екі судың арасы,-

десе, Сілеті туралы:

-Аңқыған Сілетінің иісі кетпес,-

деп жырлайды.

Олжабай ақынның тарихи тақырыпқа арналған шығармалары көп. Оның ішінде Абылай ханның өміріне, ерлік істеріне арналған «Сабалақ» поэмасы ерекше орын алады.  Ақынның «Хан мен қара», «Үш жүз», «Сағындым», «Елге сәлем» толғаулары қазақ тарихының ең бір жауапты кезеңдерін, ұлы тұлғаларын жырлайды.  ХХ ғасырдың 30-жылдарында қазақ елін қан қақсатқан аштық туралы Олжабай ақын күйзеле жазады. Аштық тақырыбына жазылған «Сарыарқа. Қандай-ең!» өлеңінде қазақтың шаруасын тұралатып, санын азайтып, азаматтық рухын жасытып, сағын сындырған аштықтың елдің болашағына ауыр соққы екенін, өзге елден кешеуіл қалатынын ызалана жырлайды. Олжабай ақыннан асырып 1930 жылдар аштығына реквием жазған адам жоқ. Күштімен алысуға дәрмені құрығанына ызаланып:

Өзге жұрттың бәрі аман,

Бәрімізге -бір заман,

Жеке өлдік, қарашы !

Әлсіз құрып, әлді өспек,

Мешеу елге күш түспек,

Табиғат заңның жобасы.

Мұндай күйді көргеннен,

Ит өліммен өлгеннен,

Әуеліне жоқ болсайшы,

Қазақ деген ел болмай,

Арқа деген жер болмай,

Жаратпай-ақ қойсайшы! – дейді.

1930 жылы Ақмола қаласының маңында аштықтан үй ішімен қырылып өлген қайнағасы Құсайынға арнаған «Құсайын зары» поэмасы қазақ жерін жайлаған аштықты нақты сипаттап берген шығарма деп білеміз (Нұралыұлы Олжабай. Шығармалары. Алматы, 1995).

Сілеті бойындағы ескерткіштер туралы академик Ә.Марғұлан жазбалары аса маңызды. Ол ең алдымен ХVІІІ ғасырда Ресейдің алғашқы академиялық экспедициясының құрамында жұмыс жүргізген Иоганн Фишердің деректерін келтіреді: «Против Иртышского форпоста, в 30 верстах от Утвы находятся каменные развалины, которые кайсаки называют Туралбаш (точнее-Тулпарбас-прим. А.Маргулана) и Хараба (на территории современого Краснокусткого район-прим. А.Маргулана). Когда в 1746 году казаки начали искать в них сокровища, то четыре человека были им придавлены, с тех пор оных не раскапывают».

Ә..Марғұлан Фальк жазбаларында аттары аталған ескерткіштер туралы «Речь идет о развалинах двух замков из жженого кирпича, расположенных на р. Селеты, один из них Караоба, другой -Тулпарбас. Там сохранились следы древней оросительной системы, пни от деревьев, колодцы, выложенные камнем» дейді (А.Х.Маргулан. Остатки оседлых поселений в Центральном Казахстане// Археологические памятники Казахстана. Алма-Ата,1978, с.18).

Ә.Марғұлан Тұлпарбас қалашығын Ә.Бөкейханов жазбасында аты аталатын Қызылобамен байаныстырады: «Городище Тулпарбас (теперь Кызылоба) находится на р.Селеты, в 10 километрах от старой зимовки Кулнияза, южнее Жалаңашской степи. Возле развалин замка сохранились следы каменного моста через реку и оросительной сети на месте впадения р.Букпа в Селеты».  Ә.Марғұлан жазбаларында айтылған көпірді кездестірмесек те, біз қазіргі уақытта Қызылоба аталатын обалардың маңынан орта ғасырлық бірнеше құрылыстардың орынын, оларды айнала қызылған терең ордың ізін  аңғарамыз.

Енді Қараобаға (Хараба) келетін болсақ, осы атау Сілетіге жақын маңайда бірнеше жерде кездеседі. Оның бірі – академик айтқан Краснокут (қазіргі Павлодар облысы Ақтоғай ауылынан шығысқа қарай) тұсында кездессе, екіншісі – Ертіс бойындағы Қараөткел ауылының тұсында, үшіншісі – Сілетіге құятын Қарасудың бойында орналасқан. Біз осы аталған Қараобалардың бәрінде де болдық. Қалашыққа ыңғайлысы Қарасудың бойы.

Ә.Марғұлан мақаласының екінші бір тұсында біздің жорамалымызды бекіте түседі: «Городище Караоба-огромный холм, находится в 50 км выше впадения р.Шидерты в оз. Жалаулы. Это остатки значительного городища, построенного из обоженного кирпича. Двести лет назад, когда его осматривали академик И.Фальк, внутренние стены его были облиты стекляной массой синего цвета, т.е. имели облицовку из глазурованных плит, обломки которых встречаются в Улутауской степи в наши дни». Біз де академиктің бұл аталған ескерткіштер ХVІІІ ғасырдың ортасына дейін құламай тұрды деген пікірін қолдаймыз.

Міне, Астана қаласының дәл іргесінен басталатын Арқаның бір өзені қаншама тарихи деректі бойына сақтап отыр. Сілеті бойындағы қызыл кірпіштен салынған ескерткіштердің қалдықтары, толып жатқан қалашықтардың орындары, жер-су аттары тыңғылықты зерттелген жағдайда қазақ тарихының орта ғасырының жаңа беттерін жазуға мүмкіндік берері сөзсіз.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 11 =