ШЫҰ ҚАНДАЙ ОДАҚ?

0 95

«…Мобилизация жариялағанда жинай алатын әскер саны: 318 265 016…».
Үш жүз он сегіз миллион жауынгерден тұратын әскерді ең дарақы милитарист әлде кемеңгер генералдың өзі елестете алмас… Зұлқарнай мен Шыңғысхан да түсінде көрмеген болар. Бірақ шындық осы: бұл Орталық Барлау Басқармасының World Factbook атты анықтамасында ШЫҰ басты мүшесі – Қытайға берген бағасы. Дәл сол анықтамада аспан асты елі әскери мұқтаждықтарға елдің жалпы ішкі өнімінің 4 пайызын жұмсайды дейді. Яки, әскери шығыны жөнінен әлем бойынша 21 орында, бірақ жауынгер саны жер шарының барлық әскерлерінен асып түседі. Жалпы, Қытай туралы әңгіме болғанда алапат сандарды ең болмаса елестетіп жаттығып алған дұрыс.

«Азияның НАТО-сы»

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының жарғысында «…мүше елдердің саясат, сауда-экономика, ғылыми-техникалық… салаларда өзара сенімді арттырып, бірлесіп бейбітшілікті қорғауға мүдделі ұйым» делінген. Бірақ Сіз бен біз мынау беймаза әлемде, тіпті, қанқұйлы лаңкестік ұйымдардың жарғысының өзі – жалпылама адамсүйгіштік декларациялардан тұратынын тағы білеміз. Ендеше ШЫҰ шын мәнінде қандай ұйым?

2001 жылдың 15 маусымында Шанхайда құрылған бұл ұйым оған мүше елдердің әлемдегі өз орнын қорғауға құрылғаны кейін белгілі болды. Ұйымға әуелде мән бер­меген Батыс, енді өзіне бәсекелес көріп отыр. Шынымен, жалпы аумағы – 30 млн шаршы шақырым һәм халықтардың жалпы саны 1,5 млрд адам болатын ұйым кімді де болса мазалауы һақ. Дегенмен, ШЫҰ құрылуының себебі де сол Батыстан ба дерсіз: түрлі желеумен «жариялылық» орнатып беру­ге құмар Еуропа мен АҚШ-тың сыртқы саясаты бұл ұйымның құрылуына мәжбүр қылған басты факторлардың бірі сияқты. Ал Шанхай Ұйымының өзі біртіндеп НАТО-ның Азиялық үлгісіне ай­налуы да әбден мүмкін.

Тарылып бара жатқан сақина

Жағрапиялық картаны алып, гео­саясатта «Батыс» деген жалпыла­ма атау алған НАТО мен АҚШ-тың Азия-Тынық мұхиты аймағындағы орныққан жерлерін боясақ, өте-мөте қызықты кескін аламыз. Ашып айтсақ, Еуразия төрт құбыласынан да қоршалып шығады! Батысынан – Калининград, шығысынан – Үнді мұхиты, теріскейден – Беринг бұғазынан, түстігінен – Оңтүстік Қытай Теңізінен шектелген пери­метр аламыз. Мұны кездейсоқтық деп атауға әсте болмас.

Оның үстіне, батыстан NATO «ісініп» бара жатса, оңтүстіктен, әсіресе, соңғы кездері Қытайдың территориялық дауларының маздаған отына май құйылуда. Вьетнам, Филиппин, одан қалды – екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ әбден бекіп алған Жапониямен жер дауы аймақ елдерінен етек-жеңін жинауды талап етіп отыр.

Бұл орайда Шанхай ұйымының әлемдегі геосаяси ахуалға қарай мақсаттары мен бағдары өзгеріп отыратындай әмбебаптығын та­маша стратегиялық шешім деуге толық негіз бар. Бейбіт уақытта «мәдени байланыстарды нығайту мақсатындағы шаралармен» шек­телсек, беймаза кездері – жарғыдағы «бейбітшілікті бірлесе қамтамасыз етуді» «еске ала» қоямыз. Расын айту керек, ШЫҰ халықаралық қатынастар тұрғысынан, о баста әскери қауымдастық боп құрылған NATO-дан гөрі әлдеқайда тиімді жарғының иесі. Әйтеуір, «Солтүстік Атлант» деген аймақтық шектеуі болмағасын, Иран, Үндістан, Пәкістан сияқты елдер бақылаушы болып отыр. Ал, егер аталған елдер ШЫҰ-ға мүше бола қалса – адамзаттың жартысы­нан тұратын алапат конгломерат пайда болады деген сөз.

Қазақстан мен ШЫҰ

«Мәңгі достық жоқ, мүдделер ғана бар» деп баға берілген саясат саласы кейде бірі-біріне қайшы әрекеттерге итеруі мүмкін. Ал Қазақстан сияқты сыртқы дүниемен су жолдары байланысы жоқ, аю мен аждаһаның ортасындағы ел үшін – мүдделер арасындағы «көшпенді» саясаттың тіпті өмірлік маңызы бар.

Тек қана бейбіт мақсатта, әрі қорғаныс мақсатында әрекет етуді доктрина ретінде қарастыратын Қазақстан тәуелсіздік жылдары айтарлықтай дипломатиялық жетістіктерге жетті деуге толық негіз бар. Айталық, ешкімге «жоқ» деген жоқпыз. Мысалы, 2006 жылы НАТО-мен Жеке Әріптестік Жоспар бойынша жұмыс істеуге уағдаластық. Яки, ШЫҰ-ға мүше бола тұра, басқалардан да қашпадық. Соның арқасында миллиардтық Қытаймен және 150 миллиондық Ресеймен тең сөйлесуге мүмкіндігіміз қалып отыр. Ендеше түрлі одақтар мен ұйымдарға белсене қатысатын еліміздің сыртқы саясаттағы әрекеттерін «әншейін аласұру» деу бекер болар.

Оның үстіне ШЫҰ-ға мүше елдерді сыртқы күштерден табиғи қорғаныс ретінде өңін айналды­рып пайдалануымыз – бізге әлден жемісін беруде. Айталық, Ауғанстан мәселесінде Тәжікстан, Өзбекстан территориялық тұрғыда кәдімгідей қорғаныс болып отыр. Ендеше, осы жолғы ШЫҰ Саммитінде Елбасы­мыз ұстанған іскерлік байланыстар­ды нығайту, аймақтық энергетика­ны дамыту сияқты бейбіт мәселелер линиясы, болашақта қаруды кет­пенге айналдырып, ұйымның әлеуметтік бағытын нығайта түспек. Қазақстанның Қытайдағы елшісі Нұрлан Ермекбаевтың «ШЫҰ-ға бақылаушы елдердің барлық мүмкіндіктері пайдаланылмай, олардың ұйымға қатысуы – фор­мальды түрде қалып отыр», – деп наз айтуынан, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық мәселелерді шешудегі әлеуметтік бағдар ұстанатынын айқындайды. Шынымен-ақ, әлеуметтік про­блемалары шаш-етектен ауған халқы айталық, түркімен газын өз территориясы арқылы Үнді мұхиты жағалауларына шығара алса, бейбіт өмірге алғышарттар қалыптаспас па еді? Немесе трансазиялық теміржол, көлік жолдары тартыл­са, мұндай транзит жолынан барлығымыз арзан тоқыма киер едік, қолжетімді жеміс жер едік? Ендеше, осы ШЫҰ Саммитіндегі Елбасымыз басшылыққа алған экономикалық стратегияны ең ұтымды жол дер едік. Әйтпесе бақылаушы елдерде батылдық жетпей отырғандай әсер қалып отыр. Оның үстіне, Президентіміз айтқандай, «әлем соғыстар мен төңкерістер лимитін XX ғасырда сарқып бітті». Соғыстан, ашаршылықтан, дағдарыстан барлығы шаршады десек, артық айтпаспыз. Ал бейбіт күні бітіретін шаруа әрқашан табылады.

P.S:Айтпақшы, ШЫҰ ресми сайтында Қазақстан тәуелсіздігін «1990 жылы алды» деген қате жүр екен.

Ерлан ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + 15 =